ерліктен гөрі өлермендікке, бетбақтыққа көбірек ұқсады. Соққысы дарымаған сайын
долыра түсті. Сейсімет болса... ол ғұмыры жұдырық жұмсап көрген жан емес.
Бұғалық, құрықпен жылқы ұстағаны, пішен шапқаны, құдық қазғаны ғана. Онда да өз
күшін өзі аңғармайтын. Себебі, жылқыны кім ұстап құдықты кім қазбайды? Соған да
күш керек пе деген секілді аяқ асты қарайтын. Бүгінгі жеңісіне, бәрінен бұрын, өзі таң
қалды. Мұның жұдырығы шекесіне жақындай бергенде-ақ тырапай асатын Ибрай
кеуек пе сонша? Сейсімет өмірінде талай құлап көрген. Құлағанда бұл аттан
құлайтын. Қараңғыда құлын желіге сүрініп, тіпті, киіз үйдің табалдырығына сүрініп те
құлағаны бар. Адам оқ тигенде де құлайды дегенді майданда жүріп естіген. Ал, қара
жерде екі аяғымен тік тұрып, біреудің құлақ-шекеден жұдырықпен қойып қалғанына
құлаған кісіні көрген де, естіген де емес. Баяғыда батырлар шоқпармен,
барымташылар сойылмен ұрып құлатады екен дегенде таң-тамаша қалатын. Қалай
ол? Ұрғанға да құлай ма екен? Бүгін өзінің қолында шоқпар да, сойыл да болмағаны
– Аллаға аян. Ибрайды, кәдімгі анау төстің сандалына құйрығын қойып, екі шекесі
көнектей боп, құлағынан қан шығып, онымен де тынбай темекі тартып отырған
орақшы Ибрайды бұл жұдырықпен бірнеше рет ұрды. Және ұрған сайын жалпағынан
түсірді. Демек, бұл батырлардан да өткен күшті кісі болды ғой? Әй, Аллай-ай!
Мұнысын бұрын неғып байқамаған?.. Әскерде жүріп өзі екі рет таяқ жеді. Екеуінде де
сабаған бір адам: Коля деген солдат. Екеуінде де Коля арақ ішіп ұрды, екеуінде де
айырып, араша түскен сол Коляның жолдасы Ваня алғашқысында бұған:
– Сен не? Қорқасын что ли? Сен Коләдан күшті... Сенікі неге соқпайды? – деп,
шамасы, Қазақстанның жігіті болса керек, Коля досы бола тұра бұл үшін намыстанып,
Коляға да Сейсімет жөнді ұқпайтын бір түрлі сөздермен қатты шүйліккен. Екінші
жолы тағы да сол Ванә:
– Ты, сен баба! Понимаешь, катын! Қорқасын!– деп кейіді.
– Әй, баит,– деген бұл сонда Ванәға,– ол ойысша бидеңе айтып ұяды, мен не деп,
не айтып ұям, қойқасың, қойқасың дейсің маған, танымайтын ойыспен қалай
төбелесем? Құйсыншы,– деп алпамсадай боп Коля қанатқан мұрынын жууға кететін.
Одан кейін де бұған талай адам тиісті. Бірақ ешқайсысын нұқып көрген емес. Кеше
Темірәліге де зіркілдеп барып, шынтуайтқа келгенде тұра қашқаны сол тәуекелсіздік,
өз күшіне өзі сенбеушілік еді. Затында темір, қару атаулыдан қатты қорқатын байғұс
жаңа Ибрай балға ала жүгіргенде шыбыны шырқырап кетті. Қол сілтегенде Ибрайға
емес, балғаға сілтеген, балғаны қағып түсірем бе деп үміт еткен. Ақыры анадай болды.
Сөйтіп, Сейсімет, «Жаңа өмір» колхозының «зібәнә» бастығы Сейсімет
қорқақтығының арқасында батыр боп шыға келді. «Бәлем, енді әймияға байсам
Коләнің аузын ұяймын-ау» деп ойлады. Мұның бәрі, жаңағы қызыл шеке аяқталған
соң оралған ой еді... Содан сүт пісірімдей уақыт өткенде Сейсімет Ибрайға:
– Ібеке, деймін, ояғымның басын бекітіп бейші,– деп жалынып тұрды.
* * *
Құдық-Шошақтың басында екі адам отыр.
– Намаз оқитын болғансыз ба, Әжеке, таспиығыңыз не?– Әжімгерей қолдан тіккен
жұқа, ұзын бешпетінің оң жақ қалтасынан кілең күрең-шұбар, жылтыр тастардан
тізілген таспиықты сылдыр еткізіп суырып ап, санай бастады. «Біссімілдәдан» түсіп,
бір айналып шықты. Сатым қарттың ернінің жыпылдағанына, сақал-мұртының
селтеңдегеніне қарап қатып қапты. Батыс-арқа көк жиекте құмға қырынан шанышқан
мыс леген тұр. Сатым қол созым жердегі шоқ ақ-селеуден бір шөкім жұлып ап
мұрнына апарды: күн исі мүңк етті. Сонсоң қалың сақалының арасына саласыз жуан
саусақтарын сүңгітіп жіберіп, иегін қасыды. Тісі қышыр-қышыр. Ауыл жақ азан-
қазан-ды. Мөңіреген бұзау, маңыраған қой үндері жарыса, жамырай естіледі.
Қазандықтан шыққан, көгаш-түтін есік алдындағы сайға барып ұйып жатыр.
– Әй,әй, өй қара борша болғыр, қазықты құлатты-ау! Қара інген ат қазықты
қисайтып қойыпты. Шонданын үйкеп жатыр. Артқы екі аяғы бұратылып-бұратылып
кетеді. Әлсін-әлсін: «бөп-өп, бөп-өф »деп қояды. Кемпір от басынан көсеу алып
лақтырған, онысы қазықтан төрт-бес қадам кеп бұрқ ете қалды.
– Кемпірдің таспиығы... қарап отырғанша қолға ермек деп... Кемпір есік алдында
жатқан ақ таяқты алып, сүрініп-қабынып жеткенше қара інген ісін бітіріп тынды: ат-
соқаны сұлатып тастап, бұзау желі жақтағы түбіршек жыңғылдың қасына кеп лық етіп
шөкті.
– Жайрағыр-ай, мойнақ болғыр-ай! Керегеге көк бол, көк болғыр!
Жаңағы мыс леген жоғалып кетті. Орынын сұрқай мұнар жапты. Жерден тұсау
бойы биікте, манадан өңіп, түсі қашып тұрған дөңгелек, құлақты ай, жүзіне нұр жиып,
жарқырап келе жатты. Күннің кеткенін көріп жүрісін тездеткендей, жедел
жоғарылайды. Қыстау шошақ жақта жылқышы шақырады!– дедссейд, дедссейд,
дедссейд!
– Жел шақырып жүргенін қарашы ананың!
– Екеуі түрегелді. Сатым шалбарының қалтасын айналдырып, құмын төкті. Әжекең
бешпетінің етегін сілікті, кебісінің ұлтарағын алып, пышақ жанығандай алақанына
қағып-қағып, қайта киді. Шағылдан түсіп, үйге бетт