ңа заман көтермейді, көнбейді. Кеңдіктің де шегі бар, кең боламыз деп өмір сүру, тіршілік ету кеңістігін тарылтып алуға болмас. Ешкімді кемсітпей де, кемітпей де өзіміз өзіміздік келісім, көркемдік, кемелдік кеңістігін кеңейтуіміз қажет. Жасаураған, жалтақтаған, жағынған көкжиектің қажеті шамалы. Патша құдай - аспан астанасымен астасқан кеңдік кеңістігі керек.
Жұмекеннің қазақ халқының тарихында мәңгілікке қалар еңбегі кеншілердің, ғажап адамдардың астанасы Қарағандыда басталды. Оның Қошалақта қазақтың қоңыр тіршілігінен басталған қоңыр түсі, қоңыр күйі, қоңыр әуені, қоңыр әні, қоңыр дәптері, қоңыр жыры, қоңыр үні, қоңыр түні, қоңыр-қоңыр ойлары, қоңыр философиясы Қарағандының қоңыр көмірімен жалғасты:

«Тас қабырға бара жатыр шегініп,
Балуан қолдар бұрғылады, құлатты.
Тас қабырға бара жатыр шегініп
Жолаушының көкжиегі сияқты.
Комбайндар қабырғаға енеді,
Бұрғы дір дір қадалады қара тастың төсіне.
Қоңырайып көмір ағып келеді,
Қоңыр бұйра толқындары есіле».

Жұмекен өнерімен өмірдің небір тас қабырғаларын шегінте білді. Өмірде жолаушы болсақ өнер ғана көкжиегімізді кеңейте алады. Қара тасты қоңыр өлеңге айналдыру алып ақын Жұмекенге бұйырды. Қара тас болып қатып қалған қағидаларды жаңа шебер тілмен, терең оймен бұрғылады, құлатты. «Ұйысқан көмір шаңы қалың түнгі ойлардай қапсырды. Кәдімгі қара көмір жалындап лапылдады жырында. Құс тұмсықты кен қайласы дән поэзиясын терді. Көмір қабырғасын тіреген тақтайға сілтенген балғасы өз кеудесін қаққандай сезілді».
«Шахта туралы есте қалғандардан» атты өлеңінде ол Қарағандыға келген алғашқы күнін елестете отырып былай деп жазған еді:

«Еске алып ем:
Қарағанды бір қараған секілді
Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.
Содан кейін менің қоңыр бетімді
Сүйді желі күн нұрымен таласып.

Әр тасынан бір- бір ұшқын жүр ыршып,
Қарашы, анау пародоға үйілген:
Қара таулар қайғыдан да тымырсық,
әлсін- әлсін түтін құсап ыңырсып.

Мұның бәрі сөзбен айтсаң—тыныштық,
Көзбен көрсең?..
О, түсінем, түсінем:
Қарағанды қайнап жатыр, бір ыстық,
Бір керемет жүректердің күшімен...».

Қарағандыға келгенде Жұмекен бәрін өз көзімен көрді. Көргенін көкірегінің көркем көрігінде қорыта білді. Түсіне білді түрлі жүректерді. «...Неткен қызу жанды жұрт. Неткен қайырым, неткен жылу! Мына Күн - Күн бе, нағыз күнді солардың жүрек, ет қызуынан жасаса ғой». Жүрекпен өмір сүріп, жүрекпен сөйлеу жүректі жігіттерге тән.
Сол жүректерге тағы бір ыстық, тағы бір керемет жүрек - Жұмекен жүрегі қосылды. Ол үлкен жүректі адаммен жолықты, жолы болды. Керемет жүректі жандар көзге түспес көңілдегі қасиетті көре білді. Таңқалдырар асыл сөзі бар ақылды таныды. Қайратына сенді. Жүректері жүректіні түсінді. Перронда Жұмекендерді Қарағанды көмір өндірісіне қарайтын Сталинуголь трестінің басшылары, қалалық партия мен комсомол хатшылары, еңбек ардагерлері, жастар, нөмір 33/34 шахтасының ұжымы қарсы алды. 1956 жылдың 18 қыркүйегі, жексенбі нөмір 185/6117/ «Советтік Қарағанды» газетінде жарияланған ақпаратта Жұмекен поезі түнгі уақыт сағат 3-ке жақындаған сәтте келген. Оркестр күй тартқан. Музыка ойнады деп емес, тура күй тартты делінген мақалада. «Қарағанды комсомолі» газетінде оркестр марш ойнады деп көрсетілген. Гүл шоқтары, мінбе, сөз, камералар ызыңы. Қарсы алушылардың қатарында Қарағанды қаласына 1942 жылы соғыс уақытында келген Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 33/34 шахтаның проходкашылар бригадасының бригадирі Петр Филимонович Акулов, шахтаның бастығы Фролов, Сталинуголь тресінің бастығы Обухов, қалалық партия комитетінің хатшысы Маулетов, Сталин аудандық партия комитетінің хатшысы Шорманбаев, қалалық комсомол комитетінің хатшысы Нурмагамбетов болған. Дайын тұрған автобустармен шахтаның поселкесіне апарып, 3-ші интернатқа орналастырды. Шахта мен интернаттың ескі жұрты Қарағандыдан Астанаға бара жатқанда темір жолдың бойында, Майқұдықтың сол жағында, Жаңа Қарағанды станциясының тұсында. Қазір одан тек қана әкімшілік-тұрмыстық аталатын бөлігі ғана қалған. Қыркүйектің 28-інен Жұмекеннің шахтерлік өмірі басталды. Соныменен, Жұмекеннің Қарағанды қаласына келу күні нақты 18 қыркүйекке түсіп тұр. Жұмекеннің «Шахтаға барам» деген өлеңі 16 қыркүйекте жарияланған. Алматы жастарының жиыны 8 қыркүйекте өткен. Жұмекеннің өлеңі нақты оқиғаға құрылған, сондықтан да оның сол жиынға қатысуы күмән тудырмайды. Сегізінші қыркүйектен 16 қыркүйек аралығында жастардың 17 қыркүйекте жолға шығу мерзімі шешілген. Жұмекен комсомольдық жолдама алғандықтан да оның өлеңі «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Өлең жарияланудан сәл ертерек біраз уақыт бұрын тапсырылғаны көрінеді. Жазылу уақыты, редакцияға тапсыру, оны тиісті нөмірге жастардың жолға шығар алдында жариялануын еске алсақ Жұмекен алғашқы 60 адамның арасында болғаны дәлелденеді. Алматыда Жұмекенге қолбайлау болатын, кідіртетін ештеңе жоқтың. Паспорты қалтасында, домбырасы ораулы, шешім қабылданды, жолдама қолда. 18 қыркүйектің түнінде келген жастарғ