ды, шүлен не
істегелі жүр? О, мұндай сұрақ қоятын жұрты бар жан – бақытты ғой! Жарқыновты
көргеніне сенбейді. Жарқынов не шығарма берді? Осылай сөйлесе бір сәрі...
Елден жасырған құпиясы бар еді, кететін күні таңертең кемпірден:
– Үлкен кісі, осы мен нешедемін?– деп сұрады. Тосын «жаңалығын»
қайтіп, қалай естіртудің есебін таппаған, кемпір саусақтарын санай бүгіп, ернін
жыбырлатты, сонсоң:
– Сен Құдай қойса, жиырма алтыға толасың. Жылың... Садықжанның
желкесіне шиқан шығып ауратын жылы...– Идаят әңгімені тезірек бітіргісі кеп, тура
тартты:
– Сонда келіншек алатын жасқа келдім бе, жоқ па?
– Қа-ша-ан келгелі. Сенің жасыңда Садықжанның үш...– Баласы тағы
бөліп жіберді:
– Ендеше мен үйлендім.
– А-аа-а?– Кемпірдің тізесінде жатқан ұршық домаланып кетті.– А-аа-а? Не
дейді?– деп күбіге сүйеніп тұрған келініне қарады. Жанары әйнектеніп,
шыңылтырлана қойды.
– Иә, үйлендім, келіншек алдым. – Кемпірдің сексеуіл бұталарындай
буын-буын, кәрі саусақтары дір қақты. Кенет жастыққа, қайратқа тән
жылдамдықпен баласын бас сап құшақтай алды. Арада дастарқан ұзындығындай
жер бар-ды. Бұған ол атылып келген сияқтанды. Маңдайынан, желкесінен
жұлқылай сүйді. Бет жүзі ебіл-себіл:
– Құлыным-ай, қарағым-ай, неге айтпадың? Қара қасқа, мен қара
қасқадан несін аядың? Қуаныштың несін аядың? Қуанайындағы мен де бір, мен
қасқа,– деп балпылдады. Бұл сөздердің ұлына пәлендей әсер етпегенін көріп, кенет
қысылып қалды: сөлекет бірдеңе істеп қойған кісіше келіні мен немересінің аузына
кезек аңтарылды. Сонсоң таң боп:
– А-а-а?– деді. Ақсаңдай басып барып сандығын ақтарды. Әтір, қалампыр
сасыған ақ сарғыш шүберекті суырып ап, көкірегіне басты, әлдене есіне түскендей
бір иығына оқыс бұрылып:
– Кішкене жас иісің жоқ па? – деп телмірді.
Идаят шешені жан санамайтын. Әкені ғана тыңдап, соның тәлімімен өскен ұл
еді. Кісі сыйламаған адамына сенбейді де ғой. Әжесі ренжір, ұрсар деп қауіптенген.
Оның қуанышын оңаша вагон терезесінен далаға қараған сайын ұғына берді. Өзінің
де көз жанары бірте-бірте, вагон терезесінен көрінген дала құсап, дөңгеленіп бара
жатты... Қара қасқа, құдайдың қара қасқасы, оқуыңды оқымай, ақ батамызды
бұзып... қаңғырып жүріп қатын алып, құйрық бауыр жескен жерімнен қалай безем
ойбай! Немесе: Құдайдың қара қасқасы, алсаң неғыл дейсің? Сүйінші сұрамадың
ба? Қатын алдым деп? Оның қайда енді? Жалғыз өзің қуарып не бетіңмен келіп
отырсың? Кет-тағы содан әрмен?– Ана байғұстан күткені осындай сөздер-тін.
...Кемпір жылдар мен әтір сарғайтқан бір жапырақ шүберекті қолына ұстап
ұлының алдына келді. Әлдене дұғаны күбірлеп ұзақ оқыды да, шүберектің шетіне
үш қайтара үшкірді: сфу! сфу! сфу! Құдды құранның парағы сынды үбектей, әлгіні
баласына ұстатып:
– Мә, қарағым, ала кет. Садықжанның ит көйлегі... бір жағын саған
жөргек етіп едім. Атасының көйлегі... май құйрығына салсын. Әлгі жаманның. Алла
беріп бірдеңе бола қалса,– деп кемсеңдеді,– ырым ғой, ырым.– Идаят сонда-ақ
жылап жібере жаздап, зорға шыдаған. Әжесінің мойынынан құшақтап, омырауын
иіскеп отырып уәде етті. Сөйткен қарт ананың той-томалақ жасап, қуанышын
қызықтауына да қарамай, машинаға отырған. Осылай, асығып оралған жарына
бүкіл мән-жайын түсіндіріп, қадір-қасиетін салмақтай, қарт ана жолдаған асылды
ұсынғанда Зібайраның шүберекті мұрнына апара, кіржіңдеп:
– Фу, гадость какая! Твои родители так бедны, да? Для будущего внука
дали вот это дерьмо, да?– деп, лақтырып жіберерін білген жоқ-ты.

4
Миына оралғанның бәрін ой деуге болса – ол өте көп ойланды. Бірақ ештеңені
жүйелеп, түптеуге тырыспады: басын да, жанын да ауыртқысы келмеді. Ұйқы,
тамақтан басқа уақытын терезе алдында өткізді. Отырып та, тұрып та қарайтыны
баяғы дала. Шын пейілімен қызықтап, құмартатыны шамалы. Ештеңені тіктеп,
түстеп көріп жарымайды. Әйтеуір бір қарау, әйтеуір бір уақыт өткізу, жол ұту.
Паровоз сеңсең түтінін жұлқып тастап, ұрып келеді. Желдің епті, нәзік саусақтары
жазып, жойып үлгереді. Содан жұлым-жұлым түтіндер бір-бір дір етіп, алдыңғысы
соңғысын күтпей, еріп жоғалады. Идаяттың ойлары да сондай, бірін-бірі күтпей-ді.
Біріне-бірі жалғаспайды. Жұлым-жұлым, үзік-үзік. Бұл үндемей, өзімен сөйлеспей
қалған сәттері Зібайра әдетте:
– Не ойлап отырсың? Что ты думаешь?– деп сұрайтын. Шынында «что он
думает?» оны өзі де білмейді. Сөйтіп, түк ойламай ойланатын. Сол Зібайрамен
танысқаны да, басына ауық-ауық әлдеқайдан ауып кеп отыратын ойы сынды,
кездейсоқ болды; өткен жылдың күзі еді. Бұл киоскіден «Беломор» папиросын
сатып алып кетуге ынғайлана берген, асфальтқа сыңғырай түскен темір ақшаның
үнін құлағы шалып, жерге, аяғының астына үңілген. Бес тиындық қара бақыр
анадай жерге домалап барады екен. Ұмтылып кеп жұлып алды. Сонда тас ысып
кеткен сұқ саусағының ұшы әлі тызылдайтын сияқты. Басын көтере бергенде жымия
күліп, бұған қарата алақанын тосып тұрған жұқалтай ақ құба қызға көзі түсті. Қыз
қолындағы кішкене шиланының аузын жаппастан сол сәтті қызықтай,