да түсінді. Тек... әтте-ең, көпшілік құлақтанып кетті. Доғдырдан алған қағазына
шейін... Одан қайтып жалтарар? Жасырып-ақ келді ғой. Қанша жапса да «жабулы
қазанның» бір күн болмаса бір күн ашыларын өзі де біліп жүрген. Бүгін, міне, айдай
әлемге жария болды, газетке шықты. Басқаның бәрін күтсе де дәл бұлай, газетке
жазылар деп ойламаған. Енді бәрібір сияқтанады. Әрі шегінетін жер де тарылып
қапты. Әрі... Әрі Темірәлі сықылды мықты адамның, осындай, жалы жығылып жатқан
кезде ептеп кек алып, есе қайтарып қалу секілді, осал жандарда болатын қарау,
бықсық есеп те басына оралды. Осының бәрін бірер секунд ішінде пайымдап алды да,
кенет, өп-өтірік кемсеңдеп, даусын дірілдете сөйледі.
– С-сен жоқта, азамат жоқта, біз байғұс не көрмеді дейсің, ббәрін де көрдік қой,
жжетім бала, жесір қатынның күнін қара күшікке берсін де,– деп, сүп-сүйкімді кішкене
танауын тартып-тартып алды. Келіншегінің мына түрін көргенде Сейсімет
қиналғаннан жылап жібере жаздады. Түйіліп, тұншыға айқайлады:
– Қиям! Аузын ұям!
...Қазық басына кеп атынан түсті. Жылқы түгінің тозаңы көк шалбардың артын, екі
тақымдығын түгел тұтыпты. Оған мән берген Сейсімет жоқ, жалаң аяқ көстеңдеп
жүріп ат ерттеді. Қолына ат тұрманы емес, Темірәлінің жағасын ұстағандай, терлік,
тоқымды жұлқылап, бұралап салды. Қой жабағысынан жасаған тастай, домалақ
көпшікті Темірәлінің шықшыты құсатып, жұдырығымен түйіп-түйіп алып, төс айылды
тартты. Үзеңгіге аяғын сұға беріп, жалаң аяғына көзі түсті.
– Мәиуә, қиом етік пен кайтосты әкел!
Мәруә үйден етігі мен картозын әкеп берді. Етікті қоңылтаяқ сұға салды, бейне
Темірәлімен сүзісетіндей-ақ картонының күн қағарын артына қаратып киді. Сонсоң
Мәруәға:
– Ояқшылай кешікпей шықсын! Шайуа өзіңе аманат,– деді де, шауып ала жөнелді...
Анда-санда арқадан салқын самал еседі, артынша басыла қалады. Сейсімет сылт
шабыспен отырып, Қошалақтың айдау жолына, Төлеу қыстауының шығыс –
арқасынан кеп қиып түсті. Жер ауыр. Жолға түскесін ғана аяң-бүлкілге салып, атқа
сәл тыныс берді. Тоқ жылқы тығылып қалыпты, танау қағып келеді. Жел үріп, құм
басып тастаған жолдың өзі жеңіл емес-ті, Сейсімет тап мына жолда аяңмен өндіре
алмасын бірер қабақ асқасын-ақ байқады. Әйтсе де, амалсыз, көліктің тоқтығын
ескеріп, алдындағы, тау етектегі қияқ үрпектерге шейін аяңмен жүруді мақұл көрді.
Жолдың қыратты, биіктеу жерлермен өтетін тұстарын құм молырақ басыпты. Өткен
түнде сұлыбас тасыған қосаяқ іздері жосылып жатыр. Шашылған сұлы дәндері құс
жолы секілді ақ аяңданып, шұбап көрінеді. Сейсімет Темірәліге айтатын сөздерін
ойша қиыстырып, қырлап әуре. Бұл арыстандай ақырып кіріп барады. Басқарма
қаннен-қаперсіз, сия дағы бар қызыл мата жапқан столда әлдене қағаздарды
аударыстырып отырады. Жұрттың бәрі Тем-ақа, Тем-ақа деп, шамды айналған
көбелектей, қараңдап айналасында жүреді. Есіктен кісі кірген соң, әрине, ол жалт
қарайды. Сонда бұл не айтпақ? Бірінші сөз қайсы? «Уә, ата-бабаның әйуағы»... жоқ,
бұл оған естіртіп айтатын сөз емес, күшті жаумен кездескенде өзіне-өзі, ішінен ғана
айтатын сөз! «Атаңа нәлет Темиәлі!» жоқ, салған жерден бұл болмайды! «Аузыңды
ұяйын, Тем-ақа!» Бұ да емес. Тем-ақа деп алып аузыңды ұяйыны несі?! Келмейді,
келмейді. «Тем-ақа, мен саған өкпелімін». Мәссаған! Өкпелейтін бұл кім сонша, сорлы
ма, әйел ме? Өкпелеу деген әйелге тән, демек, әлсіздердің кәсібі «Айыстай азаматқа»
жараспайды. Бұл не болса ол болсын, тіліп түсетін бірдеңе айтуға тиіс. «Жеси қатынға
қол көтейіп, жейге киги, ейкекпін деп жүйсің-ау». «Жо-оқ,– деп ойлады Сейсімет,– өз
жайыңды өзің жеси қатын атау ей жігітке намыс болады». «Әй, Темиәлі, не атаңның
құны бай еді Мәйуәда!» Жоқ, бұ да емес. Сейсіметті биіктетіп, Темірәліні жер ғып
тастайтын бір ғана сөз бар секілді. Бұған өш әперіп, анаған от басатын жалғыз ауыз
құдыретті сөз, қайдасың!? «Сейсіметжан, кешір мені, бір білместік кетіпті, азаматсың
ғой», деп жаутаңдататын сөз-ай, шіркін! «Әйелге әлің жеткен екен, жайықтық!» жоқ,
әйелге әл жетудің басқа мәні тағы бар. Бұ да үйлеспейді. Ең дұрысы... ең дұрысы:
«Ассалаумағалейкүм, Тем-ақа.» Мә, бәлем! Осы ыстықта сонша жерден ат сабылтып
жеткенде айтары сол ма? Қой, ол жарамайтын сөз! Сейсімет аттың аяңымен-ақ тау-
етекке таяп қалған-ды. Бөрте дөнен екі-үш аттап барып, мықшия беріп, ішін бір
босатып алады. Жануар иесінің ойшылдығын пайдаланып, жап-жақсы еркіндепті. Енді
болмаса жолдан шығып жайылып кетуі жақын екен. Сейсімет түсіп, босап кеткен
айылын тартты. Қисайыңқыраған көпшігін жөндеп, қайта мінді. Жай жүрістің, көп
ойдың қырсығынан көкірегі саябырлап, манағы ашу басылайын дегендей. Соны
сезгенде зәресі ұшты: «Иә, ата-бабаның әйуағы!» Осыны ішінен айтып, бөртені
бауырлап-бауырлап жіберді. Қалған жолды текірекпен алды. Сейсімет келіп атынан
түскенде кеңсенің көлеңкесінде үш-төрт қара қайыс бала асыққа таласып жатқан-ды.
Талас сақа төңірегінде екен, біреуі:
– Сақамды бер деймін, апам ұрсады,– деп безілдейді.
– Қайдағы сақа, жоқ, міне,– деп ересектеу бала екі алақанын жаяды.
– Қорғ