таңдана,
қасын қиғаштады. Бұл жалма-жан тиынның екі бетін кезек үргілеп, қыздың тосулы
алақанына салды. Тіліне оралғаны ма, әлде расы ма, есінде қалмапты тек:
– Қарындас, орел... Орел түсіпті,– деді. Анау майыса қойды:
– Қойыңызшы, рас па, ағай?– Даусында әлденендей бір құпия, тәтті
жылылық бар-ды. Осы жылу, ақыры, түбіне жетіп тынды. Идаят әйел жынысына
артық бейімі, ебі жоқ, ұялшақ, жасықтау жігіт-ті. Со күні өзінде бөтен бір
батылдық, көк беттік пайда болды. Адам сорына, не бағына кездесерде
топырағына бітпеген жаңа мінез, бәлкім, жаңа желік табатын шығар. Кім біледі.
Әйтеуір Зібайраны жүрегі дауалап, жатағына шығарып салды. Ертеңіне киноға
шақырды. Оның ертеңіне сөзді – сонысы есіне түссе әлі күнге күлкісі келеді – бас
жоқ, аяқ жоқ мақтаудан бастап кеп, соңын былай бітірді:
– Зібайра, сіздің шашыңыздың жылтырлығы сонша, тіпті жарықтық,
сәуленің өзі тайып жығылады екен.– Анау бұған шегі түйілгенше күлді:
– Ой, аға, мұныңыз как сказать, шіп-шикі өтірік қой?! Өтірік, өтірік!– Жігіт
шамдана қалды:
– Өтірік болса, мұндай өтірікті жаңа естіп жүрмеген шығарсың, сене сал!–
Содан бір ай өткенде екеуі ЗАГС-те отырды.
Садықжановтың шын қалыңдығы – ауылда, өзінен екі класс кейін оқыған, үш
жасы кіші Алтын деген қыз. Біреудің жалғыз қызы. Сол «Махамбет» совхозында
тұрады. Ал, Идаят бітірген соң бір жыл елде болған-ды. Бір жыл Гурьевте, бір жыл
Қарағандыда. Төртінші жылы оқуға түскен-ді.
Кеше мамасы бастап, ағайын-туғандары сүйрегендей ғып сонда – Алтынның
үйіне алып барған. Шәй үстінде қыздың әкесі алты қырдың ар жағынан орағытып
сөз бастады.
– Балам, қош келіп жатырсың. Аулымызға қош келдің. Ас ал, тағам ал,–
деп бір тиылды. Сонсоң кемпірге қарата: – құдағай, үлкен құдағай, сен де қош
келдің. Бүгінде біреуді біреу танудан қалып барады. Мына бір жаман баланың
арқасында, әйтеуір, қазығымыздан ат кеткен жоқ. Алланың бұ бергеніне де шүкір...
– Алланың бұ бергеніне де шүкір деймін-ау, құдағай. Балалар әне бір
тағамдарың,– деп стакандарға қарап иек қақты – әне бір тағамдарың суып кетпесін.
Әжекең марқұм... Азауға көшіп барған жылы біздікіне келіп, үш күн қонақ болып,
жарықтық, аттанарда: «Құзырғали, сен әлгі ескі уәдеңе,– нақ осы арада көзіне жас
үйіріле кетті,– сен әлгі ескі уәдеңе берік бол!» деп бетіме барлай, сынай қарап еді.
Әжеке-ау...
– Көке, қайтесіз оны...– шәй құйып отырған Алтынның маңдайынан
иегінің ұшына дейін күреңітіп кетті. Жұрт тым-тырыс.
– ...Әжеке-ау, дегенмін мен сонда, бата бұзып, о заманда бұ заман мені
жын ұрып па! Қайта өзің мұқият бол, сенің балаң оқығыш деседі. Оқыған кісі
бүгінде біздің жерді жерсінбей жүр ғой, байқа дегем мен... Құзырғали сөзін ұстай
білетін жігіт дегем мен. Иә, Алланың бұ бергеніне де шүкір. Тағам ал, балам. Біз
сондай едік қой, шырақ. Жарықтық атаң, көкең кісі еді сенің! Осы Алтынжан
оныншыны бітіргесін,– Әжекең анадай болды ғой, құдағайға алып бардым. Иә,
барғанмын. Мынау сенің адамың дегенмін. Оқуға жіберейін бе, барам дейді,
жібермейін бе, ықтияр сенде. Алдыңнан өте келдім дегем. Рас па, құдағай?
– А-аа-а?– деді кемпір, сонсоң, әңгіменің мәні миына әбден жеткесін ғана
қалбалаң қақты: – рас, рас!
Алтынды оңаша алып сөйлесіп көрді. Ешкімі жоқ, әлі сол баяғы уәдеде жүрген
көрінді. Идаят өзін адал, турашыл жан санайтын. Бар шынын айтып салғысы-ақ
келген. Аяды, батылы жетпеді. Ащы шындықты айтып салу ашық жараны тырнау
көрінді, өйтіп жүрегін тызылдатқанша, дәл қай жерінің ауратынын білмейтін бітеу,
дүмбілез күйде жүре тұрғанын жеңіл санады. Жақсылығы ма? Осы екі арасын әлі
күнге айыра алмайды. Бәлкім оның да көңілі кеткен біреуі... Ондайы болса өзі
ашар, білдірер деп ойлаған. Онда мұның міндеті жеңілдер еді, Алтын сықылды
жанды алдамай аттанар еді! Соны ойласа жаны тырнақ ұшына келеді. Қызарудан
басқа қылмысы жоқ ауылдың аңқау қызы.
Өзін шынымен жақсы көретін. Алтын он жылдықты бітірген жылы бұл:
– Туысқандар ұйғарып отыр. Оқымаспын. Шаруа бағармыз,– деген, қыз
көнбеді:
– Айта көрме! Саған оқу керек. Мен күтем бес жыл... Он жыл...– осыны
айтып, құлағына шейін қызарған. Енді ойласа Идаят о кезде бүгінгісінен әлдеқайда
ақылды екен. Ал, оқы, оқыт! Адамның адамдығы – адам болғанша ғана. Мұның
әзірше тапқаны шамалы. Екі жыл институт есігін босқа қақты, түсе алмады, Оқуға
түссе бірден ғалым дәрежесін алардай көрген. Қорқытқаннан бөтен қонып
жатқан ғылым да белгілі. Семестр сайын қалтырайды. Үш алмауға тырысады.
Өстіп күн өткізіп жүр. Жарыққа шығарғаны екі-ақ ән. Екеуі де Алтынға арналған.
Кейін, көпшілік, жастар айта бастағасын ұмытып кетті. Зібайрамен танысқан
алғашқы күндері өзін-өзі айыпты, тіпті, қылмысты сезінген, бірер жұмадан кейін
еті үйренді, әрі-беріден соң өзін ақтайтын дәлелдер табылды. Ол дәлелдер бара-
бара қатал заңдылыққа, аттатпас ақиқатқа айналды. Ондайда Алтынның өзі кінәлі
болып шығады. Бұл алам дегенде неге тимеді? Оқымаған жігітке шыққысы
келмегені де. Бөтен біреуді күтіп қалмағанына кім кепіл?! Мұны