ойнақшып, бір нәрсеге тоқтап қарай алмайтынын... сұлу жігіт еді. Қас сияқты, қиылған
қара мұрты болатын. Онысы жайшылықта қою көрінгенімен, күлгенде селдіреп, сиреп
кететін... Қыршын өлді. Неден өліп еді?»– қарт есіне түсіре бастады: «Ие... ие! Бір
сұлу әйелдің төсегінде қаза тауыпты. Жатқан жерінде... ана әйелдің күйеуі келіп қап...
сол өлтірді десетін.» Осы кезде Қуантай қабірінің құбыла жақ қабырғасынан екі көр
тышқан бірін-бірі қуып жүгіріп шықты. Әжімгерейге қарап шиқ-шиқ етті де жүгіріп
індеріне кіріп жоғалды. Қарт көзін тайдырып әкетті. Бірғали бейітіне тағы қарады.
Жаңағы аппақ қу бас бір түрлі көгіс, сұсты көрінді. Үңірейген көз ұңғысының түбінде
бірдеңе жылт-жылт етіп ойнақшыған сияқтанды. Әлденендей бір сиқыр жанар мұны
арбап, ымдап шақыратындай. Бесіндіктен төмендеген күн қарттың көлеңкесін сол қу
басқа түсіріпті. Жалма-жан білген аятын оқыды, бетін сипап тұрып жүре берді. Желке
тұсы мұздап бара жатқан сияқтанды. Бет-аузы ағыл-тегіл боп, көзіне тер құйылған
сайын, арқасын аяз қарыды. Екі жауырының ортасынан атқан сол суық, өкшелеп
қуған әлдекімнің алқына алған демі сықылды. Қарт артына қарамауға тырысты. Сиыр
тұяғының сыртылына ұқсас бір дыбыс шығады. Жаңағы қу бас қалған сүйектерін
жинап ап, мұның соңына түскендей. Екі қара саны үзіліп барады. Аяқтарының басына
тас байлап қойғандай, алдыртпайды: қайықтай былғары кебісінің ішіне құм толыпты.
Шешіп, құмын қағып қайта киейін десе, анау артындағы... үстіне құлай кететіндей...
жантақ үрпектің құбыла бауырында жайылып тұрған түйеге әрең жетті. Қара қайыс
терісіне бозамықтанып түк жүгіріпті. Бұйдасын шешіп ап шөгірді. Қара інгенге мініп
алғасын барып, уһ деп демін алды. Бірақ жауырынынан ызғар кетер емес... «қайдан
шықса одан шықсын, болары болсыншы» деген жанқиярлықпен артына... жалт
қарады: арқа жақтан туырлықтай қара бұлт шығып, тез көтеріліп келеді екен.
...Қарт үйіне қаусап, шаршап келді. Сақал-Сатым мен Идаят аттарын суытысып
жүрген. Келін сиыр сауып жатыр. Есік алдында батар күнге қарап ұршығын иіріп
тұрған кемпір кінәлай тіл қатты.
– Қайда кеттің, қара қасқа... кешіктің ғой?
Әжекең үндемеді. Түйесін шөгеріп байлап үйге кірді. Түндік ашық болғанымен,
үйдің іші ала көлеңке. Күн сәулесі шаңырақтың тоғынында ғана қызарады. Көп
ұзамай сырттағылар түгел жиналды. Жарқырап тұратын зор сары самаурынның
орнына қойылған қара шәйнек тым ұсқынсыз, жапырық. «Өткендегі оқиғадан кейін үй
іші сұрқай, айрықша жүдеу. Үйдегілер жапай көңілсіз, қаралы. Ешкімнің ештеңге
зауқы жоқ. Бұрын асыр салып ойнап, шулап отыратын балалар да тым-тырыс.
Әркімнің бетіне жаутаң-жаутаң қарасады. Ешқайсысы қыңқ етпейді. Алдарындағы
астарын да, біреуден ұрлап әкелгендей батпай, жасқана ішеді.
Осы кезде манағы Ашақ жақтан шыққан қара бұлт та аспанды түгел жауып алған-
ды. Туырлықтың артқы қанаты қомп-қомп етті. Түйе пысқырды.
– Күн жауып келеді, тезектерің су болып қалмасын!– Келін қазан-аяқ жақ іргеде
жатқан екі қара ала қап пен түйенің жабуын алып сыртқа жүгірді. Жабу мен екі қап
бір үйім тезектің жел жағына ғана жетті. Жел ұшырып әкетпес үшін үстіне екі үлкен
табаны төңкере салды. Қайтып кеп түндікті жауып, бауын байлады. Желі, көген жақты
бір шолып, үйге енді. Шам жағып ортаға қойды. Жаңбыр жауды. Тіл қатқан Сақал-
Сатым болды:
– Қанипа қызыңыз келін алғысы келеді...
– Иә? Алса қайт дейсің, алсын!
– Құда түсуге...– Сатым тоқталыңқырап барып,– құда түсуге өзіңізді қалайды,–
деді.
– Немене, сонда... мені айттыра ма?
– Жо-оқ, сізге айтсын дейді.
– Кімге айтам?
– Азамат қатынға: (Қарашашты ол осылай атайтын) Талжібекті келін етпек. Сізге
айт деп өтінгесін... көңілін қимай... Қарт Сатымның бетіне үңіле, сынай қарайды:
– Әнеукүні, сәрсенбі күні неге айтпады екен? Кешігіпті ғой. Сатым:
– Айт деп жалынып қоймайды... Шыдаса да болатын еді,– деп ақталды.
– Шыдап, неге шыдасын, тірі кісі шыдай ма. Менің қайғым кімге дәрі. Жұрт қызық
көргісі келеді. Қайтсын енді,– Әжекең бүкіл денесімен Сатымға бұрылды.– Қанипа
мені жұмсаса, мен сені жұмсайын. Қарашашқа сен бар. Тентек болғанмен есті тентек
қой, сөзіңді тастамас. Біздің Еділхан бала кімнен кем. Қызының теңі, өзі оқыған.
– Айтасыз-ау Әжеке, ол мені тыңдамас!
– Неге тыңдамасын, тыңдайды. Бедел десе – бетің бар, сана десе – Сақалың бар.
Сатым күліп жіберді. Манадан бері екеуінің аузына кезек қарап отырған балалар,
сөздерінің мәнін ұқпаса да, Сатымның жүзінен күлкі көргесін, жандарын жанышқан
зіл-батпан тас ауып түскендей, шу күлді. Әр қайсысы бірдеңе айтып қалуға тырысып,
жарыса жамырап бара жатыр еді, кемпір:
– Қойыңдар түге, неге жетісіп отырсыңдар,–деп зекіп тастады. Қарт күрсініп
қойды:
– Ее-ей, балапандарым-ай, қасірет сендердікі ғой, бізді қойшы!
Сонсоң балаларды кезек-кезек шақырып алдына алып, арқаларынан қағып
еркелетті. Ордада тұрған аяқты ондық шам кең үйді жарық қып жарытпайды. Қатты
киізге тиген тамшылар тысыр-тысыр етеді. Жаңбыр жауып тұр...
Ертеңіне, күн көтеріл