тынышын кетірді ме, Сандыбай қозғалақтап, тамағын кенеді. Сисенбай
да сөйтті. Сонсоң екеуі де түрегеп отырды. Екеуі де бір нәрсе айтқысы келіп, демдерін
іштеріне алды. Екеуі де түк айта алмады. Екеуі де төр алдында қарыны салбырап,
мезгіл-мезгіл мұртына қонған шыбынды қағып қойып, былқиып, жантайып алған үй
иесін елең еткізетін бірдеңе іздеді. Екеуі де іштеңе таппады. Сисенбай Сандыбайға
қарады. Сандыбай Сисенбайға қарады. Егер дүниеде бірін-бірі түсінетін екі жан
болса, олар дәл осы сәттегі Сисенбай мен Сандыбай шығар...
Кемпір алдарына дастарқан жайып, етті әкеліп қойғанда екеуі де қуанғаннан
күрсініп жіберді: енді ештеңе айтудың керегі жоқ. Екеуі де атып тұрып, есік
алдындағы шылапшынға қолдарын жуды. Сисенбай Сандыбайдың қолына, Сандыбай
Сисенбайдың қолына су құйды. Қайтып кеп дастарқанға отырды. Сандыбай
белбеуіндегі қынынан пышақ алып, Сисенбайға берді. Сисенбай ет турады. Мал туып,
жұрттың аузы аққа тиген кезде, тап, пәлендей ашығып жүрген кісі болмаса да,
Сисенбай ашқарақтық істеді: сүр құйрықтың шетінен жіңішкелеп тіліп ап, тілінің
үстіне тастап кеп жіберді. Жұтып болғасын барып, «біссімілдә» деді. Ауыр қозғалып,
дастарқанға жаңа жақындап отырған Әжекең мырс етті. Сол-ақ екен, екі қонақ
манадан бері айтатын сөз осы «біссімілдә» еді ғой, неғып есімізге келмеген деген кісі
құсап, жарыса күлді. Бірақ үй иесі тарапынан қоштау таппаған күлкі, дымқыл отынға
қойылған от сын-ды, бір жалп етті де, өшіп қалды. Ендігі әңгімеден береке
шықпайтынын түсінген қонақтар апыл-ғұпыл астарын жеп, аттануға асықты. Келген
қонақты өз қолымен қолтықтап, демеп аттандырмаса көңілі көншімейтін қарт бұ жолы
ішкі есіктің алдынан қалды. Осыған риза шығарсыңдар дегендей, орнынан бес пұт боп
бұлдана тұрып:
– Сау болыңдар, үстіп-үстіп сиыр іздегенде келіп тұрыңдар,– деді. Ана екеуі тез-тез
қоштасып, есікке ұмтылды. Мына шал тағы бірдеңе деп шағып алар, пәлесінен аулақ,
құрысын, құтылайықшы өзінен дегендей, есіктен шыққанша тыпыршып болды.
Ауандарымен шығуға шыдамай, есіктен екеуі бірін-бірі итеріп шығарды. Жаңағы
қолдарын жуған шылапшын алдарында тұрған-ды. Сисенбай соған бір аяғын тығып
алды. Судан өткен сиыр құсап артқы аяғын сілкіп-сілкіп тастап кете берді. Шылапшын
даңғыр етіп төңкеріліп түскенде жанында тұрған құманды құлатты. Толы суы бар,
мойны мен шүмегі жіңішке жез құманның ішіндегісі қапелімде төгіліп бітпей, лық-лық
етіп біраз жатты. Әжекең құман-шылапшынын түзеп қойып тысқа шыққанда қонақтар
кетіп үлгірген-ді. Күн кешкіріп қапты.
Ыңырана мөңіреп, желіні жер сызып қасқа сиыр келді. Кемпір үйден шелек алып
бұзауын салғанша шыдамай дігір салып тұр. Қызыл қасқа бұзау ойнақтап барып,
шаншылып-шаншылып тұрған төрт емшектің біреуіне бас салды. Қасқа сиыр
бұзауының онсыз да жалап-жалап жылтыратып тастаған сауырына тұмсығын емірене
үйкеп еді, ана үш емшегінің үрпінен сүт сорғалап қоя берді. «Биыл жер от болады
екен» деп түйді Әжекең. Қалған екі сиыр да азан қағып мөңірей, жолындағыны сүзе,
жайқай жетті. Енді бір сәтте әлі отықпаған жас қозылары қорада қалған қойлар
маңырап, азан-қазан, у-шу болды да кетті. Қанипа үйінің көкке тойынған тайынша
бұқасы өкіріп қуып маза бермегесін, Қорашыл бітеу қораның төбесіне барып жатып
алған. Анау сонда да қояр емес, өзінің қызыл ит құсап аула үстіне секіріп шыға
алмайтынына іші күйіп, бақырып-шақырып, айнала топырақ шашады. Қорашыл,
ендігіңнің бәрі бос былшыл дегендей, бір-екі рет маңқ-маңқ етті де үнін өшірді. Жаңа
туған, жіңішке алтын таға құсаған ай жеп-жеңіл түбіт бұлттың арасынан қайқаң етіп
бір көрінді де, жоқ болды...
Ертеңіне Әжімгерей төсегінен көңілді тұрды. Үйдің іші қырқай ұйқыда болатын.
Жұлқылап жүріп түгел оятып шықты. Үш қызды кезек-кезек тізесіне мінгізіп,
маңдайларынан сипап, мұрындарын қысып еркелетті. Таңертеңгі шай да, бағзы
күндердегідей мәстемір, табасы салдырламай, ыдыс-аяқтар соқтықпай тыныш қайнап
келді. Үйде сөз серік, әңгіме серік болатын адам жоқтығына қарамастан, қарт әрнені
бір айтып, көрпе-жастық, киім-кешекке шейін әзілге қосып, күліп отырды. Өткен түнде
Идаяттың Сақал-Сатым аулына қонатын кезегі-тін. Көп ұзамай осында келулері керек.
Әдетте Әжекең немересі өз жанына түнейтін күндері көңілді жүретін. Содан ба,
әйтеуір, бүгін ерекше шат, қарт кенет кемпіріне қарап:
– Осы біздің сары жағал серке қайда, көрінбейді ғой,– деді.
– Қойдың ішінде, оны қайтесің?
– Сақал салыстырайын деп едім!
– А-а?
Қарт қайталап айтты. Кемпір шалының бетіне үрейлене үңілді. «Қой, бұ сорлы
ауысты ғой, ауысты. Жасаған жалғыз ием, өзің жар бол! Алсаң жөніңе ала гөр!– деп
күбірледі,– серкемен сақал салыстырады деген не сұмдық. Алжығаны ма, әлде,
бірдеңе салқынын салып кетті ме? Жалғыз бала болса жоқ... а-а, сормаңдай,
сормаңдай». Әжекең ештеңе аңғармағандай қарсы алдына тура қарап отыра берді.
Кемпір одан сайын шошынды. Қорашыл маңқ етіп үрді де қоя қойды. Терезенің
алдынан қараңдап көлеңке өтті. Кемпір:
– Келді-ау садағаң кетейін,– дегенше болған жоқ, шалқасынан ашық жатқан есіктен
Қарашаш кірді. Түрегеп тұрып