Ағашы жоқ, ауыл… ауыл түрі жоқ,
бұтасы жоқ құстар қайда қонады.
Селтең етер жалғыз бұта жоқ әне –
Қасіретімді қайтып бассам болады.
Жыл мезгілі алмасады, не пайда,
ағашы жоқ жерді жер деп атай ма.
Жат аулалар көгеріп тұр, көктеп тұр,
біздің ауыл жетім боп тұр, шеттеп тұр.
Жыл мезгілі алмасады,
қайғым бірақ баяғы
ағаш құсап жапырағын, жапырағын жаяды.
Жатар ма едім жапыраққа шалқамнан,
тау басынан түн жылысып түскенде
қайғым менің ұлғаяды он есе,
тау басынан ымырт жылжып түскенде.
Жер-ана бізді сүймейді ғой деп біз де
қиналамыз, сондықтан
махаббат та жоқ бізде.
ЖҰМЫССЫЗ
«Тағдыр ғой бұл да – дейді ол, –
Көшеде қаңғытып қойған.
Жұмыс та жоқ, қорқыныш жоқ, құрмет жоқ,
үш жыл бойы нанды көрді түсінде,
иә, түсінде.
Сонша аш еді ол, аш еді жан-сезімі –
кеміретін қол-аяғын өзінің.
Қоңыр самал сипап есті,
шашын кетті ұйпалап
Саусағымен тағы аңдарды сипаған.
Санасыз жел еспесе де қас қып түк
Қоздыратын аштықты.
Аш еді ол, күнелтетін кеміріп
ұртын, ерінін.
Түннің өзі дір етіп бір тұнады:
жұлдыз көріп қалмасын деп мынаны,
аспан көріп қалмасын деп мынаны,
аш кісінің үстін баса құлады.
Сонша аш еді ол, ышқына жан шақырды
демін жұтып ақырғы.
ФРАНЦУЗ АФРИКАСЫ
Кітап жатыр витринада, қатарда,
«Француздың Африкасы» аталған.
Жылы – 1951
Жазылған ба тегін кітап, тегін жыр.
Көкірегіңді көлеңке өртеп көгілдір,
Қара адамның қасіретін төгіп жүр.
Тамтамымен араласып қыру, асу, ату:
«хапитики хапитаку таку».
Неге дейсің тұрғандарға қатарда,
әлі күнге неге бұл
«Француздың Африкасы» аталған?
Әрине дейді ол-дағы
қараларда жоқ арман
креске қағып дінді әкелдік оларға,
бізсіз олар көтеріліп болмады
құлағында үн – қыру, асу, ату,
«хапитики хапитаку таку».
«Француздар Африкасы» міне осы –
неменеге күлесің?
Әйнек-моншақ үшін анау бір тізбек
апельсин, банан... шыбынын жүр жұрт іздеп.
Құдай берген Күн мен Жердің сыйлығын
Эйфель-мұнара атағы үшін қиды бұл.
Міне саған цивилизация ерікті,
Қара адамдар терісінен барабандар керіпті:
«Хапитики хапитаку таку».
Ал, сен бірақ «Африкасы Француздың»,
бір шындықты ұғынған жөн дұрыс қып:
бостандықсыз болмақ емес тыныштық.
Арық қолда сынық айнасы Париждың
көрсете алмас жүзіңді, мың жыл күт мейлі
Бостандықсыз қасірет биі бітпейді.
Сол баяғы қыру, асу, ату:
«хапитики хапитаку таку».
ҮЙДІҢ ӘЙНЕГІНЕН КӨРГЕНДЕРІМ
Үлкен үй-ау менің Түркиям да,
Ұлы таулар етегінде мекені.
Осы арадан қызыл күн мен қиялға
шейін шашсаң кір мен ылас жетеді.
Ал, анда ше?
Аға боп бір даңқты
аш шаруаның жерін тартып алып тұр.
Үлкен үй ғой Түркиям менің бұл,
Терезесі ашылады жан-жаққа.
Арзрумда, Испир, Иозгат жақта әне
алданған жұрт саудагер мен жалдапқа.
Ал, мұнда ше?
Пейілін сатып өз жұртының әппақ бір
ол опасыз қалтасының қалыңдығын сақтап тұр.
Үлкен ел ғой Түркиям, жасарып
Жалаулары көрінеді желбіреп.
Қырық мың ауыл – қырық мыңы да аш, арық
Соны көріп соқыр болдым еңіреп.
Опасыздар басқарған ел не оңады:
бірі – түлкі, бірі қасқыр болады.
Ішінде осы шыққандардың жоғары
жөні дүрыс бір азамат жоқ әлі.
Опасыздар басқарған жұрт не оңады.
МАХАББАТ ЖЫРЫН ЖЫРЛАЙЫҚ
Махаббат жырын жырлап бақ,
Кер желкенді, желбірет.
Неге бәрі сұлу емес,
аспан тұр ғой мөлдіреп,
Көк аспанды адам да
Бұлтпен бір кезді – жеңіл ме?
Адам қалай өледі
осынша әсем өмірде?!
АЯҚТАР МЕН ҚОЛДАР
Бөлек жатты бір аяқ
Қираған қабырға астында.
Сазға айналыпты бұлшық ет
Қираған қабырға астында.
Аяқта сұр жоқ, бірақ та
Көрінді туфли бір аппақ,
Өмірдің өзі сияқты.
Жұлынып жатты бір қолы,
Өртенген үйдің қасында.
Көмірге айналып бұлшық ет,
Өртенген үйдің қасында.
Қол – қимылсыз, білекте
соғады сағат дірдектеп
өмірдің өзі сияқты.
* * *
Алдаған кім мұнша адамды япыр-ау,
Өлімнен жұрт қорықпайды деп бекер?!
Ей, өлім, сен көктен биік шығарсың,
– Менің бірақ иланбағым кеп кетер.
Қалай ғана қиярсың сен тірлікті,
ескі киім, үйі де емес әкеңнің.
Мен өлімнен қорықпаймын дегенмен,
түсінбеймін, қалай ғана өлем мен?
ШУМАҚТАР
Б і р г е о я н с а қ
Жер шарының бір жартысы – ұйқыда,
Бір жартысы ояу – біздің мекен ғой.
Түсінікті, бірге оянуды бізге
Табиғат та қаламайды екен ғой.
Т и ы м
Маған тиым салынған: