ім ондай іштеңе айтпады. «Әлде керой деген онша қадірлі ат емес пе екен?
Мейлі керой болмай-ақ жәй, хабар келгеніне де той жасауға, қуануға хақым бар ғой»
деп ойлады қарт. Қонақтардың қабағында түсініксіз бір кірбің барын үйдегілер түгел
аңғарды. Мұны жол соққандық, құм жүргіншісінің байырғы селқостығы деп білді.
Ашығып, шаршап келдіге жорып, асты-шайды тездетуге жұмылды. Темірәлінің
көңілсіздігін Әжекең өзінше жорыды. Биылғы колхоз малының шығыны, өзінің етегіне
ілескен түрлі түсті сөз, ақыры, кешегі Мәруә мәселесі... бәрін қосқанда бір кісінің
қабағын кірбитуге жарайтын. Келгендер бір-біріне қарап қозғалақтай береді.
Әжімгерей майдан жақта бір жағдайсыздық боп қалмады ма екен, ең көп білетіні осы
шығар деген оймен сөзін секретарь әйелге бағыштады.
– Жоғарғы жақтан не хабар бар, шырақ, біз қашан жеңеді екенбіз?– Секретарь
сәбетке қарады, сәбет жанындағы бұл үйге бейтаныс жігітке сен айт дегендей етіп:
– Әжеке, бұ кісі аудандық «Социалистік жол» кәзетін жазатын кісі, жоғарғы жақтың
жаңалығын осы біледі,– деді. Анау шалқайыңқырай беріп тамағын кенеді.
Жұдырықтай жұтқыншағын, қос аяқ жұтып отырған кісіше, әрлі-берлі бұлтылдатып
алды:
– Да, обшым жағдай өте жақсы. Қаһарман Қызыл Армияның алғы тобы Берлин
үшін ұрыс салуда. Жан қиярлықпен соғысқан біздің Н., П. құсаған ардагер, абзал
жандарға Совет Одағының батыры атағы берілді. Ұлы орыс халқының жеңімпаз...–
Темірәлі газетшінің сөзін бөліп жіберді.
– Әжекең о жағын сұрап отырған жоқ қой.
Анау тағы бірдеңе айтқалы оқтала беріп еді, Еділхан құман шылапшын алып кіріп,
қонақтардың қолдарына су құя бастады. Отырғандардың назары өзінен ауып кеткенін
сезіп тілші жұтқыншағын тағы бір бұлтың еткізді де, тына қойды. Келгендердің
қабағы әсер етті ме жаңағы дулап отырған үй-іші басылып қалды. Ас үстінде ішкім тіс
жарып, тіл қатқан жоқ. Ас жеп, дастарқан жиналғасын ғана Әжекең:
– Былтырғы Темірәліні мақтап жазған сен емессің бе?– деп сұрады.
– Болсақ болармыз... Иә, мен! – Сөйдеді де, мені дұрыстап көріп алыңдар, қолыма
бір іліксеңдер бәріңді де басқарма етіп жіберем дегендей, отырғандарға жағалай
қарап шықты. Сосын қомданып, екі қолымен екі мықынын таянғанда тура «ф» әрпінен
аумай қалды. Әжімгерей, әңгіме болмаса әзіл болар деген шыраймен:
– Шырақ, мені де кәзит етіп жазсайшы. Құшақтасып-құшақтасып түскен сүгіреттер
шығып жатады ғой. Мына шешең екеуміз қолтықтасып отырып бір шықсақ деп едік.
Баламыз керой болды деп жатыр, және...
– Жоқ оған болмайды, ақсақал,–деді тілші қарттың сөзін беліп,– оның үстіне
балаңыздың герой болғаны... деп келе жатыр еді, Өтеген сәбет:
– Тоқтай тұрыңыз!– деді. Қонақтар қатты абыржыды. Бір-біріне қарасып, бәрі де
әлденеден қысылған, қобалжыған ыңғай көрсетті. Темірәлі үйдің ішін түгел шолып
өтіп, Әжімгерейге тоқталды:
– Әжеке,– деді – Әжеке! Қуантай қарт екеуіңіз осы елдің екі серкесі едіңіздер.
Беттеріңізден ұят, белдеулеріңізден ат кеткен жоқ еді... Өзіңіз білесіз сіз бен біз аса
қиын жағдайды бастан кешіріп келеміз. (Үйдегілер аңырып-аңырып отыр. Тым-
тырыс). ...Сіз де жалғыз азаматыңызды ел үшін жібердіңіз майданға.
Кемпір:
– А-а-аа? Не дейді тағы!– деді.
– Біз жеңіп барамыз дейміз. Бұл жеңіс бізге аса қымбатқа түсіп тұр. Ел беделін,
топырақ намысын қорғау арзанға түсуші ме еді! Қазір сіз бен біз отырған осы жердің
өзінде өткен ата-бабаларымыздың талайының сүйегі жатқан шығар.– Қазан аяқ
жақтағы биік қара күбіге сүйеніп тұрған бір әйел аяғының астына шошына қарады.
Таудай Әжекең көз көре аласарып, шөгіп бара жатты.– Қан тамбаған топырақты
қорқақ жұрт қана мекендер болар! Совет елі атанған үлкен елдің бұл уақытта қан
тимеген қиқымы да болмас! Осындай ұлы қырғын соғысқа қай ата-ана перзентін
өлімге қиғандықтан жібереді. Сіз де қиған жоқсыз. Қимасыңды алатын соғыс бұл! Сол
қимай аттандырған жалғыз азаматыңыз ел абройын қорғау жолында мерт болыпты,
берік болыңыз, Әжеке, бала-шаға, келін-кепшігіңізге қуат, тірек болыңыз! – деп
тоқтады. Үйдің іші күңіреніп, шайқалып кетті. Қарт сол шөккен күйінде шөгіп отырып
қалды. Қызыл сары жүзі күл сепкендей, көк сұрланып, қуарып алыпты.
Кемпір:
– Жасаған-ай!.. жалғызым-ай!.. Бір көрінбей көзіме қалғаның ба со жақта...
Қураған қу Ашақтың... жел жағына қалдырып... алжыған әке-шешеңді... осы ма еді
баққаның...– деп аңырады. Келін жұртқа сыртын беріп отыр. Екі иығы дір-дір. Жұрт
түгел бұзылды. Еркектер жағы дыбыстарын шығармай орамалдарымен көздерін
сүртіседі. Кім не деп жұбату айтарын білмеді. Тек тілші жігіт қана әдебиет пен
журналистикада жаңадан бір жанр ашқандай:
– Естірту деген осындай болады екен ғой,– деп күбірлеп, қойын дәптеріне әлденені
асығыс жазып-жазып алды. Қарт көз жасын сүрте отырып:
– Апырай, дастарқанымды тойына жайдым ба десем, қарасына жайған екенмін ғой.
Жаңа ғана той еді, енді міне, қаза, қасірет! Әй, сайқымазақ өмір-ай! – деп күйзелді.
Тем-ақаң қалтасынан өткендегі қызғылт, сорғыш түстес конвертті алып, «тілші
жолдасқа» ұсынды. Тілші қағазбен көп жұмыс істеп, әбден дағдыланған кісінің
жы