– Шал-ау, әлгі хатты неге алып қалмадық, неге бердік,– деді.
– Әй, кемпірім-ай, сен не білесің. Керой деген көпке ортақ. Бізден басқалар да
білсін. Басқарма алдымен өзіме әкел депті ғой. Жиналысында жария ететін шығар,
етсін, Екеумізге содан соңғысы да жетер. Бүрсүгіні той жасаймыз, одан да соған
дайындал,– қарт сәл ойланып қалды.
11
Идаят жирен айғырға әбден бауыр басып алған. «Тақымымды кереді, жирен айғыр
жуан» дегенді қазір айтпайды. Кез-келген жерде түсіп-міне береді. Ылғи да аяғы
үзеңгіге жетпей тырбаңдап жататын кішкене иесіне жирен де үйреніпті. Қашан үстіне
шығып, «түшу!» дегенше бүлк етпейді. Бала айғырдың осы қылығын-ақ ұнатады.
Үйге қарыны ашқанда ғана кіріп, қалған уақытта атының қасынан аттап шыққысы
жоқ. Қолына көйлектің жеңі, шалбардың балағы сықылды ескі-құсқы шүберектер
түссе, жалма-жан ат қазыққа жүгіреді: бойы жеткен жеріне шейін аттың терін үгеді,
сипайды, баптайды. Кей күні суып тұрған айғырдың үстіне теріс қарап мініп ап,
сауырын ысқылап жатады. Мұндайын Сатым көрсе, әрине, ұрсады. Өзі құрбылас
балалардың аттарын атап, «бәйгеге сені емес, пәленді мінгізем» деп қорқытады. Қара
бала екіншілей суып тұрған атқа мінбеске ант береді. Бірде Идаят таңға жақын оянып,
далаға шығып кетеді. Әншейінде жұлқылағанда әзер тұратын баланың мына
қылығынан секем алып, ояу жатқан Сатым артынан ере шығады. Жирен айғыр
Идаятты көріп оқыранып қоя береді. Идаят қос уыс сұлыбас пішенді апарып алдына
салады. Ат бегі баланың бұ қылығына шынымен ренжиді: көкесіне айтпақ болады.
Бірақ айтпайды. Бала кейін ондай «ұрлығын» қойды. Өзі соңғы кезде Сақал-Сатымды
да аса жақын көріп кеткен. Сатым қауғадай сақалына қарамастан мұнымен тең
адамша сөйлеседі, ақылын айтып қана қоймай, ақылдасады. «Идаят бүгін дем алсақ
қайтеді?» «Идаят, бүгін пәлен ауылға түстеніп шықсақ не ғылады?» дегенде беті
шымыр етпейді. Әсіресе, бұл шынашақтай боп «Сәке!» десе, «Әу» дейтінін қайтерсің!
«Әй, осы үлкендердің ішінде де тәуірлері болады-ау» деп ойлайтын.
Идаят бүгін де сол жирен айғырды сипалақтап, сүртіп, шұқып жүрген. Тойға
жиналған жұрт көрсін! «Япырай, мына баланың атқа баптысын қарашы!.. Өзі, тіпті,
жігіт боп өсіп кетіпті ғой» десін...
Әжекең алдыңғы күні белгілеген жеріне жеті қанат үлкен үй тіктірген-ді. Айнала
кілкіген көк шөп. Есік алдындағы ұзынша, көлденең сайдың екі-үш тұсына жер ошақ
қазылып, қазан асылыпты. Қазан басы сайын екі-үш әйел. Ауық-ауық беттерін
шымшысып, ауыздарын басысады. Әжімгерей мен Сақал-Сатым екеуі үйдің батыс
жағындағы кішкене төмпешікке шығып тұр. Бүұл екеуінен басқа еркек атаулыдан
Еділхан мен Сисенбай ғана: қолдарында бір-бір балта, самаурынға ағаш жарады.
Күнбатыс жақтағы қияқ үрпектің құбыла бауырында үш-төрт ертті ат тұсауымен
шапшып жайылады. Сақал-Сатым бір сәтте:
– Қонағымыз осы ғой енді? – деді.
– Аяқ жетер жердегісі түгел. Ел де сирек қой. Басқарманы шақыртып кеше
Еділханды жіберіп едім, Ақжонасқа кетіпті дейді. Келсе келіп қалар.
Екеуі жаймен теңселе басып келіп үйге кірді. Көп күттірмей дастарқан жайылып,
шай келді. Сонымен Идаятты қосып есептегенде, бес еркек, Талжібекті қоспағанда,
тоғыз әйел, осы үйдің үш кішкене қызы түгел отырып шай ішті. «Жер қара, күн жылы
ғой, естігендер шақыртпай-ақ келер, ас жетерлік болсын». Осыны қайта-қайта
пысықтап жүріп, Әжекең ас-суды да, орынды да мол қамдатқан. Бірақ келген адам көп
болмады. Үлкен үйдің бір бүйірінде, қаптың бұрышына түскен асық құсап, бір уыс
боп отыр. Әркім естіген-білген күлкілі жайларын әңгіме ғып ортаға салады. Нағыз
ештеңе тауып айта алмайтындары бағып жүрген сиыр, қойларының мінез-құлықтарын
сөз етіседі. Әрі биылғы көктемнің киіз үйінде ішіліп отырған бірінші шай, әрі тойдың
шайы болғандықтан жұрт барынша көңілді, сергек. Дегенмен, үй иесі жартылай бос
тұрған төріне, төсегіне қарап, тап бұ жиынға көңілі пәлендей толып отырмағанын
жасыра алмады. Дәл осы сәтте шәйін жұрттан бұрын ішіп болып тысқа шыққан шөтке
қара үйдің сыртынан:
– Көке, мына жақтан төрт аттылы кісі келе жатыр,– деп дауыстады.
– Қай жақтан?
– Ақсор жақтан.
Әжекең тас аяғын төңкере салып сыртқа ұмтылды. Артынан қалған еркектер де ере
шықты. Төрт аттылы желе жортып келіп қалды. Бұлар ат қазыққа жеткенше аналар да
үлгерді. Әжімгерей Темірәлі мен Өтеген, сәбетті танып, қуанып кетті. Жастау әйел
колхоздың секретары боп шықты. Сегіз сай көк кәртозының оң жақ самайынан кекілін
бұрап-бұрап шығарып қойған жұқалау, шегір көз жігітті танымады.
– Азаматтар, қош келдіңдер!– Қарт жарқырай қарсы алды.
– Қош уақытта болыңыз, Әжеке,– деді сәбет. Қалғандары іштеңе деген жоқ. Үй иесі
кеше кеңсеге әдейі кісі жіберіп шақыртқанын, жұмсаған баласының ешкімді таба
алмай қайтқанын, бүгін таңертеңнен бері күтіп отырғанын сыртта-ақ айтып бітіріп,
түсірулі киіз есікті көтеріп ашты, қонақтар үйге кірді. Темірәлі төрге жайғасып жатып:
– Құтты қонысыңыз болсын, Әжеке,– деді. Әжімгерей «тойыңыз тойға ұлассын,
балаңыздың мерейі үстем болсын» сықылды сөздерді бұлардың аузынан қанша күтсе
де, ешк