ап, күлкімен жуады. Біреуге қас сағынып, не өш алып, есе қайтару үшін
де емес, көбіне-көп, өсекті айту, тек сөз, сөйлеу мақсатында соға салады. Ал, ол
сөздің біреуге қырсық етерін мүлде ұқпайды. Міне, негізі момын, адал, ақ жүрек
елдің бақыты да, қасіреті де осы.
Сейсімет: «Мәуиәні өзім талақ еттім, бәйі өзімнен!» деп қанша жайса да, о сөз
елге тарамай, сіңбей қойды, ешкім сенбейді. Бұ мәселе, өстіп сан-саққа жүгіріп,
алуан бояумен құбылды, ақыры, бірте-бірте өңіп барып, өшіп қалды. Сейсімет
жылап жүріп үйінен керек-жарақ, киім-кешегін алып кеткен. Шөп көрана күн санап
шөгіп, бара-бара төбесінен құм шұбыратын болды.

* * *
Сырт қарағанда еңкілдей күліп, екілене сөйлегенмен, Сейсіметтің іші жұқа,
жүйкесі әлсіз. Әйелін талақ тастағаннан кейін екі күн көтеріңкі жүрді. Өзгенің
қолынан келмейтін ерен бір ерлік еткендей өз ісін өзі құптап, күмпіп алған. «Талақ,
талақ!» деп бақырған үні де өз құлағына сонша уақыт, екі күн бойы естіліп тұрды.
Нағыз ер жігіттің, азаматтың әрекеті емес пе? Ез кісі қатын тастай ала ма? Көре ғой,
Арыстановтың кім екенін! О несі әй, түге? Ғұмар жездесі «намыссыз ит!» деді-ау?!
Ал, саған, ал! Тапқан екен келемеш болар кісіні! Соны ойласа әлі құлағы
шуылдайды.
– Талақ! Талақ!– Бұл өз үні. Екінші үн – әйел үні:
– Ал, бар! Бар дегесін бар! Кесіп ал, ал!–деп алқынады. Көкбет, ұятсыз үн! Сол
екеуін, ойша салыстырып байқайды: қайсысы басым? Әрине, алдыңғысы, өз үні
үстем жатыр. Соны сезген сайын, өш-кегі қайтып, айызы қана түседі. Со күні,
айызы қанатын күні, Сейсімет Ғұмар үйіне тартқан. Май тәкірекпен екі қабақ
асқасын-ақ ашуы басылды. Осыны сезгенде қатты шошынды, өзін, жігерін
қайрағаны шығар – атын бауырлап-бауырлап жіберді. Сонымен, келесі
қырқаларды да шабыспен алды. Барынша тұтығып, киіз есікті жұлқи ашты. Іш-
пиғылы: «түсің бұзылып кетіпті ғой, жай ма, жарқыным»-ды айтқызу, үй-ішін
дүркірете бір тұрғызу-ды. Сөйтіп, ол табалдырықтан аттаған бойы, аман жоқ, сау
жоқ, қалшиып тұра қалды. Жездесі мен апасы шай ішіп отырған. Заты, әйел халқы
аңғарғыш қой, сонан ба, әлде бауыры түскір сезді ме, Айсұлу інісінің түріне
мойнын тоқсан градусқа бұрып бір қарап, ың етті:
– Ійба-ай, саған не көрім көрінді, түсің бұзылып кетіпті ғой?– Інісі етігін
дастарқан шетіне отырып шешті де, қол созым жердегі босағаға құлаштап кеп
лақтырды. Етік керегеге соғылып, кейін серпілгенде иесінің тізесіне сүйене құлады,
аяғын көсіле беріп, қайта тепті. Өзі малдасын құрып, түксие койды. Сосын
дастарқанды жұдырығымен қойып қап:
– Қатынды талақ тастадым, талақ! Талақ!– деп әулікті. Апасы майыса кетті:
– Ійбай, не дейді мынау?
Ғұмар өңірін желпіп қойып, шайын іше берді. Сейсіметтің бетіне оқыс бұрылып,
мырс күлген. Балдызы шырт кейіді:
– Неге күлесің, ай, жезде болмай жейге кигій! Жұйттың ошағы ойан болып атса!
Дүниені талақ қылып келіп отыйғаным жоқ па! Мыйс-мыйс күледі, өй, күлкің көмій
болғый! Мәуәжанды, тойсты, қатынды тастап, шаңыйағым ойтама түсіп келсем!
– Сейсімет, сен ренжіме, мынадай бір әңгіме бар.
– Әңгімең құйсын!
– Тұра тұршы енді, айтайын, бір қарт...
– Қайтыңмен құйы!
– Апырой, немене, сен қатын тастады деп кырыламыз ба?– Жездесі қабағын
жауып, ашуланған сыңай білдірген, анау жыма қойды.– Сол қарт қызын ұзатқанда
егіліп жылай беріпті, жылай беріпті. Әуелі үй-іші, ағайын, туғандары қосыла
жылайды. Кімнің тегін көз жасы бар, бір кезде жұрт жылауды бір-бірлеп доғара
бастайды. Бірақ қыз әкесі тыйылар деген не болғай! Жұрт біріне-бірі қарап, бәрі
қосылып қартты жұбатуға жұмылады: «Отағасы, сабыр етіңіз, Түгеншежан құтты
орнына барды, бағы ашылсын, шүкір, қолыңыз құр емес, үбір-шүбір бар ғой»
деседі. Сонда қарт сақалын сілкіп тастап: «Сендер сол қызды кетті деп жылап
отырсыңдар-ау, мен қайтып келе ме деп жылаймын» деп, жаңағысынан бетер
еңіреген екен.
– Мұның несін қыйтып отисың?
– Сондай-ақ, сен бүгін талақ тастап, ертең: «Мәруәжан, кешіре гөр, жаздым,
жаңылдым, менен бір қателік кетіпті» деп еңкілдеп Қайта барып, елге тағы бір күлкі
боламыз ба, қайдам, бала, әйтеуір.– Ғұмақаң бұ сөздерінің онсыз да ала өкпе жігітті
асқындыру, қайрау екенін, сондықтан мұнысының туыстыққа жат мәнін кейінірек,
өкіне мойындады.
– Баймаймын дедім, баймаймын!– Жездесі:
– Жә, жә! Шайыңды іш. Бүгін осында бол, ертеңгіні – ертең көрерміз,– деген.
Одан бері де айдың жүзі болып барады. Мәруәнің кеткенін ертеңіне-ақ білген. Тек
бұ кетістің шын мәнін ұғыну үшін тағы бір күн жетпеген-ді. Төбесінен төніп тұрған
бөтен шаңырақты ол үшінші күні таңертең ғана көре алды. «Талақ! Талақ» «Ал!
Бар! Бар!» да зым-қайым, құлағы тып-тыныш. Сонда-ақ іші-бауыры қолқ ете
қалған... Түнімен ішіп, ертеңіне түске таман оянған жан өзін қалай сезінуші еді? Кісі
бетін көруден тайқушы еді ғой? Сейсімет те, бұрын өрген жездесі мен апасының
назарынан қашып, тұра, тысқа ұмтылды. Дала кең ғой – қыспады, ұялтпады: жолы
аңқиып бос жатты, желі аймалап мойнына оралды. Сейсімет батылданып кетті.
Жалма-жан атын ерттеп мінді де, бірер шағылға шығып, өрісін шолды.