, орақ жүзінің әр жеріне
бір үңіліп тапжылар емес. Амалсыз түрегеп етегін қақты. Ақ суылдақтан жұққан
ешнәрсе болмаса да киімінің о жер, бұ-жерін шымшып, сілкіп, біраз кідірді. Тіпті
болмағасын бөксесін бұрып, бұрап жіберіп, құлын сауырындай дөңгеленген бітіміне
көз тастады. О жағында да не жұғып, не жабысқан іштеңе көрінбейді. Сонсоң,
Ибрайға тағы бір қарап ап, ылажсыз, қайнысына қарай аяңдады. Келді де тұра қалды.
Кенеп шебелеті бар оң аяғының үстімен сол аяғының толық, қоңырқай жіліншігін
қасып-қасып жіберді. Қасыған жеріне жіп-жіңішке ақ сызаттар түсіп қалы.
– Кішкенем, әй, орағыңды жаны, мә қайрақ! – Кішкенесі:
– Кейегі жоқ,– деді.– Кеше түс қайтағы мен бүгін таңертеңгі екі салқынның есесін
бір-ақ қайтарайын дегендей, Сейсімет құлаштап жатыр. Орағы қиюдан жұлуға
көшкен. Қияқ түбірлері қырқылғаннан гөрі күшпен үзілгенге көбірек ұқсайды, тарам-
тарам, қиқы-жиқы.
– Кішкенем, әй, құтырма деймін, әй, мә жануыш, мә!
Сейсімет құлағына да қыстырған жоқ. Бір шоқ қияқты тауысып, екіншісіне көшті.
Жалаңаш кеудесінің бұлшығы бөлек-бөлек. Күн, жел қаққан қара-қоңыр денесі жылт-
жылт етеді. Мойнынан, тамағынан шұбырған тер тамшылары майсақ терісіне тайып
жығылып, домалап-домалап түседі. Онсыз да аласа маңдайында тер ағатын да орын
қалмапты. Терісі қалың қабағы қыртыстанған сәтте қасы мен шашы қосылып кетеді.
Алдындағы бір суыттықты орып тастап, орағына сүйеніп дем алды. Беліне байлаған
түкті бет-орамалмен терін сүртті. Сонсоң, шалқалап, бір көзін қысып күнге қарады.
Күн түс боп қалған. Манағы шоқал асқандар жаңа қайтып келеді. Орағына сүйеніп
тұрған Сейсіметті көріп, сенің жұмысың да сол екен ғой дегендей, жүрістерін
жайлатты.
– Бейі бей қайақты!
Талшын орағын шөпке жаңа ғана сала берген-ді. Ышқырына қыстырған кішкене
қара жануышты алып, қайнысына ұстатты. Сейсімет орағын жанып, бірер төмпектің
шөбін шапты да, күн көзіне тағы бір қарап алып, Ибрай отырған шоқалға қарай
тартты. Қалғандары соңынан ерді.
– Түс қайта уақыт кетеді,– деді Сейсімет, көлеңкесі өзінен ауыспай тұрған зор қияқ
шоқалдың түбіне отырып жатып,– ояқтайды қази шыңдап кету кейек. Талшын үн жоқ,
түн жоқ балға-төсті алып, орағын шыңдауға кірісті. Ибрай зібэнә бастықтың, мына
ұсынысын ұнатпай, тыржың-тыржың етті. Балағы сирағының ортасынан келетін
кәлтекей шалбарының қалтасынан қара шүберек темекі дорбасын алды.
– Сен шырағым, өзің ұйықтап-ұйықтап тал түсте келіп алып... деп күңк етті.
Сейсіметтің ұйқышылдығын Ибрай ылғи бетіне басатын. Оған себеп Сейсіметтің өз
әңгімесі еді. Әскерден келген кездегі бір хикаясында: «би күні ісклаттың есігін күзетіп
отиып ұйқтап кетіппін. Каманди келіп оятса оянбаппын. Би заманда генелай
жолдастың өзі келіп қапты. Біздің камандиге ұйсыпты, «што за бейблот» депті. Содан
маған каманди пет сөткі әуппақ бейді» деп ақтарған. Осыны Ибрай пішенде бірге
істеген азғана күндердің ішінде әлденеше рет айтты. Сейсімет басқа уақытта жұмысқа
кешікпейді. Ұйқысы қанса ол да ерте тұра алады. Бүгінгі кешігуін көбі жөнді ұққан
жоқ-ты. Сейсіметтің кеше Темірәліге кеткенін бәрі білген. Бірақ о жақтан қашан
оралғанын, ол келгенде ояу жатқан Еділханнан өңге ішкім білмейді. Ибрайдың зібәнә
бастыққа түсе беретін тағы бір қырсығы бар. Ол жасының үлкендігі. Әрі үлкен, әрі
тілі бүтін, ақылы да жөн өзі тұрғанда Сейсіметтің, пішеншілерге болса да, басшылық
етуін кездейсоқтық, білместік деп бағалайтын. Орақтарды шыңдап кету керек дегенде
қитыққаны сол. Жаңағы сөзіне жауап болмаған соң одан әрі қаси, тие түскісі келді.
Түйеден түскендей:
– Қатыныңды Темірәліге сабатқан біз емес, дем аламыз,– деді.– Сейсімет кешегісін
бүгін ұмытып қалатын қалтарыс, қуыссыз кісі болғандықтан Темірәлі жәйін бүгіндікке
есіне алған жоқ-ты. Тіпті, мана таң ата үйіне келгенде-ақ ұмытып үлгерген. Түндегі
өзін сонша қамаған жын-шайтандардың ортасынан аман құтылғанына қуанған,
Ибрайдың мына сөзі бәрін есіне түсірді. Сондықтан батып кетті. Қапелімде тіліне
оралған ең ақылды, ең табылған сөзі болуы керек, пілден түскендей ғып:
– Сіз... Сіз қитымай отиыңыз! – деп гүрс еткізді.
– Не дейді-әй, мына ит, сақау күшік, миыңды шағып берейін мен сенің!
Ибрай жанында жатқан балғаны ала ұмтылды. Сейсіметтің зәресі ұшып кетті.
Ағасы ана балғамен бәрібір миын шағатын сықылданды. Қашып құтылудың ретін
тағы таппады. Қорыққанынан қарсы тұрды. Бұл кезде екеуі де түрегеп кеткен-ді.
Ибрайдың балға ұстаған жағынан көзін жұмып ап, жұдырығын сілтеп кеп қалды.
Анау қалпақтай ұшты. Қайта тұрды. Бірақ қолында балға көрінбеді. Сейсімет енді
қолды көзін жұмбай-ақ сілтеді. Ибрай құлайды да, қайта тұрады. Ол да аянып
жүрмеген сын-ды. Тек, бір ғажабы, оның тістеніп тұрып сілтеген жұдырығы бұған
дарымайды, жетпейді. Жақындайды да кейін қайтады. Ибрай шақпақ, шақар адам
болатын. Қайраты да, ептілігі де бір кісідей бар-ды. Соның арқасында тұрған сайын
жығылады, жығылған сайын тұрады. Қайта ұмтылады. Әй, бәләм, осы жолы
жайратармын-ақ деген сенім, үмітпен қарсыласады. Жүректілігі, батылдығы жағынан
Сейсіметті әлденеше орап алатын