қаңбақ етіп денемді
бір жел-құйын көтеріп ап жөнелді.
Аһ, не болды,
мені енді
жел көтеріп жөнелді.
Ойламаудан болды бәрі бас қамын,
ақыныңның ерлігі мен дастанын,
жел әкетті достарым,
махаббаттың желі әкетті достарым.
ӨЛГЕН ДОСТЫҢ ХАТЫ
Тірлік етем, баяғыша
сенделемін, ойдың отын жағамын.
Тек билетсіз жүрем поезд, автода,
Зат алсам тек – саудаласпай аламын.
Үйге қонам түнде ылғи
(көкіректі қайғы қысқан сағатта
терезені аша алсам-ау тек әттең)
Әттең, әттең қаси алсам желкемді,
гүлді үзіп,
қолын қыссам достардың,
болмас еді басқа арман,
Ойлай-ойлай осыны,
көкірегім өртенді
ЫЛҒИ МҰНДАЙ ЕМЕСПІН
Менде де бір әсем кештер болады;
Қызметтен уақытында оралам,
ораламын сыраханадан аман,
жан-қалтамда жалақым да түп-түгел,
балаларға ұсынамын базарлық,
сөйлетпеймін қарт анамды азар ғып,
жауларым да тұрмайды көзіме елестеп…
Менде де бір әсем кештер болады,
ылғи мұндай емес тек.
ХИРОСИМА
Дүниеге бөлек-бөлек келдік біз:
атам, әкем және мен,
ұлым, қызым,
күйеу балам – бәріміз
дүниеден бірге өттік,
бірге ұрындық тасқынға,
біздің мола қираған бір шатырдың астында.
КҮТЕМІН ДАУЫЛ
Құс ұшпайды аспанда,
жапырақ судырамайды.
Толқындар тыныш, түбінде.
бір атылуды қалайды.
Болат-тыныштық шыңылдап
құлағымды қажап тұр.
Күтемін дауыл, жүрегім
жарылуға аз-ақ тұр.
ЕРТЕҢГІ КҮН
Протогиппус – жылқының арғы атасы,
Диноторум – пілдердің арғы атасы.
Ертеңгі ұрпақ бізді де атам дер-ау,
ертеңгі жұрт бізді де адам дер-ау.
СОРЛЫ АҒАШ
Бір ағаш бар, булығып
тыныш тұруға шыдайды.
Соны көрсем, таң қалам,
Күнде жаңбыр сұрайды.
Айырмайды күн, түнді,
төрт мезгілінде жылдың,
жаңбыр, қар, жел астында
өз-өзінен езілді.
Қарғамайды қайғыны,
танымайды шаттықты.
Бірақ сәуле түскенде
абдырады, аптықты.
Кітап берем мен оған:
тыныштығынан айрылсын,
Әуселесін көрейін
әуелі бір қайғырсын!
* * *
Балық үшін теңіз керек демеп пе ек,
сүю үшін қайғысыздық керек тек.
Уәйімсіз жату үшін шалжиып,
алу керек мал жиып.
Бірақ түктің керегі жоқ, туысым,
ақындарға ақыл үйрету үшін.
ҒАЛАМАТ ЗАТ
Ғаламат зат – өмір сүру дегенің:
болса аспан-күн айық,
Жүрсең сау боп тыңайып,
кір болмаса кеудеңде,
шын айтуға келгенде,
таза болса арың да,
наның болса қолыңда,
сенім болса достарға,
елің болса айтқаныңды қостарға,
жүрсең ылғи алғы күннен бақ күтіп,
ең мықтысы: сенсең бақыт дегенге,–
бола ма екен басқа арман…
Ғаламат зат – өмір сүру дегенің.
ЦИВИЛИЗАЦИЯ
Өзіңе бір қарашы, ұят-тағы
түк ұқпайсың тас-қазық сияқтанып.
Киіміңді корген жан құсып өлер,
Құрсын, құрсын көрсетпе, түсіме енер.
Қылық жасап қатынша бұраңдайсың,
бір орында тыным ап тұра алмайсың.
Бешпет киген кімсің сен, айналайын,
цивилизация дегенің қайда ағайын?
Мойныңдағы шұбалған таста арқанды,
аттама анау столды, дастарқанды.
Тарелка мен нан керек тірі жанға
қасық ұстауды үйренші құрығанда.
Англия нейлоны... бастон, жібек
Модылардың базары басталды үдеп.
Көремісің: туфлидің ерек іші,
әйелдердің белбеуін көремісің?!
Қоқытпа ана шашыңды, ара-тұра
саусағыңмен болса да тара, шырақ,
дүниеқоңыз екен деп сөкпе мені,
есті кісі көп естіп, көп көреді,
ғұмыры бір шыға алмай жөргегінен
сендейлердің талайы көрге кірген,
Есейеді адамзат пұлын біліп,
оқығаны емес тек, көргенімен.
ҰҚЫПТЫ ДҮНИЕ
Таң қаламын:
неткен қатал заңдылық бұл біркелкі,
қыс пенен жаз,
күз бен көктем,
күн мен түн –
бәрі кезек, бәрі заңды баяғы.
Ағаш тамырын жер астына жаяды,
ал, тау шыңы – биікте, ең үстінде,
барлық таудың шыңы солай болады,
адамдардың миы – баста болады,
бар адамның миы солай болады.
Бес саусақтың орны бөлек,
бас-бармақ…
сұқ қол,
ортан қолдар содан басталмақ,
Шынашақтың орны бөлек,
шынашақ
шықса бір күн аспандап,
болса бір күн бас-бармақ.
Болмайды оған,
Қой, оның не болмайды,
(болмайтынға қолың созсаң – сол қайғы)
немесе анау алма ағашы
бұтағымен жерге еніп,
өсіп тұрса тербеліп?
Шулар еді бар ағаш:
«Сәлемат па, аман ба?
Кімсің? Несің?
Ағаш бұлай өсе ме екен?
Ки-ки-ки, бұл заманда?»
Осылайша шулар еді бар ағаш.
Ауа ың-жың болар еді:
«Алма ағаштың төбесінде, Тәңірім,
жапырағы емес, тамыры!»
Немесе тау шыңдарымен жерге еніп,
аспаннан кеп аяғы,
жатса бір күн әсем екен дер ме едік?!
Сақта, Құдай!
Жер астында болсын тамыр, өліктер,
тірілерге жердің үстін бөліп бер!
Тәртіп жақсы, не дегенмен, досым-ай,
қалсын бәрі дәл осылай...
Осылай!
ЖАХИД КӨЛЕБИ
БОСТАНДЫҚ
Құ