«Кейбірінен құмның исі аңқиды,
Кей сөзімнен мұңның исі аңқиды,
Кей жолымнан шық исі аңқиды,
Кей ойымнан жөргек исі аңқиды»,-
Иіс десе иілу исі қазақтың бәріне тән дүние емес пе. Жұмекеннің өлеңінен көмір исі, өмір исі аңқиды. «Мен - далама сіңіп кеткім келеді» деген Жұмекен жырынан қазақтың өзіндік сүю философиясы, мәдениеті, махаббат, сүйіспеншілігі аңқып тұр. Екпіні қатты ақын есті сөзге жүрек отын қосып сөйлеген поэзиясының негізгі тірегі осы қазақтығында.
Оның қарапайымдылығы өз замандасының ойы мен сезімін бере білуінде, өзінің менін көрсетуді мақсат етпей, ұлтының көркем бейнесін суреттеуінде. Ақын өнерін қолдан қиындатып жіберу дегеніңіз оның өлеңін оқытпау деген сөз. Оқырманды алдын ала үркіту, көзге көрінбеген қиындықпен қорқыту. Көркем туындыны талдауда, тануда, таныстыруда талғам, тәлім-тәрбие, ең бастысы білім, біліктілік қажет. Ақынның бір өлеңін талдау үшін, сын айту үшін оның бүкіл шығармасын оқу керек. Онсыз ақын алдырмайды. Ақынды толық зерттемей орынсыз сын айту дегеніңіз сырттан, тасада тұрып алып тас атумен бірдей. Дүниеден өткен ақын жөнінде жөн жазбау, әділдіктен аттау, ол аруаққа қиянат, дін заңынан сырт, ділімізге жат. Өлген ақын қорғансыз, өзін өзі қорғай алмайды деп күнәға белшеден батуға болмас. Ақынды тірісінде де, өлсе де қорғайтын халқы бар. Жұмекеннің өз сөзімен айтқанда, шынайы ақындар үшін олардың өлеңдері күреседі, соңғы сөзді бәрібір халық айтады. Сауатты, саналы, салауатты, саралы, салиқалы, салқынқанды сөз әрдайым халықта. Даттау да, мақтау да өз жөнімен болмақ. Шектен шықса не болатынын Абай да айтып кеткен. Сынның өзі уақыт сынынан, сынағынан өте алуы міндет. Әдебиет халық тарихы, адамдардың тағдыры. Сынның өзі әріде соттау деген сөзден шыққан. Ар заңының алдында ақын хақында арзан, арсыз, аяр, аяусыз сөзге бару ақиқатқа қиянат. Аруақтың артынан ауыр сөз айтудың тағы бір жөнсіздігі өткен адамның жауап қаталмауын пайдалануда жатыр. Қалам ұстаған адам үшін бұл сөз алдындағы кешірілмес қылмыс. Естеліктердің де есті болғаны жөн, кейіпкерлердің немере-шөберелері бар екендігін ескеріп, олардың да көңіліне кірбің түсірмеуді ойға алып, ұстамды болу қажет. Оқырманға ұсынатын да, ұсынбайтын да тұстар бар. Өзіңді өзгелерден өтімдірек өткізем деп өтірік, жалған жалаға баспауды ұмытпау. Сапасыз, сандырақ мақалаларды, естеліктерді әдебиеттануға тықпалай берудің жөні жоқ. Кейін жас ғалымдардың сондай кір-қоқыстан әдебиетті тазалауға қаншама уақыт, қажыр-қайраты зая болмақ. Сыни мақалалардың өзін сын көзбен, сақтықпен оқығанымыз абзал.
...Кісі бола қалғаным жоқ
мен демде,
өз ойымнан өзім талай
айныдым.
Шын айтсаң да сын айтуға
келгенде
Керек екен парасаттың
байлығы
- дегенді осындай оспадарлықтың орын аларын біліп айтқан да шығар Жұмекен.
Сын деп ақын мен оқырман арасына сына қағу дұрыс емес. Әдебиет пен оқырман бір дүние. Ғажап поэзия тұрғанда кәріп, қате сын сөзге жол жоқ. Тап қазіргі уақытта қазақ әдебиетіне сынау мен мінеуден гөрі сылау, сипау, аяу, аялау ауадай қажет. Сыр мен сын соңы сыбау, сабауға ұласып, арты сорақы соттасуға салынып, сот төрелігіне араласуға шейін бару орын алды.
«Сырттай сайлап Абайдай бір құдайды,
Сот құрса егер кейінгі ұрпақ былайғы»,- көбісі ақтай алар ма екен өздерін. Сын бұрын да болған. Әдебиеттегі көзқарас тартыстары, таласы сын және өзара сын аталған. Әйтеуір, әңгіме төркіні сынға ауысқан соң әдебиет тарихында болған стенографиялық жазбаларда қалған, мұрағаттарда сақталған тақырымбызға қатысты бір-екілісіне тоқтала кетейік.
Алматы. Қазақтан Жазшылар Одағының III-съезі. 07.09.1954 жылы. Ә.Әбішев. Стенографиялық жазба. 367 бет. «....Сланов пен Иманжановтың жазығы «Қарағанды» романын қатты сынағаны ма? Егер олар қате сынаған болса, жиырма бес мың дана болып басылған «Қарағанды» романы отқа жағылмас еді ғой. Сол жолдастардың, әсіресе Москвадағы жолдастардың сын көмегі арқасында «Қарағанды» романы шала болса да қайта жөнделіп, жарық көрген жоқ па еді? Ендеше оларға кектенудің, олардың шығармасын оқымастан басылуына тыйым салудың, қала берді, олардың еңбегін атауға еріну сияқты паңдықтың не жөні бар?».
378 бет. «Шындығына келгенде, сынға ең төзбейтін, ең кекшіл бізде