Жұмекен қайсарлық, қажыр-қайрат пен құдай қолдап аман-есен шықты сонау бір қиын да, қауіпті жылдан. Жатаханада жанжал, төбелес, еңбек ақы дұрыс, уақытылы төленбесе, асхана, буфетте алдаса азап емей немене. Өзі жер астынан шыққан адамды одан сайын жүндеу, жер қылу ғой. Бас көтертпей басып тастау, бұқтырып ұстау.
Шаң, күйе, улы газ бөккен, сыз бен суық өткен жан-кеудесіне сырқат алып шыққанын жастық жалынымен өзі де сезбеген, рухы мықты болғанымен кішкентай кезден қажыған дене сыр береріне мән бермеген.
Жұмекеннің өзі де:
«Жасырмайтын сөзім бұл,
Айтпасам да мақтана:
Бір мінімді өзімнің
Қазып аппын шахтадан»,- деген.
Ел үшін, поэзия үшін ерінбей еңбек еткен ер 48 жасында жұмыс үстінде, қол жазбасын құшып көшкен бұл дүниеден. Жұмекен бұдан да ерте талай рет 9 айда таңғы сменаға бара жатып, кешке шықпай да қалуы мүмкін еді. Жалғанның жазмышы көп. 2004 жылы республика аймағында жол көлік оқиғаларын қосқанда, 35887 төтенше жағдайлар мен табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар болды. Бұдан 28667 адам зардап шегіп, 4508 адам қайтыс болды. Материальдық шығын 4549,5 млн. теңгеден асты. Қарағанды облысында 2004 жылда бірнеше ауыр және қайғылы табиғи да және техногенді төтенше оқиғалар орын алды. 2004 жылдағы 6 сәуірдегі Нұра өзеніндегі су тасқыны, сол жылдың 16-17 ақпанында Қарағанды қаласында болған бұрқасын жел материальдық шығындар әкелді. Абай қаласында өршіген жұқпалы сары ауру адамдардың денсаулығына қауіп төндірді. Самарқан су қоймасынан Нұра өзеніне су тасуы салдарынан Чкалов және Гагарин поселкелерінде 96 үйді су басып кеткенде 237 адам дереу көшірілді, олардың ішінде 115-і балалар еді. Қарағанды қаласында 16-17 ақпанда бұрқасын желдің салдарынан 883 тұрғын үй мен 102 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық объектілерінің шатырларына зақым келді, 233,6 млн теңге шығынға батты. Өндірістік объектілерде бақытсыз жағдайлар мен авариялардың басты себебі технологиялық тәртіптің өрескел бұзылуы, жабдықтар мен агрегаттарды пайдалануға алудың тиісті тәртібінің жүйелі сақталмауы, еңбек қауіпсіздігінің алдын алмау, техника қауіпсіздігі мен нормаларын бұзу, өндірістік бақылаудың және міндетті мемлекеттік қадағалаудың нашарлығынан облыс кәсіпорындарында жергілікті төтенше оқиғалар көптеп орын алуда. Көмір өнеркәсібі саласында «Миттал Стил Теміртау» АҚ көмір департаменті шахталарында 2004 жылы апаттар 3 есе көбейді, арты өлімге әкеліп соқтыратын жарақат 5 есе артып отыр. «Шахтинская» шахтасындағы 23 кеншілер қайтыс болған апат соңғы он жылдағы ең ауыр қайғылы оқиға болды. Қозғалған қылмыстық іс әлі аяқталмаған, авария себебі нақты анықталмаған. 2004 жылы «Қазақмыс» корпорациясы объектілерінде адам өлімімен аяқталған 22 жазатайым оқиға орын алды, бұл тау-кен саласындағы жалпы санның 76 пайызын құрап отыр.
2005 жылдың мамыр айында Ресейдің Кемеров облысында, Қытайда шахталарда жарылыстар болып қаншама шахтерлер қаза тапты. Жұмекен көмір қазған шахта жабылып қалғандықтан, біз Шахтинск қаласындағы «Шахтинская» шахтасына 2005 жылдың 29 шілдесінде түстік. Жер астына. 500 метрден аса тереңдікке. Шахтаға түсер жерді оқпан дейді. Өте енді, тік, терең шыңырау құдық іспеттес. Сол арқылы жер астына жүк жеткізіледі, шахтерлар сменаға барады, ауа үрленеді. Жер асты бір алып өндіріс. Көмір қазып жатқан комбайнға шейін бардық. Оның шабылған көмірді тартып тиейтін бір тетігі сынып, шахтерлер соны жөндеу үстінде екен. Лава іші уілдеген жел. Метан газы бір жерде жиналып қалмасын деп тұрақты жел соғып тұрады. Кәдімгі даланың самал желі сияқты. Бірақ, салқын. Қара күздің суық желі. Бұрқыраған көмір ұсағы, ұнтағы. Үйіріп-үйіріп әкеп көзіңе үрлейді. Көмір қазылған жерге келгенде кейбір жері ағаш бөренелермен тіреліп қойылған. Жан-жағың, төбең, табаның бәрі көмір, саз, балшық, порода, тас. Тонна-тонна. Темір тіреуіштер қаншалықты қорғайды, бір құдайым біледі. Жер қабаттары жылжып та кетуі ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда өте қауіпті. Қасымдағы шахта директорының өндіріс бойынша орынбасары Лещук Ю., оның айтуынша шахтаның әрбір жері, штректің небір тұсы, бұрылысы, қилысы қауіпті. Аса кауіптісі көзге көрінбейтін метан газы. Ол көмір қабатының өн бойында, көмірмен бірге бітіскен. Қанша сорсаң да шыға береді, шыға береді. Желмен қуалап, айдасаң да қалтарыс, қуыстарға жинала қалады да, бір сәтте бұрқ етіп жарылуға дайын тұрады. Тек қана бір ұшқын, қысым болса жетті жарылып, жан-жағын жайпауға аттанады. Өрт. Құйын. Дауыл. Жалын. Аяушылық жоқ. Қатығез. Қашып құтыла алмайсың. Қазылған қуыс көше іспеттес штректермен жөнеледі. Бүкіл лаваны шарлап береді. Штректердің бойын қуалап жаңағы оқпанға шейін жетуге жанталасады. Соңғы жарылыстың жеткен жеріне бардық. Қаншама жуса