асыны ауыр... қолың көтере алмайды.
– Бар әй, дос, үйіңе бар, бұзауың жамырап кетеді.
Ересек баланың сөзіне қалғандары мәз боп күледі. Сақасы қолды болған кішкентай
қара жылап қоя берді. Әр қайсысы бір түртіп, иықтарымен қағып, ақыры, оны
ойыннан шығарып тастады. Бала ботадай боздап, батыс жақтағы сорға қарай жүгіре
жөнелді.
Сейсімет сыртқы есікке таяй бергенде, іштен кенеп дорбасын қолтықтап Оразғали
қарт шықты. Шыға сала қолын көлегейлеп күнге қарады.
– Қап, күн кеш болып қалған екен ғой,– бұрыла бере Сейсіметті көріп,– а, Сейсімет
қарағым аман ба, бала-шаға жақсы ма,– деді де ақсаңдай басып жөніне кетті.
Сейсімет есіктің қақ көзінде жатқан күрең қасқа қашардың сауырынан қамшымен
бір тартты. Қашар атып тұрды, анадай жерге барып керілді, сонсоң, мені ұрған сен
бе, танып алайыншы дегендей, Сейсіметке қайырылып бір қарады да, жусанға ілініп
қалған титтей қарала шыт шүберекті иіскеп тұра қалды. «Айыстанов» бар айбат-
қайратын бойына жиып сыртқы есіктен өтті. Ішкі есіктің тұтқасын ұстап сәл кідірді,
бойын бекітіп, жүрегін басты. Сонсоң... есік қақпағын жұлқи ашып, ішке... басын
сұғып қарады. Осы кезде есікке көзі түскен Темірәлі:
– А, Сейсімет, кел шырақ, төрге шық, жай ма?– деп орнынан тұра берді:
– Ассалаумағалейкүм, Тем-ақа!
Сейсімет бұ сөздерді қалай айтып қойғанын байқамады. Бөлмеге де қалай кіріп
кеткенін сезбеді. Мұны қолынан жетектегендей ғып апарып, үш-төрт шиқылдақ тапал
орындықтың біріне отырғызды. Хал-жай, амандық сұрады. Сөзі жылы болғанмен,
жүзі, жанары сұсты.
– Айта бер, ал, не шаруа?
– Шайуа бай, жоқ, ә... әйшейін, жәй...
– Айта бер, шырақ.
– Сен, Тем-ақа, әскей семеньясың, аузыңды ұяйын, жоқ, ә... қол көтейіп... М.,
жолдасты... жұйттың бәйі Мәйуәні... ей азаматы жоқта...
Сейсіметтің бүкіл жол бойы ойлап басын біріктіре алмаған сөздері басқарманың
алдында тіпті пышырады. Өз сезімі өзін буып, мүлде сөйлетпей қойды. Темірәлі
ананың қойыртпағынан бірдеңе сезді ме, әлде, бұ сықылды шешенді әрі қарай
тыңдауға зауқы болмады ма, әйтеуір қолын бір сілтеп, онсыз да үзік-үзік сөзді мүлде
кесіп, тыйып тастады:
– Әй, шырағым, орағытпай, тоқ етерін айтшы, не керек?
– Кілең әскей семеньясын бағып... жеси қатын...
– Е-ее, орақшыларың жесір әйелдер ме? Саған енді жігіттерді қайдан тауып
берейін! Амал жоқ, солармен жұмыс істейсің. Мен қайбір жетісіп отыр дейсің! Жесір
қатын болса да алдап-сулап жұмса, істет.
– Жоқ, сіз әскей семеньясын... Мәйуәні ұйғаныңыз не? – Жаңағыдай емес бойын
биледі ме, Сейсіметтің күрмеліп отырған тілі шешіліп кетті. Темірәлі жаңа түсінді:
– Сейсімет, сен ренжіме...
– Неге иенжімеймін, иенжимін, неге ұйдың сен, неге?..
– Сен тоқташы енді, апыро-ой,– деп анау қабағын шытты.
– Тоқтамаймын! Неге ұйдың, айт жылдам!.. Қиқаңдадың, жігіттік көйсеттің ғой,
солай деші!– Сейсімет мына сөзіне өзі таң болды. Мұндай әңгімені аузына кім салды,
мұны қайдан тапты. Өзі орынды сөз секілді.
– Сейсімет, сен түсін,– деді Темірәлі жайлап,– мен неге ұрғанымды саған айта
алмаймын! Маған біткен мінезді білесің ғой! Менікі ерсілік, әрине...
– Жоқ, айтасың!– Сейсімет, ананың кінәсін бетіне басып әбден жеңдім, жасыттым
деп екілене айқайлап орнынан ұшып тұрды:
– Жігіттік істемек болдың ғой, көзің өтті ғой, айт жаның байында!
– Ой, атаңа нәлет сақау ит, мен сенің жаман қатыныңды қайтейін!
Темірәлі қарғып тұрып тұсындағы шегеге ілінген дүр-қара қамшыға жармасты:
– Қыртып, шәйнап!– деп түтеді.
Сейсіметтің іштен қалай шыққаны есінде жоқ. Артына сол аяғын үзеңгіге салып ап
қарады: Темірәлі ұмтылғанымен қумапты. Сыртқы есік аңқайып ашық жатыр. Жаңа
өзі шыққанда серпіп қатты лақтырса керек, қақпақ әлі қозғалып тұр. Тізгінді жиып,
тақымын қысып кеп қалды. Иесінің бүгінгі есуастығының бар азап-тозағы өзінің төрт
аяғына түсетінін манағы жүрістен-ақ түсініп, мойындап алған бөрте барына салды.
Шаша жұтып жатқан құм жоқ, тұяғының асты дүңгір-дүңгір етеді. Рақат! Әрі ауылға
бағыттағанын сезіп, еркімен, көңілді, көсілді... Сейсімет сол шабыстан шауып отырып
Қазанғап тауының түсе беріс тұмсығына кеп ат басын бір-ақ тартты.
Сосын артына бұрылып:
– Шәйнамасаң шәйнама, қитымасаң қитыма!– деді. Осы сөздерден кейін көңілі
жәйланып сала берді. Ызасы басылып, есесі қайтқан кісінің кейпіне түсті. Өзіне-өзі дән
риза боп, аяң бүлкілмен соғып келеді.
Біраздан кейін ыңылдап әнге салды:

Той айғи тоқпақ жалды, тоғайда бай,
Қыздайдың ең көйкемі, әй, ноғайда бай.

ішіт тішу деп қояды. Бұл жүріс бөртеге де жәйлі тиді: аузы жетер жердің шөбін орып,
түйеше жайылады. Бөрте жаратылысынан отшаң, қомағай-тын. Қашан көрсең
торсиып, толып тұратын бүйірі, бүгінгі шабыста әжептәуір орта түскен. Соның орнын
келтіру үшін сұғынып-ақ бақты... Сейсімет әләулайламен әуре боп күннің батқанын
білмей қалды. Үлкен жолдан шыққан кезде қас қарайып бара жатқанын бір-ақ көрді.
Еңкейіп шап-айылға қолын өткізіп, беріктігін байқады, сөйтті де сылт желіске басты.
Қырдың ойлы-қырлы жері кеш жүруге қолайсыз еді. Оның үстіне аттың
таңбалығынан ке