Жұмекен өзі де:
«…Бірақ Пушкин емесім бәріңе аян,
Белинский емессің, әрине, сен.
Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
Ал түңілген кездерім басым одан.
...Мазалама Пушкинді,
менің үшін
жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам... демей ме?
1957 жылдары Жұмекен Алматыда жерленген Қасым ақынның бейтіне барып, тағзым етіп жүргені белгілі. Қасым ақынның образын қазақ поэзиясында бейнелеген Жұмекен оны космостық ақынға бағалады. Қошалақ құмына барғанда Жұмекеннің Қасымды дәл осылай бағалауының негізін түсіндік. Жұмекен жырындағы Қасым ақын бейнесі жайында ғылыми еңбек жазуға тұрарлық дүние өте көп. Жұмекеннің сүйіп айтатын Сарыарқа әндерінің ішінде ерекше беріліп шырқайтын әндері Қасым мен Мәди әндері болған. Әлде, Қарағандыда жүрген кездерінде үйренген әндері жастық шағын елестетті ме? Мүмкін Арқа елі оған Арқа жақтан соққан Қошалақ желін еске салған шығар. Әлде, осы үшеуінің бір ортақтығы бар ма? Биыл - 2005 жылы Мәдидің туғанына 125 жыл, Қасым ақынның, Нәжімеден атаның қайтыс болғанына тура 50 жыл, Жұмекеннің туғанына 70 жыл толып отыр. Ұлттың ұлы ұлдарын бір қылатын дүние ол - жалпы ұлттық мүддеге келгенде қапысыз, қалтқысыз қызмет етуінде жатқан сыңайлы. Ахмет Жұбанов Мәдидің «Қаракесегін» музыка өнерінде қазақ ұлтының гимні деп бағаласа, біз де Жұмекен мен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін қазақ ұлтының гимні деп бағалайтынымыз, таныйтынымыз шындық қой. Бұлар қазақ халқының тұтастығының, бірлігінің белгісіндей, ескерткішіндей тұлғалар емес пе. Қалай айтсақ та, мен Жұмекенді өзімсініп өзіміздің, біздің Арқаның, Қарағандылық азамат, ақын деп қарастыруға бейіммін. Жұмекенді бар қазақтан, Атыраудан, Азғырдан, Алматыдан бөліп алып бүлік шығарайық деген ниет жоқ. Жұмекеннің Қарағандыға келуі кездейсоқтық па? Заңдылық па? Нәсіп апайдың Қарағандыға алғаш рет 20 сәуір 2005 жылы келген сәтте бүкіл халық алдында «Мен Атыраудың қызымын, Сарыарқаның келінімін, сіздердің алдында басымды ием» деуінде қаншама қасиетті дәстүр, тағлым, таным жатыр. Жұмекеннің Қарағанды ұланы, Арқаның азаматы, Ұлы ұлы екендігін жария ету емес пе.
«Дариға- ай қайда кетті Қасым ағам!
«Дүние қасіретіне жасымаған».
Жоқ енді, амал қанша!
От еді ол
Мен ұшқын сол бір отан шашыраған».
Осындай ақтарылудан кейін неге біз Жұмекенді басқаға апарып телиміз?
Абайдан, Ілиястан, Қасымнан үлгі, өнеге алған Жұмекен неге Андрей мен Евгенийден шығуы тиіс? Жұмекеннің өзі не дейді:
«Жасырмайтын сөзім бұл,
Айтпасамда мақтана:
Бір мінімді өзімнің
Қазып аппын шахтадан.
Ырқына еріп сезімнің
Арман ойлап, қауіп қып,
Бір мінімді өзімнің
Домбырадан тауыппын.
Адал шыным анық бұл,
Күңгірт шықты дегенмен,
Қоймай жазып, алыппын
Бір мінімді өлеңнен.
Ой – кенім боп, ой- ән боп,
Ойдан бәрі бас апты.
Бір мінімді жоям деп,
Екіншісін жасаппын.
Мінім көп- ау,
байқайым,
Сіңіпті бояуы,
Қайсыбірін айтайын,
Қайсыбірін жояйын...».
Осы жырында Жұмекен шахтерлігін бірінші жолға қойып отыр ғой. Ойшыл кенші болғандығын жасырмайды. Ақын еркінен тыс кім артық айта алар. Біз не айтсақ та ақынынан асып айтпаймыз. Біз, Қарағандылықтар, Жұмекенмен ерекше мақтанатымыз - шындық. Бұл жасырмайтын сезім, сөзіміз.
Қарағандылық өнерпаз-кеншілер Москваға 1956 жылдың 8 ақпанында жол жүрген. Сапарда 20 күн болып, ақпанның 27 күні Қарағандыға оралған. Байқау жайында «Правда», «Известия» газеттері де жазған. Сол кездің партиялық рупорлары. Партияның съезі 1956 жылдың 10- 23 ақпан аралығында өткен, делегаттардың келуін қоса есептегенде, Жұмекен Қарағандыға оралып, лавасына түсіп, көмір уатып жатқанда, елде жаңа еңбек бастамасы жария етілген еді. Ол 1956 жылы Қазақстанның тың және тыңайған жерлерінен миллиард пұт астық беру міндеті болды. Әрине, тыңдағы еңбекті көрсетуден жазушылар, ақындар тыс қалмады. Олар Қарағандыға да келіп, кетіп отырды. Оның алдында 1954 жылдың сәуір айында өткен Қазақстан Жазушылар Одағының басқармасының VІІ пленумында тың жерлерді игеру кезіндегі республика жазушыларының міндеті жөнінде мәселер талқыланған. Баяндамашы Ғ.Мұстафин. Пленумға қатысып отырған сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Пономаренко да жазушылар жайында, өнер туралы өз пікірін білдірген. Ол: «Мүсірепов жолдас сөйлеңіз деген де келіскенмін, бірақ-та менің кейбір пікірлерім Мүсіреповтің және басқалардың пікірімен үйлеспей шығуы мүмкін екенін ескерткем. Мен басқа ештеңемен айналыспай таза сыншы болу дегенді түсінбеймін.
Тек қана талдаудың маманы ғана болу қалай болмақ. ...Міне, Қазақстанда аса өткір идеологиялық сұрақтар, мәселелер болды. Дөрекі қателіктер болды, сол қателіктерді дөрекі қателіктермен түзедік. (залда күлкі) Мұнда кейбір жолдастар іс-сапар жөнінде армандайды, қиялдайды. Ескертіп айтайын, біз сондай жағдай жасаймыз, сонда көбісі қайтып оралуды арман етер. Онсыз болмайды. Жазушылардың о