– Күні ертең соғыс біткелі отыр. Тірі қалғандар елге шекпен киіп, шен тағып
оралады. Оларды көріп отырып қай сұлу қыз елдегі өзі бірге өсіп, біте қайнасқан боз
тұмсық баланы менсіне қояды? Өзің ойламайсың ба?
Сағынай ата жағынан Еділхандарға жақын туыс-ты. Қанипаға мына пікір қона
кетті. Қарашашқа тек Әжімгерейдің сөзі өтеді дегенді де сол айтты. Сағынай
аттанысымен Қанипа жүгіріп Әжімгерейдікіне барды. Кеше ғана баласынан жаман
хабар алып, қан жылап отырған қартқа батылы жетпей, іштеңе айта алмай, кемпірдің
қасында отырып-отырып кейін қайтқан. Сисенбай кеткесін Қанипа ескі шалбардың
балағына салып, екі жағын буған, шамасы төрт-бес қадақтай түйенің жүнін томаланта
ұстап үйге кірді, одан қайта далаға алып шықты. Көлеңкеге, жаңағы отырған жеріне
әкеліп тастай салды. Сонсоң өзі екі бүйірін таянып, тәлтиіп тұра ғап дорбаға ұзақ
қарады. Жалаң аяқ аяғын рәзен калошынан суырып ап, үлкен башпайының ұшымен
түртіп-түртіп қойды. Бүйен сықылды ұзынша дорбаның екі басы қайқаң-қайқаң етті.
Кешке дейін бұрқыратып біраз түтіп тастамақ болып, манағыдай етегін жайып отыра
қалды. Буманың бір жағын шешуге оқтала беріп айналаға көз салды: қыбыр еткен жан
жоқ. Анадай жердегі үюлі жапаның көлеңкесінде жатқан ала бұзауға көзі түсті. Ұшып
түрегеп қасына жетіп барды. Анау үркіп, атып тұрды. Шұбатылып кеткен бас-жібін
мойнына түріп, сауырына алақанымен бір салды. Бұзау сиыр шоқыраққа салып, он
қадамдай жерге қайырылып тұра қалды.
Қанипа жұдырығын түйіп:
– Жайылсаңшы, әлекпе келгір, жайыл,– деді. Хайуан да болса иесінің өзіне
жамандық ойлап тұрмағанын түсінді ме, ала бұзау алдындағы ақ тікеннің бұтасына
ілініп қалған бір жапырақ қара шүберекті тілімен жалап, сәл тұрды да, жеп қойды.
– Өй, жалмауыз,– деді Қанипа,– жалмауыз!– Қайтып кеп жүн дорбаның қасына
тағы тоқтады. Екі жағы бірдей ауыз, қай жағын шешерін білмей дағдарады. Қар
суынан бері қарай талай шешіліп, талай байлануды басынан кешірген дорба байғұс
былқ етпей жатыр. Қыста қолын жеңіне тығып дірдектегенде: «Бәлем, жаз шықсын, он
бес қолғапты бір-ақ тоқымасам ит болып кетем» деген. Әзір ит бола қойған жоқ.
Өзіне берген сол сертін де бір сәт ұмытқан емес. Қанипа жүн түте бастағалы қашан.
Жүнді ылғи түтеді, түтеді де, бұрап-бұрап дорбасына қайта тығады. Екінші қайтып
қолына алғанша түткені ұйысып үлгереді. Қайта түтеді. Қанипа қолқабын тоқысын
деп шыққан күн батпай тұра ма, уақыт өтіп жатады. Сонымен... сонымен бумасына
тағы біраз қарап алды да, басын шайқады. Басын шайқап, бүйірін таянды. Бүйірін
таянып, тағы басын шайқады. Ақыры: «Үһ» деп дорбаны үйіне апарып тастады.
Күнбатыс арқада таяқ тастам жерде дүңкиіп тұрған үлкен киіз үйге көз тікті: үш
күн бойы ашылмаған түндіктері бүгін ашылыпты. Есікті түсіріп, ағаш салып қойыпты.
Қанипа қазандық басында төңкерулі жатқан ақ шелекті алып құбылаға – құдыққа
қарай аяңдады.
Әжекең үйінен шығып арқаға беттеді. Анадай жерге барып, айналып, артына
бұрылды. Тізесінен төмен түсетін жұқа, қоңыр жолақ бешпетінің алдыңғы екі етегінің
ұшын қайырып белбеуіне қыстырды. Қолындағы ақ таяғын беліне ұстап, шайқала
басып барып Ашаққа шығатын жалғыз аяқ жолға түсті. Бұрын да емескі, суыртпақ
жол тарылып, жіңішкеріп кетіпті: мінбелей сұғына өскен жусан мен ебелек қысып,
кейбір тұстарын үзіп тұр. Мезгілінен бұрын отайған жер бұғып, бөгіп қапты.
Қыстаудың желкесіндегі қоңырдан шыға бергенде артынан арсалаңдап қызыл ит қуып
жетті. Тілі салақтап алға түсіп еді, қарт: «Кет»,– деп жекірді. Таяғын сілтеп жасқады.
Қорашыл не болғанына түсіне алмай аңырды. «Кет! Кет!»,– деді иесі. Жарайды,
сыбағаңа ортақ болмай-ақ қояйын дегендей, бұрылып ап кейін салды. Қоңырдың қақ
ортасында шошайып саршұнақ отыр. Қып-қысқа екі алдыңғы аяғын көтеріп,
шаншылып апты. Ит тұра ұмтылды. Анау қозғалмайды, Арада бір-ақ секірім жер
қалғанда, саршұнақ тоңқаң етіп ініне кіріп кетті. Қорашыл әр шөптің түбін бір иіскеп,
қаңғырып қалды. Сонсоң осынау алдамшы дүниенің бір бұтасына жанай беріп...
Әжімгерей аяңдап отырып Ашақ моласының басынан бір-ақ шықты. Айнала боз
жусан мен көкпеңбек бұйырғын, сораң шағырдың ортасында арса-арса боп қурап
тұрған тас молалар тым жүдеу, қайғылы. Қарт асықпай, қырық қадам қашықтан
айналып көрді. Қорған салынбаған, бір-екі лақат үңірейіп, ойылып ішіне түсіпті.
Қуантайдың топырағын шөп басып барады екен. Басына шанышқан сайғақағаш күнге
оңып үлгерген, әппақ. Ортадағы қажының моласы аталатын биік, төрт құлақты
бейіттің құбыла жақ бұрышы қап-қара боп, ұзыннан-ұзақ жарылыпты. Аяқ
жағындағы бір құлағының басында екі көзі тосырайып, мысықтай сұр байғыз отыр.
Арқа шеттегі ескі қорғандардың бірінен баж-баж етіп таласқан жабайы мысықтардың
даусы естілді. Одан ортаға таман, әбден шөгіп біткен шеген моланың қасында
қураған бас-сүйек. Екі көзі үңірейіп жатыр. Назары қайтадан Қуантай топырағына
ауды. Моп-момақан саз томпиып сыр ашар емес. Қайтадан жаңағы шеген молаға
бұрылды... «Осы кімнің бейіті еді, жаным-ау?» Әжекең өзі көрген, жерлегенде ішінде
болған адамдарын