е Сатым мен Идаят Қарашаш аулына шығатын жолға түсті.
Жирен айғыр сыптай боп жаранып алған. Тек мінез-құлқы сол қалпы, сылбыр,
ынжық. Жиренді жаратқалы Сатым екі ат ауыстырып мінді. Бүгінгісі, осыдан екі-үш
күн бұрын ұсталған боз ат, жеңіл, қағілез жылқы. Қатарласып келе жатқан жирен
айғырға қайта-қайта құлағын жымитып қояды...
– Шайды апаң ауылынан ішеміз.
Бұл сөз балаға ұнаған жоқ. Атқа мінгені жаңа, шай ішкен несі? Шауып,
жарыспағалы талай күн. Бүгін бір рақаттанам ба деп келе жатса... Күн болса мынау,
әй, осы үлкендер-ай!
Жауын көп жауыпты. Кейбір жерден болмаса, аттың ізінен-ақ суылдақ көрінбеді.
Шөптің басы, сансыз көп моншақ тағып тастағандай, жылт-жылт. Боз жыңғыл
бұталары басынан торғай ұшқанда ғана селт етеді. Сонда ғана жаңағы боз шашақтар
көгеріп шыға келеді. «Бозартып көрсететін жаңбырдың суы екен ғой» – деп ойлады
Идаят. Жауыннан кейін аяғым ағарады деп, шөптің арасымен жалаң аяқ талай
жүгірген. Сонда нағып байқамаған? Қара бала қуанып кетті.
– Сәке, Сәке, анаң қарашы!
– Нені? Нені айтасың?
– Жыңғылдың басы... қараңызшы!
– Иә, жыңғыл...
– Байқадыңыз ба?
– Байқадым, жыңғыл. Оны қайтеміз?
– Көкпеңбек емес пе!
– Көктегені де.– Сатым қыңқ-қыңқ күлді. Оған анау намыстанып кетіп, қамшылар
жақтағы қабаққа өскен шоқ жыңғылды нұсқады:
– Ананы көрдіңіз бе?
– Иә, о да жыңғыл.
– Боп-боз ғой?
– Боп-боз.
– Ол неге боз?
– Бұл сауалды жыңғылдың өзіне қой!
– Жо-оқ, сіз білмедіңіз!
– Білсең өзің айт!
– Өзім айтсам, ана жыңғылдың басынан жаңа торғай ұшты.
– Ұшса ше?
– Бозарып тұрған шық төгіліп қалды. Содан ол көкпеңбек...
– Е-е-е! – деді Сатым.– Бұрылып қарап еді, жаңағы екі жыңғылдың екеуі де қалып
барады екен.
– Идаят, сен жақсы жігітсің. Әттең, миымды шұқып бітесің!
Сонсоң тебініп қап, желе жөнелді. Жирен айғыр озыңқырап кеткен боз аттың
соңынан самарқаулау шоқырақтап бара жатты...
Кемпірдің ғұмырында ауырмаған ауруларының бірі намаз болатын. Өткен
жұмадан бері сол ауру әдетке айналған. Сәрсенбі күнінің ертеңіне қараптан-қарап
отырып қартына тиісті: «Сен Құдайыңды ұмыттың, пиғылың бұзылды. Жалғыз бала
болса анау, ораза-намаз ойында жоқ, Құдайдың қара қасқасы»,– деп біраз нығарлап
ап: «Намаз оқып, тәубеңе кел, әйтпесе өзім оқимын»,– деп қорқытты. Әжекең:
«Кемпір-ау, өзің білесің, мен намаз оқып көргенім жоқ қой, жас уағымда бірдеңе
білуші едім, қазір ұмытып қалыппын». Қарт жағдайын айтып еді, кемпірі одан әрі
өршеленді. Әжекеңнің сабаққа кеще болғаны, көрінгенді мысқылдап жүріп күнәкәр
боп оқымағаны, түгел айтылды. Әбден жеңіліп, жасыған, әрі қайғылы жан, ақыры:
«Кемпір, сен сабаққа тәуір болыпсың ғой, өзің оқышы, бір үйден бір кісі оқыса
жетер»,– деп, жалынып әрең құтылған. Содан бері кемпір намаз оқиды. Идаят пен
Сатым аттанып кеткесін құманын көтеріп далаға шығып қайтты. Түгі екі қолтығының
астында ғана қалған көне, көк мақпал бешпетін кереге басынан жұлып ап, далп еткізіп
жайды. Есік түрулі-тін. «Жәйнамазының» алдына шалының ақ таяғын көлденең
тастады. Сосын бешпетінің етегін жалаң аяғының ұшымен басып тұрып, «Аллоһы
акпар, Аллоһы акпар» деп азан шақырды. Әжекең түнімен ұйықтай алмай шыққан,
енді ғана көз іліп бара жатыр еді, кемпірінің даусына басын көтерді.
– Кемпір-ау, шариғатта әйел азан шақырмайды дейді ғой, дауыстамай-ақ оқи
берсейші.– Кемпір шап ете қалды.
– Сөзін қарашы, сөзін! Құдайдың қара қасқасы, имансыз өлерсің-ау сен. Ішіңнен
ірігір, ішіңнен оқы дейді ғой... Ішімнен оқысам жаңылып қалам, жаңылып... ал! –
Айтарын айтып бітірген кісінің кейпімен намазын қайта жалғады: аллоһы акпар,
аллоһы акпар! Осы кезде Қанипаның бұқа-тайыншасы ақ шап сары құнажынға тап
берді. Құнажын, қас қылғандай жерошақта тұрған қазанның үстінен қарғып өтіп, ар
жағындағы, желідегі бұзауларды барып сүзіп-сүзіп жіберді. Бұзаулар атып-атып
түрегелді.
Кемпір:
– Әк былай, әк! Ақ шаптың бұқпақтауын! Өй, әлекпе келгір! Аллоһы акпар, аллоһы
акпар!– деді. Бұзау желісі есіктің қақ көзінде. Іргеден от. Сиырлар жайылып жүрген.
Сары құнажын желіден әрі қарай қашып шықты. Бірақ қызыл тайынша қуған жоқ. Ақ
шап сарының артынан «Ө-ө, сайқал, ө-өлмесем кө-өрермін, ө-ө, ө-ө» – деп, бір-екі рет
басынан асыра топырақ шашты да, қайтып кеп желінің ең шетіне байланған қара ала
бұзауға артылды.
– Аллоһы акпар, аллоһы акпар, өй, өлдім-ау осы қызыл иттен-ақ. Әй, Қанипа,
қарасан келсін саған, қарасан келгір, әлекпе!–Кемпір есік алдында жатқан су-ағашты
ала ұмтылды. Тайыншаның аты сиыр демесе, бір кемпірге жеткізбейтін жүйріктігі бар-
ды: дер кезінде қашып құтылды. Кемпір үйге ентігіп кірді де, намазға қайта тұрды:
– Уһ, ұршығы түскір-ай, аллоһы акпар, аллоһы акпар, уһ!– Сәждеге еңкейіп, енді
бас қоя бергенде, қайдан шыққаны белгісіз, тарғыл мысық алдын кесіп өтті. Оған
біраз сөйлеп, қарғап-сілеп алды. Жайнамазға, өзінің бешпетінің жағасына, маңдайын
екі-үш рет тигізіп-тигізіп қойып, тізерлеп отыра беріп:
– Ойбай, ұршығы құрығыр үзілді білем!–Оң иығына бұрылып,–
ассалаумағалайкүм Рахметолла,– дей берді,