сүйел шықты башпайының астына.
Кездерінде бәтіңкісі қыспаған
Құдайды ойлап бас қатырған жоқ әрі.
Күнәлі де кісі емес ол – күшті адам,
бірақ халі аянышты болады.
Бәрінен де әпәндім-ай, әпәндім,
Қырсығыңа Сүлеймен боп атандың.

ЭПИТАФИЯ № 2

Ешбір сұрақ мазалаған жоқ оны,
«Ту би ор нот ту би»1 деген де.
Түнде ұйқыға жатқан,
таңда өледі,
содан оны көтеріп ап жөнелген.
Намазына жиылған жұрт көмеді,
мұны естісе алажағы бар жандар
бұ қазаның құны біраз арзандар.
Алғаны жоқ, қайдан болсын берері.

1 Бола ма, жоқ па? (ағылшынша)

ЭПИТАФИЯ № 3

Винтовкасы тапсырылды қоймаға,
әлдекімдер киімін ап боқтады.
Дорбасында қиқымы да, жоқ нанның,
ыдысында ерін ізі жоқ тағы.
Кеткен сынды жел үріп,
кетті ол мәңгі,
есімі де жоқ есте.
Екі-ақ ауыз жазған сөзі желігіп:
«Өлім деген – Құдай еркі емес пе,
Өлмесе адам неге керек шүкір ғып,
біз де бәрін сол шүкірмен бітірдік».

ОЛ ЕМЕС!

Қалай айтсам болады
қасіретімді сендерге!
Қысымынан қайғының
сөз қалмады менде емге.
Қырсығымды бұл ерен
тек жауыма тілер ем.
Жарасы ма жүректің?
Ол емес қой, ол емес,
Қайғы – қара тамақ па?
Ол емес!
Не болды деп, сұрайды
көзге төніп көп кісі.
Сондай қайғы мендегі...
енді шыдар жоқ күшім.

ӘЛДЕ НЕ БАР...

Теңіз мұнша бола ма әсем күнде де?
Аспан мұнша бола ма әсем күнде де?
Мына заттар осындай ма күнде де?
Терезенің әйнегі ше?
Үндеме!
Қайда саған, қайда саған!
Бар мұнда
мен ұқпайтын бірдеме.

НЕГЕ!

Неге бұлай:
біреу тұрып «порт» десе,
көрем ылғи діңгектерін кеменің.
«Теңіз» десе тағы біреу,
көз алдыма ақ желкендер келеді.

Ал, «март» десе – мысықтарды мауыққан,
«шындық» десе – жұмысшыны көремін.
О, Құдайдың толғандырып қойғаны-ай:
неге сенеді қарт диірменші Аллаға,
осылардың бірін жөндеп ойламай?
Сауалым көп, сауалым:
желді күні неліктен
жаңбыр қыли жауады?

СУ ТЕГІН

Біз өмір сүреміз
теп-тегін,
Бұлт – тегін,
теп-тегін оттегі.
Тау тегін,
Жаңбыр мен лай тегін,
Машина көргенім үшін мен
бір тиын бермеймін,
ішімнен
мың шүкір етемін әйтеуір.
Қайтемін:
Витрина елесі – теп-тегін,
Сонда сен нан менен ірімшік
деп пе едің:
теп-тегін?
Біз өмір сүреміз
теп-тегін.

МЕНІҢ СОЛ ҚОЛЫМ

Тойған күні араққа
ұмытқам өңгені,
сен есіме түсесің,
менің сол қолым,
менің қор қолым,
менің сор қолым.

ІСКЕК ЖАЙЛЫ ӨЛЕҢ

Бұл не оған бомбасы ма атомның?
Лондондағы бір жиынға барса еді?!
Бір қолында іскегі бар,
айласы –
қиылған қас боп көріну,
бір қолында айнасы.
Өңге әлемде шаруасы қанша оның?!


ТЫНЫС

Мынау шайқас тез бітсе екен дейсің де,
тағы айтасың: аш қалмасақ екен деп.
Ұйықтап қалмай
түскі асқа ояу жетер ме ең.
безектейсің шаршамасам екен деп.

Айт одан да, уақыт алма бекерге:
– Өліп кетсем екен!– деп.

КЕНЕТТЕН

Бәрі болды кенеттен:
Айықты аспан кенеттен,
Күн сәулесін төкті жерге кенеттен,
Дүние жасыл бояу тұтты кенеттен,
Бәрі болды кенеттен.
Кенет жерден көтерілді бу әппақ,
Алма ағашы түйін салды кенеттен,
Қызыл алма пісіп шықты кенеттен.
Кенет,
кенет,
Бәрі кенет жасалды:
қыздар – кенет,
жігіт – кенет,
Дала, жолдар, мысықтар.
Кенет жерде пайда болды махаббат,
келді кенет қуаныш.

ҒАЛАТ КӨПІРІ

Көпірде тұрмын мен,
Сендерге қараймын қызықтап:
біреулер еседі қайығын,
ескегі су бетін сызып қап.
Тоқтатты біреулер кемені,
ал, біреу кемеге келеді.
Біреу – құс оқ тиген, құлайды жалп етіп,
біреу – балық, шоршиды жалт етіп.
Біреу – кеме,
біреу – баржы, біреу – бұлт,
біреу – үн,
біреу – түтін...
Барлығың ырсылдап-гүрсілдеп,
бір үзім нан іздеп жүрсіңдер.

Мен сендер үшін бір жәй кісі
жұмыссыз, қайғысыз.
Жарайды, мақұл-ақ,
өздерің туралы бір күні
жыр жазып, ақыма
бірнеше тиын ап
тамаққа мықтап бір тоярмын –
қиын-ақ...

МАЙДАНҒА АТТАНҒАН ЖАС ЖІГІТ

Соғысқа аттанған бозбала,
Қайта орал осы күйіңде,
Төріңе сау кеп көсіл,
ерініңнен –
теңіз исі кетпесін,
таңдайыңнан тұздың дәмі кетпесін,
Соғысқа аттанған бозбала.

МЕНІҢ КӨЛЕҢКЕМ

Сені артымнан ерте-ерте қажыдым,
Қаншама жыл, айтар оны
бетімдегі әжімім.
Бір кезек біз,
тірі болған соң әйтеуір,
сен – өзіңше,
мен – өзімше
күнелтіп көрсек қайтеді?!

ИЛЛЮЗИЯ

Махаббаттан арылғанмын мен ескі,
Өткенімнің бәрі ескі, көмескі.
Әйелдердің бәрі сұлу ендігі,–
жаңа көйлек киіп шықтым мен бүгін.
Бетім жылтыр –
Қырынғанмын мықтап былтыр.
Дүние – тыныш,
көктем келді – бәрі әсем,
жер – орнында,
күн – көгінде,
ж