бекеңнің ішімдік сұрап мазалайтынын жұмсарта, жағалата
шағынып көрген. Әйел сыңқ-сыңқ күлді:
– Қайт дейсің, қайным. Сұраса – беріп құтыл. Сенің жақсы ағаң тұрып,
жаманына тиген іштеңем жоқ. – Бұл қайран қалады. Не ерінің кірін жуып,
жыртығын жамамайды, не ішкеніне қынжылмайды. Күйеуін кісі санамайтын
сұлулардың талайын білетін. Ал, Құдайдың құтты күні мас, ылым-сылым боп
келген қожасына қыңқ етпеу – әйел халқының көп кеңшілігінің біреуіне де
ұқсамайды. Әйелге ризашылық білдірерін, не кінә тағарын білмей, ақыры, дал
болған да қойған.
Осы жүрісіне қарамай Қабекеңнің тұрмысы жап-жақсы. Төрт бөлмелі үйдің
есігі бөлек, ең кішісі бұларда. Бағы үлкен. Он екі түп алма, бұл атын жөнді
білмейтін тағы да толып жатқан жеміс ағаштары бар. Түскен өнім сатылады. Бала
дегенде, төртіншіде оқитын Раушан атты қыз, оны да асырап алған құсайды. Бәрі
жеткілікті. Бөлмелер жиһазды, бай. Құралай жұтап жүрген Қабекең ғана. Үсті-
басының кедейлігіне қарамай бұл үйдің төріне шығатын да жалғыз сол. Өзі қанша
масықса – құламайды, сыртқы есіктен кіре босағаға сүйенеді, бәтіңкесін сыпырады,
аяқтарының ұшымен онсыз да сірісіз сорлыларды шиырып-шиырып тастағанда,
қашан да біреуі төңкеріліп түседі. Оған қарап мырс етіп бір жымияды, жер құрғақ
болсын, су болсын – бәрібір, батпағы арылмайтын балағын сүйретіп төрге
беттегенде кілем бетінде қоп-қоңыр боп ізі қалады. Әп-әсем, бір-біріне жараса
кеткен ағаш кресло, төсек, дивандардан оқшау жалғыз кісілік темір кереует тұрады,
Қабекеңнің төсегі. Соған жетеді де, сыңар қарын жастанып, қисая қояды. Содан
ертеңіне бір-ақ оянады. Итінің басынан бір сипап, жұмысына кетеді. Бар ғұмыры
осы.
Өстіп жүрген Қабекеңнің жолдастары шетінен ығай мен сығай. Колхоздың
бірінші басшысынан бастап, клубының меңгерушісіне шейін соның жолдасы.
Қабекең барда екеу-үшеу, кейде тіпті, топ-тобымен келіп қонақ болысады.
Бұ семьяның ендігі бір мүшесі – Дозор, екі құлағы тікірейген, көкшулан арлан.
Тісі қышығанда шынжырын қаужап ермек ететіні болмаса салмақты, ақылды ит.
Құйрығының шолақтығы сондай, еркелегенде бұлғауға келмеген соң, бөксесін
бұраңдатады... Бөксе бұраңдатудың, әсіресе, еркек итке қолайсыздығынан шығар,
Дозор тым сирек еркелейді. Қабекең, Идаят, Раушан. Осы үшеуінің алдында ғана
көңілшектігін көрсетеді. Қабекеңе айырықша. Күнге екі мезет көрсе – екеуінде де
қыңсылап-жылап көріседі. Әлдекімнің үстінен иесіне шағым жасайтын сықылды.
Ал, осынша жылы жүрек, бауырмал ит көрші ауылдан қаншықтар келсе – таламай
жібермейді. Шынжырда тұрып-ақ қан қақсатады. Мұнысы ит достарына қылатыны.
Адам достарға – Қабекеңнің жолдастарына бұдан да қатал. Ешқайсысы шынжыр
жететін жерге жоламайды. Аула кең, айналып өтеді. О, сондағы көк шуланның
құтыратынын көрсең ғой! Әуелі, дәл солардың біреуінің балтырын қарбытып
жатқандай асап-асап үреді. Сонсоң тұла-бойындағы барлық түгін тікірейтіп
ырылдайды. Төрт тағандап жата қап тартынады. Қайырылып шынжырын
шайнайды. Іш күйігі бұған басылмаса алады да ұлиды. Сол келген кісі екі көше
айналып кеткенше көкке қарап зарлаумен болады.
Идеяттар тұрған үй иелерінің қысқаша мән-жайы осындай еді.
Бұл вокзалдан бергі он-он екі шақырым жерге жаяу жеткен. Дозорды бірер
бұлғаңдатып тастап, есік көзіндегі жалғыз ен тақтай сәкіге қолсандығын қойды,
қалтасынан тер орамалын алып, маңдайын ысқылағанда барып есіктегі құлыпты
көзі шалды. Әуелі, ілгешіктің біреуіне ілінген бос құлып сияқтанғасын ұмтылып кеп
тартып қарады. Қатты қысқаны сонша – алақанына табы түсті. Жаңа ғана жап-
жасыл көрінген алма бағының жапырақтары, бір сәтке түгел үсігендей көз алды
күлтілдеп, қарауытып жүре берді. Сәлден соң қолсандығын, аяғының ұшымен
нұқып аударды да үстіне сылқ отырды...
Сыртқы, тақтай қоршаудың ара-арасынан түскен машина жарығы аула ішін
жайпап өтті. Машина тағы бір өткенде анадай жерде төңкерулі жатқан өздерінің
қаңылтыр кастрюльдерін көріп қалған. Түрегеп, соған қарай аяңдады. Кастрюльді
бір құлағынан ұстай, түбімен ағашқа ұрып, ішіндегі құм, топырағын қағып түсірді.
Ана үйдің есігі жағынан біреу дауыстап қалды. Іле боп-бозғыл тұлға бұған беттеп
келе жатты.
– Ақырын, әй, бұ қайсың, әкем-ау? – Тұлға төніп кеп, бетіне үңілді. Мұның
дыбыс беруге де зауқы шаппаған, анау сұңқылдай жөнелді:
– Сенбісің, қайным-ау? Келуіңмен дейміз ғой енді. Нағып тұрсың состиып?
Үйге кір. Қабекең келгенше шәй беріп жылытайын... Шөліңді қандырайын дегенім
ғой. Әлгі елдерің алыс дейді, пойызда қыздар көп пе екен? – Осы арада әйел өп-
өтірік сыңқылдады,– келінді тастап жалғыз кеткеніңнен қорқып ем, қу бала.
Сендей аңғырт жігіттен миы бар қыз қашар ма. Жүр, үйге жүр, қайным. –
Елпілдетіп әкетіп барады. Бірді айтып, бірге кетеді. Әшейінде де әзілдемей
жүрмейтін ашық келіншектің нақ қазіргі қылығы тым ерсі сезілді, әрі жанына
түрпідей тиді. Қасибаны бұрын кербез, керік санайтын. Мына жалпылына түсінем
дегенше анау білегінен ұстап ап, есікке қарай сүйрелей жөнелді. Қалқан қара
бірінші баспалдақты аттап қап, қалт тоқтады. Келіншек:
– Немене, табаныңа ш