ағы! Алпыс екі тамырың түгел құрысып қалады сонда!
– Ешкімге айтпа, танысым – іскладта. Мен айтсам ол бәрін істейді. Түнде...– анау
тыңдамайды, күйеуін біржола сілейтпей тынар емес:
–...Әйтпесе немене? Өзі складта істейді. Қарайған дүние қолында тұрғанда, қара
шешек кағып кеткір сүмсік маған, қатын-баласына түк қайыры жоқ. Сабын екеш
сабынды да, осы балшықта өзім, табаным шылқылдап, жаяу тасимын. Менен басқа
қатын онымен бар ғой, бір күн тұрмайды. Сорыма тап келді ғой, сорыма!
– Мен дегенде ештеңе аямайды жаны қалмайды бишараның. Мына етікті жалғыз
осы деп берді. Білем оны, тап десем – жерден қазса да табады!
– Сорыма, ішіп алса әкіреңдейтінін қайтерсің! Нан жегізгенін міндет қылады.
Кім қатын-баласын аштан өлтіріп атыр? Қайыршы да асырайды. Оңбаған, сол,
оңбаған!
– Тап десем табады ол. Тарығып жүр екенсің, тапсырып көрейін. Ақысына не
бересің?
Манадан бергі сөз құлағына жаңа жетті білем, анау:
– Етік тауып бересің бе?– деп қуана, сол қуанышынан өзі шошына сұрады.
– Табам дедім ғой!
– Сөйтші, зекетің болайын!
– Ақысына не бересің?
– А-аа? Ақысына ма?
– Иә.
– Не сұрайсың?
– Жан адамға тісіңнен шығармасаң болды.
– Нені?
– Менің танысым бар екенін.
– Сол-ақ па?
– Сол-ақ.
– Өй, қағынып кет! Қағынып кеткір!– Екі әйел енді ғана ажыраса берген,
бүкіл Қанішкенге біткен екі полуторканың бірі дәл раймагтың алдына кеп, батып
қалды. Артқы доңғалақ айналған сайын айнала батпақ шашырайды.
– Үстімізді бүлдірді-ау, қағынғыр!..
.. Іңір шайын құйып отырып, манағы, қолтығына сабын қысқан әйел «шірік»
күйеуінің бетіне жалтақ-жалтақ қарай берді. Өйткені ішіне сыймаған бір жаңалығы
бар-ды, ақыры, соны айтып тынды:
– Әлгі, арғы беттегі нәлөгобай әгит ноғай ше, соның қатыны беті күйгеннің
тамыр еркегі складта істейді екен, сол маған ертең судай жаңа рәзен етік таптырып
беретін болды.
Күйеуі, аудандық қойманың меңгерушісі Сапабек мырс етіп, сырт айналды...

6
Дәл осы күні қырда, «Жанаөмір» колхозынын кеңсесінде мынадай оқиға болды.
Ортаңғы есік ашық еді. Ана жақтан Дәмелінің түбіт шәлі жамылған бір иығы
көрінді. Иық қозғалған сайын есеп-шот сыртылдайды. Сонсоң, бұзық қаламұштың
қағазды тырнай, кеміре жорғалаған жағымсыз дыбысы естіледі.
Басқарма оң жақ қабырғаға тағы бір көз тастады да, орнынан тұрды. Дүңк-дүңк
басып барып, есікті жапты. Екі қолын кәлифе шалбарының қалтасына сала, сол
аяғының басын аударып-төңкеріп, жұқа, хром етігін кызықтады. Қарсы бұрышқа,
еденге шешкен рәзен калошын қолына алып, ішіне үңілді: түгі қып-қызыл, әлі
жапырылып үлгірмепті. Ішінен: «мме-ее, мақпал сияқты екен» деді. Біреуінің
тұмсығына, қайдан, қалай тамғаны белгісіз, лай тамыпты. Жана газеттер столында
жатқан, бірінің шетінен сыр еткізіп жыртып ап, тіліне сүйкеді, сонсоң дәл сол
жерімен калошындагы саз дағын сүртіп тастады. Қайдағының қайдан жұғатынын
кім біледі. Бүгін ғана киіп шыққан. Қалай жұқтырды? Калошты орнына қойып,
ілулі пальтосының көк жағасынан бір сипап, орнына келді. Отырған жоқ.
Жалпақтығы төрт елі, қалың, қоңыр былғары белбеуінің сары тоғасы төсіне шығып
кеткен, төмен қарай екі қолдап басып еді, қарыны жібермеді. Басын шайқап, кіндік
тұсын қағып-қағып алды да, белбеу тоғасының тілін бір тесік ілгері салды, кеңітті.
Түгі бүршіктеніп үлгірген көк бумәзи сырт көйлегінің етегін тізесіне таман тартып-
тартып қойды, сонсоң отыра ғап тың тыңдады: сырт-сырт, сырт-сырт. Минут сайын
қарайды: сол баяғы сырт-сырт, сырт-сырт, жаңылмайды. Аудан: «1946–47 жж.
қыстан мал басын аман-есен алып шыққаны үшін» осы сағатты сыйлаған. Содан
кейін басқарма тіпті өсті. Қазандықтың мойнына қойылған шикі қамыр құсап ашып,
күмпиіп кетті. Сағаттың бұ қабырғаға ілінгеніне он күн, әлі қызығы басылмайды,
Алғашқы күні біреу жағынбақ боп жақпай қалды: «Беке, бұл Сізге еңбегіңізге
берілген мүлік қой, үйге, жеңгейдің төріне ілсеңізші?!» Бекесінің желкесі қызарды.
Таңдайын тық еткізді: «мме-ее, сен жолдас дұрыс айтпадың!» деді. Сондай сәтті
аңдып жүретін Сағынай іліп әкетті: «Жоқ, ол болмайды. Бекең басшы адам,
кабинеті бар. Бұ сағат – үлкен сағат, кабинетке ылайық. Жұрт білсін Бекең
басқарған колхоздың қандай баға алғанын! Үйде тұрса – сатып алды деп ойламай
ма?– Сағынай сөзінің соңын әзілмен бітірген:
– Сен жеңгейдің төріне іл дейсің. Бұ сағат ағамызға жеңгейдің қасына жатқаны
үшін берілмеген шығар.
Бекесі қарқ-қарқ күлді. Соңын ертеңіне Ықыласов екінші, есепші әйелдер
отыратын бөлмемен аралықтағы есікті бітеуге бұйрық қылды. Кабинет деген жеке
болу керек, не ана екі әйел, Қарасев жолдастың секретары сияқты, мұның есігінің
алдында, коридорда отыруға тиіс. Есепшілер жалынып-жалпайып, күн
жылынғанша қоя тұруға әзер көндірген.– Бөлмеміз суық. Сіздің кабинеттен жылу
кеп тұрсын!– Содан бері әйелдер есікті ашып, Бекең жауып әлек. Өйткені, шоттың
тырсылы құлағына жақпайды. Ал, сағат? О-о, ол басқа және қандай сағат десеңші!
Шаруашылықты жақсы басқарғаны үшін сыйланған сағат! Сырт-сырт, сырт-сырт.
Басқарма бала мысық құсап, мойынын қисайтып ап, сағат үнін бір шекес