лдам, епсекті қолымен, конвертті ашып жіберді, ішінен екі бүктелген, төрт
бұрышты, тасқа басылған қағазды суырып ап, «Слава павшим героям!» – деді. Бұл
газеттің жоғарғы бұрышындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!»
сықылды ұран сөздер боп шықты. Хат «Дорогие родители!» деп басталыпты,
«Командование Н-ской части с глубоким прискорбием извещает, что ваш сын
Алжанов Садыкжан пал смертью храбрых в бою за свободу и независимости нашей
Великой Родины». Ең соңына: «Смерть фашистским захватчикам!!!» – деп, үш бірдей
леп белгісін қойыпты. Еділхан енді түсінді, өткенде конверттің сыртынан өзі оқыған:
«Слава... героям!» дегендегі «Славадан» кейінгі өшіп қалған «павшим» – ең қасіретті
сөз екен. Өзінің хат мәнін қате ұғынуына себеп болған сол «павшим»-ның өшіп
қалғандығы-тын. Сауатының жұрт ойлағандай мықты емес екенін, ғұмырында
тұңғыш рет құлай мойындап, жасып қалды. Көкейінің белгісіз бір түкпірінен пайда
болған ыстық леп тұла бойын, бетін, құлағының ұшына дейін жалап, шарпып өтті.
Бұл Еділханның есейгелі бірінші рет шын қысылып, шын ұялғаны...
– «Өліміңді кім естіртсе, дұшпаның сол» деуші еді Әжеке. Бұл хабарды жеткізу
маған да оңай соққан жоқ. Бір күн де болса қуандырмады-ау, өтірік те болса
жақсылықты бір күнше қиса нетті деп сөкпеңіз, жаманат жата ма, ұзын құлақтан естіп
қояр ма деп қорқып, ат мінген азамат атымыз болғасын жиналып келіп едік,– деді
Темірәлі...
Аттандыра шыққан Сақал-Сатымға басқарма:
– Ертең май тойы деген күні кешке біздікіне келіңдер. Кемпір-шалды қалай да
көндіріп ала кел. Келіні жұмысқа бармай-ақ қойсын. Күзге дейін үйінде болып, шай-
суларын қайнатып берсін,– деп тапсырды. Сатым, Қарашаш қызымен бүгінше осында
қалды, басқалары үйді-үйіне қайтысты.

* * *
Темірәлі Ақжонас жақтан көңілді оралған-ды. Мал төлдеп бола келіпті, шығын
жоқ, шөптің бас тартысы жаман емес. Шаруа баққан кісіге бұдан өзге не керек.
Аудандық газеттің тілшісін үйіне ертіп келді. Шешініп жайғасқан соң тілшіден:
– Қалай, жолдас, біздің шаруашылық? – деп сұрады. Сұрауын сұрағанмен, өз
сұрағы өзіне ерсі естілді. Қыста өлген малдардың өлімтігі шіріп үлгермей жатып,
төрт құбыласы тең кісі құсап сөйлегені... Биыл қыстағы басқармалығы үшін кімнен не
мақтау күтеді? Осы бір аузы құрғыр-ай, жағыңды сәл бос ұстасаң бірдеңені аңқ еткізіп
айта салады,– деп өкінді. Бір тәуірі, тілші онысын елемепті, қайта жасы үлкен
адамның өзінен баға, пікір сұрағанына ырза боп, әрі аудан адамының, үлкен жер
өкілінің деңгейінен көрінуге тырысып:
– Халықтың еңбегі – қаһармандық еңбек қой, аброй-атақ әперетін адамдарымыз
бар екен. Тек, киім-кешек, төсек-орындары жалба-жұлба жыртық, кір, лас,– деді.
Темірәлі жұлып алғандай жармаса кетті.
– Е, міне, міне! Жаз осыны! Жұрт тұттай жалаңаш. Бізге мата керек.
– Әңгіме матада емес, мәдениетте. Халықтың рухани мәдениетін көтерген абзал!
– Сонда не істейміз ?
– Кейбір үйлер газетке жазылмайды екен. Демек, газет оқымайды. От, содан
мәдениетсіз. Бәрі бір кісідей жұмылып газет оқысын!

– Жарайды. Казитке жаздыртамыз. Ол кәзит бізге көйлек бола ма?
– Тілші мына сөзге шамданып қалды:
– Сіздің олай айтуға хақыңыз жоқ!
– Енді қалай айтам! Бізге мата керек, мата! – Алақанына анау бірдеңе сала
қоятындай-ақ, қолын жайды.
– Мен мата жоқ деп жаза алмаймын!
– Неге жаза алмайсың?
– Сол. Жаза алмаймын. Мата жоқ деп мақала жазсам, ол біздің жауларымыздың
қолына түссе... Совет үкіметінде мата жоқ, деп шулап жатса... масқара емес пе?! Одан
да халықтың мәдениетін көтеріңіз, кірін жусын!
– Сенің сәбет үкіметіндегі шаруаң не? «Жаңа өмір» колхозы деп жаз! «Кірін
жусын» дейсің,– Темірәлі мырс етті,– кір мен жыртық ағайынды зат, жыртық жүрген
жерде кір де жүреді!
– «Жаңа өмір» колхозы деп жаз дейсіз, «Жаңа өмір» колхозы Совет өкіметі емес
пе? Колхозшыларыңыздың рухани мәдениетін көтерудің орнына, отырып алып дау
соғасыз... Өзіңіз түсінбейсіз де...– ірге жағына қарап күбірлеп,– қайра-ан қараңғылық-
ай!– деді анау. Темірәлінің құлағы жақсы еститін, тілшінің сөзі тікендей тиді. Бірақ өз
үйінде отырғаны есіне түсіп, әрі жас та болса жоғарыдан келген адам болғандықтан,
сыпайылық жасады:
– Қой, шырағым. Онан да қолыңды жу, шай ішеміз. Бұл мәселені сен екеуміз шеше
алмайды екенбіз, әуре болмайық! Әйтпесе...
Сафиолла (тілшінің аты солай болатын) Тем-ақаңа аңырайып бір сәт қарап қалды,
ақыры амал жоқ, соның айтқанын істеп, шәйға отырды...

* * *
Сол оқиғадан кейін төрт күн өткен соң Қанипа қыстауының көлеңкесінде Сисенбай
қартпен әңгімелесіп отырды. Сисенбай қамшысының сабымен ауық-ауық етігінің
тақасын тық-тық ұрып қояды. Аса бір маңызды ой ойлап, басы қатқан кісінің кейпін
көрсетеді, мезгіл-мезгіл: «һімм... солай ғой... қиындау екен...һімм» деп, басын не
шайқағаны, не изегені белгісіз ғып бір қызық қимыл жасайды. Мойны қалтаңдаған
сайын кірпігін жыпың-жыпың қағады. Қанипа сары бөз көйлегінің кең, мол етегін
жайып салып жүн түтеді. Аузы қанша тез сөйлесе қолы сонша: екі ерін мен екі қол
жылдамдық жарыстырып