әрі ауыр болады, жаның қалса жарар әйтеуір,– деді. Анау мұны әуелі әзіл санап
күліп жіберді де, артынша осы сөздің айқын мағынасына жетіп, қуарып кетті.
Идаят қанша жаратпағанымен нақ осы арада Қайырболатты кәдімгідей аяды.
Онысын былай білдірген:
– Құрысын, қиыны қиын ғой. – Манадан жалпылдап, көрінген сөзге ере
шауып, кез-келген қуысқа қыстырылып отырған Қайырболаттың әлгіден кейін үні
өшті. Ана екеуінің жүзіне жалтақтап сәл кідірді. Күдік, үрей, үміт аралас тұнған
жанары жасаурап жүре берді. Идаяттың әлгі сөзін тым тосын, асығыс қабылдады.
Не мақсатпен, қалай айтқанын ұғына алмай, әр сөйлемінің астынан астар, саясат
іздеп қалған секемшіл жігітке Садықжановтың жаңағысы, шынында жұмбақ сезілді.
Қостағаны ма, кекеткені ме? Жо-жоқ, соңғысы – кекеткені болу керек. Неге екені
белгісіз, әлгінде Кемелдің әлдеқайда ауыр, әділетсіздеу тұспалына шыдаған көңілі
дереу басылып, лез шамдана қойды. «Дәл солай, кекегені. Енді Садықжановтың өзі
құсап сипаған боп осып алатын өткір, ащы бірдеңе іздеген. Артық ештеңе таппады
ма, әйтеуір біраз ызасына булыққан соң, Кемелге бұрылып:
– Бір ән қалар ма, жүз ән қалар ма, көрерміз,– деді. Қыжылды кісінің сөзі
қашан оңған, бұ да сондай орынсыз, ерсі естілді. Сонысын өзі сезгенде тіпті
ызаланды. Бассалып боқтап, не жұдырық жұмсамаса басқа амал қалмағанын
қарауыта мойындады. Кемел сергіп, серпіліп кетті. Әуелі қарқылдап тұрып күліп
алды, сонсоң қашанғысынша жолсыз тартты:
– Әй, ағатай, сол қалатын бір әніңді жаз да, тыныш тапшы, басты қатырмай!
Ендігі әңгіменің жарастығы болмасын әркім-ақ ұққан. Содан бірар минут
өткенде Қайырболат сыпайы қоштасып, есіктен шықты, ақын бірге жөнелді. Кемел
артынан иек көтеріп:
– Осыны тыңдаған сайын қайдағы бір пайдасыз мылжың жиналысқа
қатысқандай болам,– деп, шағына күбірлеген...
Жиырма күннен кейін Кемел қалалық комсомол комитетіне нұсқаушы боп
орналасты.
12
– Өкпе, жүрек, қолқа, қарын, ми… тек тірі болу үшін қанша дүние қажет!
Мұның біреуі жетпесе тірлік жоқ. Жедел жәрдем дәрігерінің қайда барса – қолында
жүретін бірінші көмек, бірінші мұқтаждық мүліктері ғана. Бұл, бәлкім, үңгірде
тұрушының тас-найза, тас-пышағы сықылды шығар. Ал, сәнді тұрмыс, ақылды
тіршілік үшін? Жеті мүшесінің түгелдігі ешқашан өмірге, тұрмысқа ең қажетті нәрсе
боп та саналмайды. Өйткені, ол өзінен өзі болатын, болуға тиісті зат болып
көрінеді. Екі аяқпен жүруге үйренгені, дағдыланғаны сонша, адам қанатты, ұшуды
көксеген жоқ па? Ақыры, оған да жетті. Бір заманда қолының тас, таяқ ұстай
алатын қабілетін байқағанда қанша қуанды екен? Сөйткен пендең қазір өзінің ет пен
сүйектен жаралғандығын бір жері ауырғанда, не тіпті өлгенде ұғынып жүрген жоқ
па? Тым алысқа тарттың дейсіз бе? Жарайды, жақындайын. Әңгіме мына сен, сенің
өзің хақында, соған бұрайық. Мәселен, сен ғой, талантыңа сенесің. Алғашқы
қауымдық құрылыста адамдар қолына, күшіне сенген. Иә, алғашқы қауымдық
құрылыста. Сен жиырмасыншы ғасырда отырсың. Сенің осы түсіне тұрып
мойындамайтының жаман. Атом соғысында шиті мылтық не бітірер еді? Талантың
сол – шиті мылтық. Бұл бір. Ертегідегі батырларды жақсы білесің. Алпамыс, Ер
Төстік, Қобыланды... Қазір солар не қирата алады! Таусоғар, Өгіз, Түйе
палуандарыңның құны бұршақ дәніндей ғана қорғасын. Осы бүгін композитор
болмай-ақ кішкене мекеменің басы болуға қанша білік, парасат керек! Сен жалаң
талантпен жақсы композитор болғың келеді? Енді қалай дейсің бе? Ол солай. Сен
әлі күнге кіммен қалай сөйлесуді білмейсің. Өмірге бейімің жоқ. Кез-келген ақымақ
түсінетін нәрсені... айта берсе көп. Мен композитормын, ән жазам, басқада шаруам
қанша. Олай өмір сүре алмайсың. Алғашқы адам қолына, күшіне сеніп, қарап
отырса аштан өлген болар еді ғой? қолы бар екенін – ұстап, күші бар екенін –
айқасып білді емес пе? – Мұның бәрі Кемелдің сөзі. О күні сонша көп сөйледі,
сынады, мінеді, жұбатты. Әрі итеріп, бері тартып, ит-ырғылжың етті. Жұртпен тіл
табысу, жұмыс істеу жоқ жерде өнерден де, өмірден де дәмеленбе! Адамдармен
қарым-қатынас жаса. Кемелдің талайдан айтып, өзінің де іштей сезе бастаған жайы.
Сонда бұл не істеуі керек? Ойлап-ойлап ештеңенің байыбына бара алмайды.
Әйтеуір Кемелдің шынымен жаны ашиды, бағалайды. Осыны талшық қып, ұйқыға
жатқан-ды.
Ертесіне көше кезді. Бір жұманың ішінде сағынып қапты. Жаңа көргендей әр
бұта, әр көрініске көз тігіп, нағыз құмар, ғашық пейілмен қызықтады. Әр сыбырға
құлақ тігіп, әр жапыраққа жалтаңдап күнді өткізді. Алдымен табиғатпен табысып
үйренейін деген кісіше, самал астынан сыр аңдыды. Көше кешегіден де әсем, көктің,
жапырақтың тығыздығынан бұта басы бұйра көрінеді. Бұлақ та бұйра. Екі жағы
бірдей күлдей боп қираған айна сынықтарына ұсаған мөлдір тасқын сырылдай
ағып, әлдеқайда кетіп жатыр. Аунап түскен әр толқын әлдене бейнені жұлып ала
қашады. Келесі минутта жаңағы алғанын жымырып, жұмарлап, сіңіріп әкетеді.
Идаяттың ойына жақындап кетсе барыңды жұлып қашқысы кеп тұратын қайсыбір
сұғанақ пиғылдар оралады. Қазір ғана мөлдіреп жатқан бәйкүн