Жұмекенге әуел баста, небір қиындық, қауіпті, бейнетті көргенде, кешкенде шахтаны тастап, безіп кетуге де болар ма еді? Қас қылғандай қайдағы бір күрделі, қауіпті, әлеуметтік әділеттілігі шамалау, адамгершілігі төмендеу шахтаға түскенін көрмейсіз бе. Қиындықтан қашуға болмайтын, ол комсомольдық жолдамамен бүкіл Қазақстанға мен барамын, шахтер боламын деп жар салып келгенді. Сырт беріп, сытылып кетуге жол жоқтың. Мықты қазақты жыр еткен ақынды сол мезетте ездік жасауы мүмкін еді деп кім айта алар. Екі жылын толық өткеру үшін, ол, қайласы бар, айласы жоқ, күлкісі күркіреген, жас қырандай түлеген, әзілі мен анекдотын қоса айтып, жас қазақ тағы да лаваға бара жатты:
«Таңғы самал сәл сергіткен, денелі,
Қандай жақсы ер өңі
Келеді әне, қайсарлығы шахтердің,
әзілі мен анекдоты келеді.
Қандай ғажап күлгені оның күркіреп,
Сол күлкімен қалады өзі бір түлеп.
Қайлалардың жылт- жылт еткен ұштары,
Қараңғыны жыртып өт.
Сұйық ауа қалар сонда қойыла,
Көмір исі желпиді алғаш бетіңді.
Тізілген шам штректің бойына
Керзі етіктің жез шегесі секілді.
Одан әрі Лава жатыр- тұнған шаң,
Қайт ізіңмен бетті басып бұлдансаң.
Жану қиын ілкіде,
Сөне алмайсың бір жансаң.
Кеше қойған тіреуіңді қайта аңдап,
Күйбеңдейсің қолғабың мен балтаңды ап.
Қап – қара тер көрінгенде арқаңнан
Қара вагон шығар толып қайқаңдап...».
Елім деп, еңбек деп жанған Жұмекен жұлдызы сөнген жоқ, әлі де жарқырап жанып тұр. Қарағанды лаваларын жырлары шарлауда.
Шахтер Жұмекен кейін атақты ақын болған сәтінде де өзінің орны лавада. Қайнаған өмір лавасында деп санаған:
«Бұл өмірдің лапылдаған
Бар жалыны- лаваларда-
Сол жалынға жер үстінде
Жалғыз теңеу табылар ма».
Жұмекен тұйық емес, тұңғиық. Өмір лавасынан жалын атқан жанар тау. Бар жалынды бойына, жүрегіне жиып алған ақын жанбаған да, кім жанады? Жанбау, жанып кетпеу мүмкін емес еді. Ұлттық, халықтық, еңбек идеясымен жанды жас ақынның жан-жүрегі. Ұлы істер жалынды жастық шақта жасалады - Жұмекен өмірі, үлгісі соған дәлел.
Ол жану үшін қажетті қызуды еңбек пен өнерден іздеп тапты. Жер түнегінен шыққан шахтер дән егіп терлеген қазағының еңбегінен Сарыарқаның сардаласы сары алтындай жанып тұрғанын көрді:
«Жарық деген әлемдегі ең әдемі,
Демен, бірақ тек жарықпен жанасың,
Жану үшін – қызу керек әуелі,
Ол қызуды - өзің іздеп табасың».
Жұмекен жануға қызуды қазақтың небір ыстық, керемет жүрегінен тапты. Өзі Алматыдан іздеп шығып Арқада кездестірді. Қапы кетіп қателеспеді. Елінің еңбегімен өсті. Өзін өзі жолықтырды. Жүрегі күн боп жанды. Жыры нұр боп құйылды қазақ көңіліне.
Жиырма жастан жаңа асқан жас жігіт жалынды жыры- «Менің Қазақстаным»- өлеңін табыс етті қазақ халқына.
Жұмекен өнерінің тамыры тым тереңде, оның өлеңінің күре тамыры – халықта. Жұмекен күнделігінде: «Мені жұрт қиын ақын санайды. 60-70 жылдар арасында жазылған жырларда… есть некоторые неточности. Но в основном Я литератор народный. Тым қарапайым жазам»,- деген.
Расында да, Жұмекен қиын ақын емес, оның өмірі, тағдыры қиын, күрделі болды, өзінің туған қазақ халқының тағдыры, өмірі сияқты. Ол өзінің өмірі жайлы жар салып, айғайлап шындықтың қадірін түсірген жоқ. Қарапайым жазса, өз ұлтындай қарапайым болды. Қазақтың қарапайым қара өлеңі қасқайып әлі тұр. Қара – пайым. Қара- мол деген ұғымды білдіреді қазақ тілінде. Қарапайым - пайым молдығы. Құдіреті, қасиеті осы қарапайым мінезінде. Қарапайымдылықта қайырымдылық, адамгершілікт