елейді екен. Тәрбиенің, басшы адамға
керекті ақыл-парасаттың бәрін бойына бесікте жатып сіңірмеген кісі қай уақытта да
осылай болмақ. Ондай адамдардың биіктеуі қанша оңай болса, сол биіктен құлауы да
қиын болмайды.
Соңғы сөздерді айтқанда Сандыбай кәдімгідей арқаланып, өсіп кетті. Жан-жағына
биіктей, одырая қарады. Осыны айтып отырған қайран қызыл тілім бір күні жер
астында шіриді-ау деген кісіше, мұртын жалап-жалап жіберді.
– Басқарма болатын адам өзіңіз, Сәке,– деді Ибрай, шын ниетімен беріліп,–
жалпы, басы бар кісілерді қою керек қой ондай жұмысқа.
– Иә, Сандыбайлар қайда-аа,– деп қыстырды Сисенбай.
– Елді мынамен емес,– деді Сандыбай ірге жағында жатқан қамшысын көрсетіп,–
мынамен басқару керек!– Осы арада ол сұқ саусағымен өзінің оң шекесін шұқыды. Бұ
сықылды тапқыр сөз бен орынды қимылға үйдегілер түгел риза болды. Айтқыштық
пен ақылдың осынша жарасқанына сүйсінді. Елді қамшымен емес, ақылмен басқару
керек дегені, расында да, данышпандық емес пе! Керісінше айтса қайтер едің!
– Ақа, біздің басқарманың ендігі халі не болар екен?
– Не болсын, аудан бұйраға шақырып жатыр...
– Бұйраға-аа?
Бұйраға дегендегі соңғы «а»-ны айтқанда ауыздар түгел ашылды. «А» әрпі – жәй
әріп, дыбыс емес, үлкен бір кесек секілді әрі де жоқ, бері де жоқ кептеліп тұрып алды.
Осы орайда Сейсімет үлкен тапқырлық істеді: алдындағы бір аяқ қымызды екі-ақ
қылғыды, аузындағы «а» әрпін сонымен бірге жұтты. Қалғандарының да,
әрқайсысының өз аузы есіне түсіп, қымызға жармасты. Тап осы дастарқанда өзіне
қарсы шыға алатын, не айтқан әңгімесіне сын пікірмен қарайтын пенде баласы жоқ
екенін Сандыбай жазбай таныды. Өз мықтылығын бұрын да сезіп жүретін, бірақ нақ
бұ жолғыдай жыға мойындаған кезі болған емес-ті. Айтқанына көніп, айдауына
жүретін мына сықылды момын топты іздесе таппас. Тілдері қоштаудан, бастары
шұлғудан ауыспайтын жұрт әңгімешіні қанаттандырып, тіпті, масайратып жіберді.
Көп сөйлеу де кісіні шөлдететін болса керек, біраз сөйлегесін Сандыбай да пішеннен
келгендей, ерінін жалап-жалап қойып қымызға ауыз салды. Сондай бір толас тұсты
пайдаланып қалғысы келгендей Сейсімет сұрақ қойды:
– Тәмиәлі ұйып жыққан М. жолдас кім? –Жұрт біріне-бірі қарап, жымың-жымың
етісті. Мұрты барлар мұртынан, мұрты жоқтар миығынан күлді. Сандыбай басын
шайқады. Сосын жымиды, сосын тағы да басын шайқады:
– Ей, аңқау байғұс-ау, өзің ойлашы, басына М. келетін, өзі әскер семьясы кім бар,
«Жаңа өмірде?» Осы колхоз адамдарында сен білмейтін М. бар ма?
– Айқалықтың семеньясы Талшын,– деп Сейсімет бір саусағын бүкті,– Айқалықтың
семеньясы Талшын, ол М. емес. Т., Өтемістің семеньясы Дәметкен, М. емес Д.,
Қаныштың семьясы Иахима, М. емес И., Жаныстікі – Иәуилә, М. емес, И., Қапайдікі
– Ағзия, ол да М. емес, А. Сейсімет осы ретпен әуелі өзінің алты ағасының әйелдерін
атап, санап шықты. Бір қолының саусағы бітіп, есеп екінші қолға ауысқанда мүдіріп,
ойланып қалды. Үйдегілер үн-түнсіз төмен қарап отыр. Біреулері жер шұқиды,
біреулері Сандыбай шайқағанға ма, бастарын шайқайды. Бірақ, ешқайсысының
бетінен Сейсімет ештеңе байқай алмады да әрі қарай санап кетті.
– Шатауат қатынның аты... Иысты, М. емес И., Түйеші қатынның аты Жамиға, М.
емес Ж., Даяйкі қатындайдан кім бай? Ақылима, Нұйжамал, Иузия, Ұлтуған,
Ұлбосын, Қыздығой, Болдығой, Қызқұйсын, Тұйсын... ммм. Олайдың аты М-дан
басталмайды. Сиыйшы саңыйау қатын... Бәлкім, кемпійлейдің биі шығай?!
Жоқ, «Жаңа өмір» колхозынан бірде-бір кемпірдің атын таба алмады, бақса,
үйдегілерден де ешкім кемпір атаулыдан ешбір ат білмейтін болып шықты.
Пәленшенің кемпірі, пәленнің енесі, түгеннің шешесі дегеннен басқа ешкім ештеңе
білмейді екен. Жұртты бұл арадан Сейсіметтің тапқырлығы құтқарып әкетті, өзін де,
өзгені де босқа ойлантып, босқа қирап жатпай:
– Әй, Темиәлі не дегенмен ей азамат қой, кемпи сабай қоймас,– деді.
Жұрт, пішендерін біреу шауып бергендей, жеңілейіп, уһ деп бір күрсінді. Шынында
да басқа-басқа, етектеріне сүрініп, сиырларын сауа алмай жүрген опырық шешелердің
аттарын ойлап бас қатыру – кімге сән дейсіз! Кемпір мәселесінен осылай құтылды да
Сейсімет тағы да:
– Япи-ау, сонда кім болды бұл М. жолдас, а? – деп, жұртқа жағалай сұрана,
өтіне көз тастады. «Айыстай азаматты» одан артық қинауды орынсыз көрсе керек,
Сандыбай:
– Оны Мәруә келін біледі,– деп қойып қалды. Сол-сол-ақ екен, Сейсімет есіктен
шыға жөнелді. Үйдегілер оның табалдырықтан аттай бергенде көк шөптің бояуы сіңіп,
тілініп-тілініп кеткен жалаң аяқ өкшесінің жылт еткенін ғана байқап үлгірді. Мәруә
басының сақинасын сылтау ғып үйде қалған-ды. Сейсімет кіре бере:
– Мәйуәжан, айт жылдам, Темиәлінің сені ұйғаны иас па?– деп ентікті. Мәруә
қисайып жатыр еді, басын көтеріп алды, бірақ жауап қатқан жоқ. Сейсімет тепсініп,
жұлынып тұр:
– Айт деймін, иас па деймін!
– ?
– Айт деймін, Мәйуәжан, бол деймін!
– Құйтам! Аузын ұям Темиәлінің!–деп дігір қақты, Мәруә екі ойлы боп біраз
отырды. Сейсіметтен жалтарып, өзінің Құдай берген әйел қул