тұрады. Бүгіндері өз есімін көп
естіп, дағдыланғаны сонша, кез келгеннің аузынан іздейді. Тілі бар ауыз мұны
атамауы мүмкін емес сияқты. Әлдекімнің жүзіне жалтақтайды, сөзіне құлақ тосады.
Бәрінен іздейтіні, күтетіні – өзі, өз есімі. Бейтаныс біреу бетіне көз салса танып қана
емес, таңданып қарайтындай... Тоқта, әнеу екі қыз бұған бір-бір қарап, күліп өтті,
танығаны шығар. Садықжанов екінші қабаттағы Кемел пәтерінің балконында
тұрған. Қыздар шеткі, үшінші подъезден шықты. Балконға әуелі біреуі қарады,
сонсоң екіншісі. Екеуі күбір-күбір сөйлесіп, үй айналып бара жатқан, құлағын тіге
қойды.
«Кіммен билейсің, тағы сол балшық бетпен бе?» деді бірі. «Тфу!» Бірдеңе
порылдап кеп төгілді. Күйік исі келеді. Кемел ас үйде шай қайнатып жүрген-ді.
– Бері кел, шәй ішеміз. – Идаят бір күрсініп тастап, бөлмеге кірді. Қыз атаулы
түгел мақау деп шешті. Айтатындары би, жігіт, еһе-һе, уаһа-һа, өңкей шүйке бас,
баяғы ақымақ той, арзан қызық. Әрине өз фамилиясын қыздар аузынан да көп
естиді. Көшеде бейтаныс біреулер самбырлап тұрып мұның әндері, алатын
гонорары жайлы таласады. Анада мынадай бір қызықтың үстінен түсті. Бұл,
жалғыз, «Жетісу» кафесіне келе жатқан. Ымырт кезі. Алдынан қол ұстасып екі әйел,
екі еркек өте берді. Өздері қызып, керілдесіп барады. Құлағын тіге қалды. Әндері
жақсы ғой деді бір әйел. Екіншісі: шіркін, несін айтасың деп қостады. Өзі әйел
шығарған көрінеді – деді екі еркектің бірі. Шығара берсін деді әлгі әйел. Дұрыс
емес – деп өзеуреді екінші еркек. Екінші әйел: дұрыс! деп нықтады. Қатындарға
сондай еркек керек!– деді бір жігіт. Иә, бізге сондай еркек керек! Соңдарынан еріп
отырып, жоғары, Калинин көшесіне дейін шығарып салды. Әйелдерінің ұзын,
панбарқыт көйлектеріне қарағанда, ауылдан келгенге ұқсады. Сонда ішінен: бәрі
ішкеннің қырсығы деп ойлаған. Әйткенмен, әлі есінде, со күні төсегіне жарық
дүниеге жаны иіп, бүкіл адам атаулыға ризашылық, алғыс сезімімен жатып еді.
Бұл шәйді ерсілі-қарсылы жүріп ішті. Отырғысы жоқ. Әлденені жанталаса
іздейді, бірдеңе жетпейтін секілді. Соны бүгін, дәл қазір іздеп тауып алмаса ертең,
не тіпті келесі сағат – кеш көрінетіндей. Бірдеңеге алданып отырып қалса сол
іздегені – керегі басынан аттап өтетіндей өкшесін көтере, мойынын соза түседі.
Кемел таңдана күбірлейді: өзің не боп барасың, әкең?! Расында, не боп барады?
Көкірегіне қанша үңіліп қайғы, өкініш, не қуаныш таппайды. Солардың бәрі қонып
қана кеткен көне жұрт, ескі мекен терізді, бос қуыс. Өзін қанша бақытты сезінейін
десе де болмайды. Бақытты, жолы оңғарған кісі саналуға хақысы бар емес пе?
Бүйте берсе жынданып кетер.
Репродуктордың құлағын бұрап кеп қалды. Диктордың таныс даусы:
Садықжановтың әндерінен берілгеи концерт осымен аяқталды. Аяқталды?
Аяқталғаны қалай? Неткен жаман сөз! Бәлкім, бұның әу бастан күткені, іздегені
осы, «аяқталды!» деген жалғыз-ақ қатал ұғым, мейірімсіз сөз болар? Ертеңге,
бүрсүгінге асығып барғанда алатыны, табатыны да осы шығар? Мүмкін. «Жизнь
такова».
Идаят Садықжанов ше? Әлгі, анау? Иә?
– Иә?
– Жас композиторды айтам.
– Ал?
– Сол ішіп кетіпті.
– Бәсе-ее, семіздікті қой көтереді, қойдан басқа кім көтерсін! – Осы лақап
алдымен, ең алыс түкпір – ауылға, сонсоң – қалаға жайылды. Көбі «табысқа басы
айналған» композиторды кінәлады. Енді біреулері «күле қарасаң – көрпесін
ашатын» келіншек қыздарды сыбады. Ал, тағы біреулер бастарын шайқап,
таңдайларын қағып жатты. Олар былай деп күрсініседі:
– Да-аа. Бізге біткен азаматтарды не арақ, не... деп, тағы бір ащы, ажарсыз
сөзді жұта салады.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ДАҚПЫРТ

1
Күн көкжиектегі селдір ағаштардың арасында дөңгелейді, батып бара ма,
шығып келе ме? Бөлмеден екеуі де көрінетін – екі қабырғада терезе бар. Басын
көтергенде көргені күн, сары күрең. Көзін уқаламақ боп қолын оқыс қозғап еді,
сүйек-сүйегі сырқырап қоя берді. Қатты ұйықтағаны сонша шүйдесі бес батпан,
алдыртпайды. Бұрышта нота қағаздары ағарады. Одан бері қоңыр қапты домбыра,
қабырғада сүйеулі. Бүйір кілттігінің тұсында қағаз, тістеп қапты. Орындық
арқасына ілінген сұр бешпеттің бір иығы салбырап түсіп кеткен, со жақ етегі еденді
сызады. Еден шаң, күл, шаш. Мынаны бөтен ешкім көрмесін! Жалт бұрылып есікке
қараған, мойынын ауыртып алды. Кенет отырған орнына көзі түсті: темір кереует,
ортасы түсіп кеткен. Бәтіңкісі аяқ жақта. Еденге жұққан батпақ кеуіп үлгеріпті: біраз
ұйықтаса керек. Төсегінің басына назар аударды, тани қойды – өз үйі, өз бөлмесі.
Өзінің Садықжанов деген композитор екені, мынау жалдап тұрған пәтері,
консерваторияның бесінші курсы, анау пианино,– бәр-бәрі есіне енді оралды.
Терезеде, сынықтан кейін шор біткен шеміршек сүйек құсап Алатау жатыр.
Түрегеп, әйнегін ашып кеп, қайта жайғасты. Едендегі ақ парақтар қанаттарын бірер
қағып, бөлменің ортасына таман жылжи кеп, жәй тапты. Қабырғадағы күн сәулесі
тік бұрышты үш бұрыш, аумайды. Күн шығып келеді екен. Құстар үнін құлағы енді
шалды. Жаңа, тосын әннің шашырап кеткен ноталары сын-ды, әсерлі-ақ. Басын
қосып