лдаушы, аулаушы, аңдушы, арбаушыға айналды. Сүбелі-сүбелі суреткерлерді сүзіп-сүзіп Сібір су-суығына сіңірдік. Ақын осы ойды астарлап «бірден» деген сөзбен беріп отыр. Әсіре қызыл тез оңар дегенді қазақ осындайдан айтқан. Большевик те оңбады, біз де олар озбыр отарлау саясатының жалғасы екенін ұқпай, ұлт болып ұрындық. Қатты қателестік. Осының бәрін Жұмекен таратып, талдамай ұлттың ұғымына сеніп ұсынды. Сол кездің цензурасын бір-ақ сөзбен айналып өтті. Мүмкін, Жұмекен қызылды бірден қызыл дегенді мақтанышпен айтып отырған шығар деген пікірге біз, онда неге Жұмекен осы жолдарды «Қателесу сөз бе екен» сөзбен, ой–тұжырыммен жалғастырады.

Тағы да бір оралайықшы өлеңнің сол тұсына:
«...Біз керемет кең халықпыз,
Сөз бе еді
Қателесу көтерем деп өзгені».
Жұмекен қателесу туралы сөзді қазақ халқына қарата айтып, қолданып отыр. Бүкіл халық болып қателесу. Сұмдық қой бұл. Оп-оңай. Түкке де тұрмайды. Сөз бе екен. Кеңбіз ғой. Бір қателікті жасасақ кеңдігімізден кем болмаймыз. Өзімізді өзіміз көтереміз деп жасасақ қателікті бір жөн–ау. Осы өлеңде қаншама салмақ, сабақ жатыр. Мойындау, сынақ, сыналу бар. Ақынға да оңай түспейтін, жүрегіне жүк болып тиелетін жыр жолдары.
Жұмекен өлеңнің соңғы жолын былай :
«Ал, бір жақта құлан құлап құдыққа,
Құлағына ойнап жатты құрбақа»- деп бітіреді.
Осындай ойларды біз Жұмекен поэзиясына жоқ жерден алып келіп жалғап,танып жатқан жоқпыз. Ақынның қолданған сөздерін талқылау, таразылау осы ойға әкеледі. Байыппен барласаңыз Жұмекен өз қазақ халқының трагедиялық тағдырын өте ерте, жас кезінен түсіне, ұғына, сезіне білген. Оған біз Жұмекеннің алғашқы жарияланған бір жырын талдап, таратқанда тоқталамыз.
Жұмекен қазақ халқындай адал, ашық, ақ. Дүниенің бетіне тура қарап, алға аттауға ары бар қазақ ұлтының ұлы Жұмекен - өз халқынан, өмір лавасынан жалын атып, алмас болып жарқырап шықты:
«Шықтым, шықтым өз сөзімнен – шеңберден,
Қайла, күрек, қайдасыңдар- кел бермен.
Қағаз, қалам, сия сауыт- кет аулақ,
Шабыт тауып жарымадым сендерден.
Енді алдымда: қызыл ұшқын тұр борап,
Қара тасқа қадалады сұр болат.
Менің орным- жалын атқан лава іші,
Менің сөзім- темір шеге бір қорап,
Қағылады ол таба алса егер өз орнын,
Таба алмаса? – Қобдишада жатады.
Басып озса – қалай ғана төзермін,
Ақын даңқын бұрғышының атағы.
Жо, жоқ, достым, атақ емес мұратым,
Жақындаған сайын оған бір адым,
Адал аққан әр тамшы тер алдында
Бөркімді алып тұрамын».
Ақын өз шеңберінен шыға білді, шабыт желімен желді.
Атаққа да адал, ақ еңбекпен ие болды. Өлең әлемінің өзіне өнерден келді. Әдемі өлеңі әділ адамдар, шахтерлер арасынан шықты. Жаңағы Әбекең айтқан Өмір Орталығында қарыштады. Жаңа, тың жолмен келді. Менің мұндай ойымнан Жұмекен жайында жазған соң бар жақсыны соған тели беру деген пікір тумас. Сол заманғы дереккөзден алып отырмыз жақсы сөздерді. Өзгертілмеген, өңделмеген өмірден. Дау тудырмас үшін жаңағы жастардың шығармасына арналған жиыннан дерек келтірейік.
73 бет. Қ.Бекқожин: «Қарағанды шахтерлерінің еңбектегі ерлігі, табиғаттың байлығы, басқа өрнектерін өлеңді Қарағандының Қарағандылық лебі аңқып тұратын өлеңдерді көре алмаймыз. Қарағанды мен Көкшетау табиғатын суреттеу арқылы өнегелі шығармаларымен келген ақындар жоқ деуге болады. Біздің бәріміздің жазғанымызда қолдана беретін Алатау, Көкшетау. Бұл екі таудың пейзажы айырылмайды. Біздің ұлы ақындар өзінің көрмегенін, сезбегенін жырламаған».
Қалекең қандай ғажап, поэзиялық талап қойған: Қарағандылық леб аңқып тұру керек. Ол үшін Қарағандыны, жер астын, лаваны көру керек. Өмір орталығынан өту қажеттің. Онымен қоса талантты болу шарт. Көргендей, естігендей жаза білу міндет үлгілі, өнегелі өнер үшін.
Ғ.Қайырбеков: «Өлең жазу мәдениетінде бір жағымсыз құбылыс орын алды. Жалаң мәлімет - өлең – ақпарлар пайда болды. Өмірді жырлау, еңбекті, еңбек адамын жырлау өлеңнің бір сұрықсыз, мінсіз түрін тудырып алды. Өлеңде өнер азайды».
Бұл да тарихи дерек, мұрағаттан алынған. 1954-1955 жылдардағы өлеңдерді талдаудан туған ойлар. Өлеңде өнер азайды? Өлеңі бардың бәрі өнерлі ме?
Жұмекен ақын даңқына алғашқы қадамын Қошалақтан бастаса, Қарағандыда шахтерлердің көркемөнепаздар үйірмесінде жалғастырды. Ол мектепте скрипкада ойнаса, Қарағандыға қоңыр домбырасын ала шығып, кеншілерден көмір қазуда да, көркем өнерде де қалыспады. Қошалақ құмынан, Қарағанды көмірінен кәрі Кремльге өнері апарды.
Көміршілердің кәсіподақ ұйымдарының жиналыстарында нөмір 33/34 шахтаның көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына көңіл аударарлығы жылы сөзбен аталып өткен. Осынау сөз жерде қалмады, еститін құлақ естіді де, көңіліне тоқыды. Әлеуметтік әділдікпен бірге әдемілікті де ұға білген адамның, есінде қалды. Үлкен жүрекпен жас жүректің кездесуіне аз уақыт қалғанды. Көмірмен бірге Қарағандыда өнерлі адамдар кені де мол еді. Өнер сүйер қауымға Алматыдан 1955 жылдың 18-20 ақпанында ССРО халық артисі Күләш Байсеитова мен бірге Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп кеткенді. Оркес