Осынау ғажайып концерт өткен Қарағанды қаласының төріндегі кеншілердің мәдениет сарайы пайдалануға 21.03.1952 жылы тапсырылған, көрермендер залы 1000 орын, лекциялық залы – 400 орын. 1955 жылдың қазан айында көркемөнерпаздар саны – 421 адам. 1955 жылдың жазында өткізілген Республикалық көркемөнерпаздардың байқауына облыстан 170-тен аса адам қатысты. Облыс бойынша 3 бірінші орынды кеншілер сарайының өнерпаздары жеңіп алды. Республикалық байқауға 8 өнерпаз іріктелді, оның ішінде 2 грамота және 300 сомнан ақшалай сыйлық алды. 1955 жылдың 9 желтоқсанында өткен республикалық байқау жюриі хаттамасына сәйкес ҚССР кәсіподағы Кеңесінің құрмет грамотасымен нөмір 33/34 шахтаның моторисі М. Сүлейманова марапатталған.
Республикалық байқау аяқталмай жатып жұмысшы және қызметкерлердің Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына дайындық басталып кеткен еді. Осы жолғы байқаудың өзіндік ерекшелігі Совет Одағында билік еткен коммунистік партияның XX-съезімен тұспа тұс өтуі. Сталиннің жеке басына табынудан бас тарту съезі болғанмен, оның ісін басқа басшылардың бастауымен жалғастыру жиыны болды. Өмір мектебі саналған кәсіподақ ұйымы да жұмысшы мүддесін қорғауға жанталасты. Жеке басқа табынудан бас тарту дегенмен өз жемісін берді. Елге тұтқа боларлық тұлғалардың әрқашанда болғаны, бар екендігі, болатындығы баянды болды. Жұмыс уақытын 8 сағатпен шектеу, демалыс күнін енгізу осы кәсіподақ ұйымының бастауымен қайтадан қалпына келтірілді. Кәсіподақ мәдениет ошақтарын көптеп ұйымдастыруға көңіл бөлді. Қарағандыда кеншілердің кәсіподағының басшылығында коммунист, облыстық партия комитетінің тақаудағы екінші хатшысы болған Кенжин Әукебай жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қызмет етті. Өзінің барлық өмірлік тәжірибесін, абырой- беделін, атағын, білімін, біліктілігін әлеуметтік әділдік жолына жұмсады. Кеншілердің облыстық кәсіподағының төралқасының 1955 жылдың 17 ақпанындағы қаулысымен Кеншілердің мәдениет сарайының жұмысын қарап, қызметін дұрыс атқармаған директор Пронинды жұмыстан босату туралы шешім қабылданады. Кенжин Ә.Қ. бүкілодақтық байқаудың мәнін, мағынасын, маңыздылығын жете түсіне білді. Жұмысшылардың мақсат-мүддесімен қатар Әукебай ақсақал қазақ ұлтының да мүддесін ұмытпады. Байқауға барса ұлттық өнермен баруға бел шешті. Әрине, бұл іске бүкіл республика, облыс басшылары араласты. Алайда, мұрағаттан Әукебай атамыздың істің негізгі, шешуші сәтінде ерекше роль атқарғанын анықтадық. Ең бастысы, байқауға қатысу мақсатында Кенжин Ә. Қарағандыда кеншілердің ән-би ансамбілін құруға кеншілердің облыстық кәсіподағы төралқасының 1955 жыл 18 қарашасындағы қаулысын қабылдайды. Одақтық байқауға Қарағанды кеншілерінің заңды түрде қатысуына құқықтық негіз қаланады. Қарағанды қаласының энциклопедиясында шахтерлердің ән-би ансамблі 1961 жылы құрылды деген қате ақпарат берілген. Кеншілер кәсіподағының 1955 жыл 18 қарашадағы қаулысына сүйенсек ансамбльдің құрылуы сәл ертерек болған. 1955 жылғы қаулыда 25 қарашаға дейін ансамбльдің құрылуы талап етілген. Талап бұлжытпай орындалды, ансамбль құрамы белгіленген күннен бастап жасақтала басталды. Оның негізін Кеншілердің мәдениет сарайының жанындағы көркемөнерпаздар ұжымы құрады. Кәсіподақтың Орталық Комитетінен ансамбльге керекті киім тіктіру үшін 60 мың сом қаржы сұралады. Бұған дейінгі Кеншілер сарайының жанындағы 1954 жылдың басында ұйымдастырылған ән ансамблі тарап кеткенді. Бүкіл мәдениет жұмысы тиісті жоспарсыз, жүйесіз жүргізілген. Енді, шұғыл түрде, дереу барлық ұйымдық жұмысты жолға қойып, ән-би ансамблін құру керек болатын. Оған шахтілердегі клубтардың көркемөперпаздар үйірмесінен ең үздік деген өнерпаздарды тарту туралы клуб басқармаларына нұсқау қаулыда тура көзделген. Ансамбль шахтерлер ансамблі ретінде құрылатын болғандықтан оған шахтерлердің қатысуы қажеттің, онсыз кеншілердің ансамблі деп есептелмес еді. Кәсіподақ қаулысының тарихи құндылығы сол заманның қолданыстағы заңдарына сәйкес болып кеншілердің ансамблі ресми танылуы. Осы қаулының негізінде нөмір 33/34 шахтаның шахтері, сондағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген Жұмекен Нәжімеденов те ресми түрде шақырылады. Бұл қаулы ресми кәсіподақтың қаулысы болғандықтан құқықтық, заңды күші бар. Жұмекеннің өнерге заңды, құқықтық жолмен келгенін көрсетеді. Жұмекенді шахтерлердің ақыны, даңқты шахтер, Қарағанды қаласының құрметті азаматы аталуының құқықтық негізінің бірі осы қаулыда. Қарағанды халқының Жұмекенді мақтаныш етуге заңды түрде, құқықтық негізі мықты. Қарағанды мұрағатында Жұмекеннің сол жолғы өз қолымен толтырған үш анкетасы сақтаулы болып шықты. Одан біз Жұмекеннің нөмір 33/34 шахтаның клубының жанында ұйымдастырылған көркемөнерпаздар үйірмесіне келе салысымен 1955 жылдың 1 қазанынан қатысқанын білдік. Негізі солист-орындаушының үш есеп құжаты Жұмекеннің өз қолымен