Болашақ ұрпаққа арналған
Будущему поколению посвящается



МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ
(сөзі Жұмекен Нәжімеденовтікі,
музыкасы Шәмші Қалдаяқовтікі)

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Думанды бастады,
Далама қарашы.
Кең екен Жер деген,
Жерге дән шықты ғой,
Дән егіп, терлеген,
Қазағым мықты ғой.

Қайырмасы
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің - Қазақстаным.

Айнала қарасам,
Асықты жүрегім,
Заманға жарасам,
Жарасып тұр елім,
Біздің ел Орденді
Көтерді туларын,
Ел мен ол тербелді,
Тербеле жырладым.

Қайырмасы

Сағымды далам бар,
Сабырлы көлім бар.
Қараңдар, жараңдар,
Осындай елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Ежелгі досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай.



М.А-ға

Мен-
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым:
Күпті —
Сайран салған қайран көңілім!
Бітті...
Ойран - заманым!
Ақындардың соры - қалың, бағы - аз да.
Қара тағдырым - қасіретті қағазда.
Іш тартпасын көрдім саппас тобырдың,
Саппастығын сезіп қойған сабазға.
Көрдік біздер не бір қара беттерді.
Кеудемізді керемет бір кек керді.
Замандастың бәрі иілді заманға.
Біз тік тұрдық.
Бізді ол, сонсон жек көрді.
Содан кейін сотталғанбыз сан рет.
Соттала сап ақталғанбыз сан рет.
Ақтала сап тағы да бір Сұмменен,
Сұмырайға тап болғанбыз сан рет.
Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,
Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп -
Шатысып...
Көзге ешкімді ілмей,
Қырт —
Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт -
Ақындарды ұстайды енді өзіндей
Өлімтікпен - бірдей ғып!!!
Мен-
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді -
Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді -
Сұм иелену заманын!!
Қайтем енді құлға кеткен есемді?
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Бітті менің заманым!
Хош, енді...
Қош келіпсіздер, оқырман!

Ақсұңқарұлы

Әңгіме өнер мен өмір хақында өрбитіні белгілі, сондықтан да сөз кезегі ақынның өзіне берілуі заңды.
1983 жыл 3 қыркүйек. Жұмекен: «Қазір жұрт мен туралы: «бұл қайдан шықты?» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды - содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді - содан шықты ма? Әлде Мұхтар мен Қадырдың бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой?».
Бәсе, Жұмекен қайдан, кімнен шықты? Өзіндік ой-өрнегі, өлең кестесі қалай құрылды? Қай тарап пен танымал талантқа ұмтылды? Бәрінен бірдей оқып, үйренді ме? Әлде есте жоқ бір елеске еліктеді ме? Қазақ аудармасы әлем әдебиетіне енгеніне небір заман өтті. Өнер маңайындағы ептілер мен пысықтарды есепке алмағанның өзінде, ар майданында алысқан алыптар қаншама. Қазақ және әлем әдебиеті көкжиегін соншалықты тарылтып жібергені несі мына жұрттың? Негізі, ақын, ақындық деген қайдан, кімнен, неден шығуы тиіс? Өлең мен өмірді зерделей, зерттей отырып біз Жұмекенді өзінен өзі шықты дейміз. Өнерінің бірден бір бастауы - Өзі. «Ана сүтімен, ақ сүтпен дарыған. Ешкім тартып ала алмайтын, ешкім, ешкім. Өз ойымен өзі ғана боп өскен. Бәрін, бәрін өзінен бастаған».
«Өткенге үңіліп, шындап қарасақ», ақиқат осындай тұжырым ұсынбақ. Бар жауап Жұмекен өлеңі мен өмірінде. Біздің міндет өзімізге белгілі өмір сәттерін мұрағат деректері негізінде суреттеу. Алғашқы өлеңдерінің Қарағанды топырағында жаратылу себептерін ашып көрсету. Жас Жұмекен бейнесін көз алдарыңызда өз сөзімен, ісімен бейнелеу. Оқырман болашақ ұрпақ Жұмекен заманын ресми жиналыс хаттамасы, газет мақаласы мен оқулықтан ғана емес поэзия арқылы да білуі тиіс. Өлең әрі әділ, әрі әсем әлем. «Тынымсыздық, тынымсыздық - тынысы. Дүниені шабыт қылып көтерген жүрегі. Көңілде ой, көзде сурет, ән жанында. Шабыт шалқығанда ақыл мен сезім сүйіскен. Сері оймен сергек зерде түйіскен. Тынымсыз тыныштық ұялаған жұрт»,- Жұмекен жыры. Өнер мен әдебиет халық туындысы. Әр заманда оны халықтың рухы тудырады, тарихы, тағдыры жасайды. Мынау ғаламда өзіндік орны бар, өмір сүру һақын өз еңбегі, өнерімен дәлелдеген, қажеттілігі мойындалған қазақ ұлты жасаған осынау қазақ әдебиетін. «Өнер - өзі де мал, өнерді үйренбек - өзі де ихсан. Бірақ, ол өнер ғадаләттан шықпасын, діни заңға сәйкес болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес»,- деген Абай. Әділет пен әсемдік қазақ өнерінің өзегі. Жақсылық қылуға қазақтың жаны құмар. Өнерге өмірбойы ынтық. Ала жіп аттамаған. Құдайға құлшылық етуден танбаған. Әрқашанда өз еңбегі мен ақылына сенген - бұл қазақ баласы. Осыған сай жинақ толығымен өлең сөздерімен, көркем ой өрнегімен өріледі:
«Мен тірімін, жылдар тірі мен көрген.
Менің санам – естеліктер жинағы».
Шынында да ақын тірі. Ол өткерген жыл мен күн тірі. Өшіруге кімнің дәті барады? Саналы ақын ғұмырын сызып тастауға құдіретің жете ме? Мен тірімін деген Жұмекен қазір де тірі.
Жұмекен жөнінде жазғаннан кейін поэзия тілімен сөйлеу