қисайта, ыммен жеткізді.
– Қойшы, қасқа, не дейді, әлгі Мәруә ма?– Мұны айтқан шымшықсары аузына
апара берген қымызын ұрттамастан, дастарқанға қайта қойды. Аңтарылып қатып
қалды. Көз алдына Сейсіметтің алпамсадай тұлғасы, көк бешпеті, медальдары
елестеді. Алқа-салқа жүрісін, ақкөңіл, арсы-гүрсі мінезін есіне алды. Неге екені
белгісіз, Мәруәні аяй, әрі бір түрлі қыбы қана, жаңағы сұрағын қайталады.
– Мәруә ма кәдімгі? Астағпралла!
– Кәдімгі Сейсіметтің қатыны, а-а-а?–Бұ сауалдың иесі дөңгелек жүзді, торы
келіншек «қара қағаз» келген өз күйеуін ойлап, күрсініп жіберді.
– Иә, сол! Соның өзі.
– Мәруә келін, ә?– Жасы қырық, қырық бестердегі ашаң сұрқай өңді әйел осыдан
үш жыл бұрын көкірек ауруынан қыршын кеткен ерін елестетті, оның өзіне деген
құрметін, еркектік сенім, кеңшілігін қайыра бағалап, сана көзінен қайта өткізді.
Ойша Сейсіметпен салыстырған жаны елжіреп, жүйке-жүрегі жидіп жүре берді.
– Төркініне дейсің, ә?– Сауысқанша қылпылдаған қара келіншектің ойына өгей
ұлдың қолында қалған кәрі анасы оралды. Айналасы қоқып-қобырап, ылғи жүн
түтіп отыратын. Кенет, қараптан қарап іші пысып, аузын баса есінеді.
– Он жыл отасқаннан кейін?
– Иә, иә, иә.– Алғашқы әйел бұл секілді мылжың, есуас сұрақты үсті-үстіне,
бірін-бірі қайталай жаудырған дәмдестеріне ыза боп, өршелене айқайлады,– иә,
сол! Сол дедім ғой сендерге!– Сонсоң тағы бір тостаған қымызды төңкере салды,
жеңімен аузын сүйкеп тастап, шығып жүре берді. Үйдің іші бір сәт үнсіз, бірінің-
бірі бетіне қарауға батыл етпейтін сияқтанып сәл отырды. Келесі минутта қайта
жанданды: біреуі тамағын кенеді, біреуі жөткірінді, біреуі.
– Сорлаған екен сорлы,– деді шұнаңдаған қара келіншек,– байы әскерден
келмей қалса бір жөн, келгесін...
– Ештеңе етпейді, біз де жүрміз ғой, бес жыл бойы...
– Еркектің обалы жібермес о қатынды!
– Әдірәм қалсын, со да еркек пе?– Анаусы күрсініп қойды.
– Ондай да жоқ қой.
– Барынан жоғы!– Осы құралыптас әйел-әңгіме көпке кетті. Бірін-бірі киіп, бірі-
бірін іліп жатқан жұрт. Қымыз тостағанда ғана, ауызға бармайды. Сүйреңдеген
еріндер мен шошаңдаған саусақтар: бірі айыптайды, бірі ақтайды. Даланың
кеңдігінен бе, уақыт та шабан жылжитын сықылды. Жұрттың жоқтан өзгені
талғажау ғып, болмашы сөздің өзін сағыздай созып, бітіруге асықпайтыны, бәлкім,
содан шығар.
Тегінде, құм адамы әйелмен сирек кетісетін. Айрылысқандар той болған күннің
ертеңіне айрылысады. Неке төсегіне екінші түнеген әйел – өлмей кетпейді. Ал, бала
көтермесе ше? Онда да, тәуіпке қаратады, әулиеге табынады, оған болмаса қайтеді
енді, амал жоқ, екіншісін (ескі кезде) алады. Шаруа тартса, осылай кете береді.
Кейін, қартайып, қажыған соң: «Құдай бермеген бала үшін Құдай қосқан
қосағымнан безер жайым жоқ» деп, еркек сақалын сипап қойып, саналы тірлікке
көшеді: намаз білсе – намаз оқиды, білмесе – ақыл айтып, ас жейді.
Бірінші түннен соң айрылысудың да шарты бар: қалыңдықты түйеге теріс
қаратып мінгізеді, күйеуі атпен, басын жетектеп, апарып салады. Қыз әкесі
қалыңмал алса – түгел қайтарады, алмаса «бағы күйген» қызын бағып қала береді.
Ол қызды екінші қайтара айттыратын кісі шықса – не ақ көз ер, не есуас, бөтен,
аралық баға жоқ... Манадан бері бір қауым әйелдің қызарақтасқаны, көбіне-көп,
әңгіменің осы жағы-тын. «Неге кетеді?» «Не бетімен кетеді?» Дуылдасып-
дуылдасып кеп, соңында: «о зымиянның төркін жағында сенген адамы бар шығар»
деп қорытысты. Кемпірлеу біреуі ғана:
– Соның өзі... рас па екен?– деп салды. Оған жауап қатқан жан болмады.
Газеті, театры, радиосы – бәрі өздері болғандікі ме, әйтеуір, бұ жұрттың аузы
тыным таппайды. Баққандары сөз, өсек, жо-оқ, өсек дегенде, бәрі бірдей өтірік емес,
тіпті өтірігінің өзінен шындықтың исі аңқиды. Әйтпесе, құр қаңқуды кім тыңдайды?
Тыңдайтын ғып айта алу – сирек талант, ол өз алдына. Сонсоң, ақыл-парасатына,
бі-лігіне, мінезіне қарамастан, әр адамның нені болсын еріп, беріліп қабылдайтын
кезі бар, соны таба біледі. Сөйтсе ғана жоқтан өзге нәрсе сөзге, әңгімеге татиды ғой.
Онсыз мына өңірде өмір сүру... Ылғи жетім, жесір. Бауыры бүтін жан аз. Бәрінің
көңілі жарым; кез келген жерін көтеріп қалсаң – астынан жара шығады. Тырнап
алсаң ау-ырсынып жарымайды – еті өліп, әбден үйренген. Бірақ тағдырға мұнша
мойынсұнып, Құдайға «жұтаған сайын шүкір еткенімен», ешқайсы езілген емес.
Маған осы лайық деп қарап отырған пәнде көрінбейді, әркім өз бағын іздейді,
күтеді, дәмеленеді. Бұ жағынан ең қайратты, рухани дені сау халық. Саулығын
сақтағанда, ауру-сырқауына, күйік-қайғысына ем етер дәрісі – баяғы өзінің тілі мен
жағы: мысқыл, әзіл, өсек. Сайып келгенде бәрі – күлкі. Күлкінің құнын – арзан,
қымбатын да айырмайды, тек күлсе, күлуге сылтау шықса... көкірек ашып, жан
қунатуға сол жетеді. Мысқыл нысанасы кім, кімді өсектейді, кімге күледі – о жағын
да ойламайды; көбінің мақсаты: күлсе, өсектесе бітті, қалғанында жұмысы шамалы.
Сондықтан күллі сезімнің – күншілдіктің, қызғаныштың, ең ақыры, уайымның өзін
өсекке былғ