26 қаңтар 1955 жылы. Қазақстан Жазушылар Одағының партиялық бастауыш ұйымы бюросының мәжіліс хаттамасы:
«Қатысып отырған бюро мүшелері: Орманов, Мұстафин, Моргун, Раимкулов, Омаров, Молдагалиев.
Шақырылғандар: Жароков, Ерғалиев, Мұқанов, Аманчин.
Күн тәртібінде: Екінші Бүкіл Одақтық жазушылар съезінің қорытындылары.
Моргун Ф.А. сөзі: Ерғалиевтің мінезі мен тәртібінде кемшіліктер бар. Мұстафин жолдас та кемшіліксіз емес. Әдебиетте бұйыруға болмайды. Ал, Мұстафин жолдаста қоғамдық ұйымның басшысынан гөрі әкімшілік әдет басымдау».
Алматы. 02.12.1955 жылы. Қазақстан Жазушылар Одағы. Жас жазушылар творчестволық еңбегіне арналған пленум.
56 бет. Тоқаш Бердияров: «Поэзия - ақынның ыстық қаны, жастық шағы, жалынды махаббаты, қысқа өмірі... Мені бейбастық қылықтарға бой ұрғызып, рюмкеге қол создырған кейбіреудің қаталдығы, әділетсіздігі, яғни қиянат жасауы. Мені күлдіретін де, жылататын да Жазушылар Одағы. Менің тағдырым, өмірім, жүрегім солардың суырмасында сарғайып жапа шегіп жатыр. Мені қалпақтай ұшырамын десе де, өсіремін десе де солардың қолында. Мен Алматыға қонақ боп келіп, қонақ боп кетемін. Сондықтан біз сияқты қонағын канцелярист жолдастар есіктен сығалатпай «ішкіш» деген қарғыс маскасын кигізбей, балағаттамай адамгершілік жасаулары тиіс. Сөз нарқын ажырата білетін бізде де ар, ұят, намыс деген бар. Тәрбилеудің жолы осы екен деп ішкілікке салынған үлкен сақа жазушылармен тең қойып, қатаң жаза қолданып, жұртқа қарабет қып көрсету болмас деп ойлаймын».
Әбу Сәрсенбаев: «Тоқаштың өз адамгершілігі, өз мінезі туралы мен жеке тоқталмақпын. Ал, поэма туралы қойылған айып әділетті емес. Қуандық, сен өзің де нәзік жанды ақынсың. Бір кезде кей жолдастар, саған да күйрек деген айып қойған еді. Сондықтан да нәзік сезімге құрылған шығармалардың бәрі де күйрек болады екен деп қалғансың ба, қалай? Әділетті болған мақұл.
Жастардан жаңа жолмен, тың жолмен келуді талап етер едік. Таланттың қарыштар жері Өмір орталығы.
Жақсы ақындардың доңызша аунап жатқанын көрген оқушы олардың өлеңдерін оқуға да жиренер еді.
Қарағандыда жазушылар бөлімшесі ұйымдастырылсын деген ұсынысты қолдаймын».
Бұл Жұмекеннің Қарағанды қаласында кеншілердің ортасында жүріп, Мәскеу сапарына дайындалып жатқан кез. Әбекең бір сөзінде әділеттік ұғымын екі қайталады. Салмақ сала, мән бере. Қадап, түйіп тұрып айтқан. Жас ақындарға айтқан ақыл-кеңесі әлі де өз мәнін жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да. Құдай тағала бұл ғаламды жаратқан да ерінбеген, келісіміменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасаған. Әлем әділдігімен әсем. Рас сөздің бір аты – хақ, хақтың бір аты- алла. Хақ араб тілінде әділдік және құқық деген мағына береді. Әділ әлем әсемдігімен әдемі. Поэзия - әділ, әсем әлем. Осы әлемде әркімнің өмір сүруге құқығы бар.
Ақынға сын айтарда ойланған жөн:
«Жаулар босқа У жұтады ызадан,
Бізге сыншы тәңірі мен халық бар.
Отан үшін күрестік қой біз әман
Күрес құнын - ажалымыз анықтар.
Мейлі өлейін.... өлім бұлдыр түс білем,
Бұғауды ұқпан, ажалыңнан саспан да.
Шыбын жаным темір шатыр үстінен
Түтін болып көтерілер аспанға» (Лермонтов- Жұмекен. Паткульден ).
Шынайы ақындарды сынайтын осылар - халық пен тәңірі, солақай сынның сойылын ала жүгірер содырлар емес.
Жұмекен де албырт жас шағын еске ала келесі жолдарды жауаптылықпен ойлана жазған:
«Мынау келген қай жасық
Демесін деп бір текті,
Тәуекелдің найзасын
Тәңіріге сілтеппін».
Өлеңге келгенде тақырып таңдауда ойланып алған абзал. Халық пен тәңірі тақырыбы арзанқолдылық пен таяздықты кешірмейді, көтермейді. Жұмекендей ашық айтып, кемшін түскен жерін өзі көрсетіп мойындау әркімнің қолынан келе бермес.
Тіршілігінде ешкіммен де күреспеген Жұмекен үшін оның өлеңдері күресуде.
Жұмекен жұмбақ ақын да емес, бәрін ашық, анық, айқын жазып кетті. Жұмбағы небір метафора, ойды көркем сөзбен жымдастыра білуінде жатқан шығар. Бір қарағанға қарапайым, ұғынықты сияқты өлең жолдарына үңіле, тереңіне батылымыз жетіп бара алмаймыз, үстірт қарауға ыңғайлымыз. Кеңес кезінен келе жатқан таптауырын болған тар жолға түсіп алып, тайраңдай жөнелеміз, қазақтың жолына жоламаймыз. Әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық болуға асығу арманы жетелесін.
Мысалы, «Біз өзіміз» деген өлеңіндегі: «Шашақтарын самал желге жүздірген, қызыл туды - қызыл дедік біз бірден» - деген жолдарды алып көрейікші. Ақынның «қызыл ту» деп отырғаны коммунистік идеямен Ресейде билік басына келген қызылдар, большевиктер партиясы. Тарихи деректерден көбіміз қызыл идеясының байыбына бара алмай, ойланбай, оянбай, бас тарта алмай «қып–қызыл» болғанымызды көреміз. Өзімізге тән, алаштық мемлекет керек екенін ұқпадық, ұлттық мемлекеттікке ұмтылғанды ұлтшыл дедік басқалармен қосылып. Алашқа іші жау боп, сырты күлді. Абай айтқан адам а