еркіндік-еркеліктің, қарапайымдылықтың нақ өзі құсады. Сонсоң айнала, әркімнің
жүзіне жеке-жеке көз тоқтатты. Еділхан қашанғысынша жымияды. Қалғандары
түгел күліп отыр. Мана, бастары қосылғаннан бергі күлкінің есебі жоқ. Бәлкім,
күлкі де ақ жарқын, ақ көңіл жандарға тән қасиет шығар? Кім біледі? Әлгі әзірде
таңқылдап күлген бір әйелдің көмейін көріп, теріс айналып еді. Бір түрлі
тыжырынып, түңіліп қалған. Енді кез келгенді жатырқап, тіксініп, тыртыңдап
отыратын өз мінезінен түңілді. «Жазғаның аркестр ме, пилармония ма, істеп
жүргенің не?» Осыны айтқанда беті бүлк етпеген Бекеңе мана да өкпе артып
әуреленбеген-ді. Кәзір оған қызыға, ризашылықпен қарады. Өстіп, үш-төрт сағат
бұрын надандық, көргенсіздік санағанын тағы да ауыл адамының ақ пейілдігіне,
адалдығына жорыды. Ішінен: астана ғалымының сауатсыздығы қасында ел
қартының аңқаулығы – сөз бе деп түйді. Енді бір сәтте шетінен құшып, сүйгісі
келді.
– Іш-дағы, қарағым,– Ғұмар дастарқан шетінен еңбектей созылып кеп, бос
стаканға шарап толтырды. Бұл екі-үш стаканды қатарынан босатқан. Онысын көбі
байқамапты. Үй иесі бос ыдыс көрсе толтыра құяды. Ішпесе стакан қайдан
босайды?
* * *
Үш жылдан кейін келгені-тін. Жатырқап қапты. «Өй, айналайын, түгенше-
екеңнің көзі ғой» деп, балпылдаған боз-бас шешелерді қинала тосырқап таныды.
Жүздері тым көне, ерек солғынданып, тотығып көрінеді. Бәрі құмның жаңбыры
астында қалған із сықылды – көмескі. Бірер кемпірге қаладағыша бас изеп қана
қойып еді, сойдақ тіс сары бұрқ етті:
– Әй, сәлемің қайда?– Қысылғанды күлкі құтқарады деген – жәй сөз,
Идаят күліп құтылмақ-ты, одан сайын тұтылды:
– Не затыңа ыржалақтайсың, әй, жаман, сен күшік түгілі мен сенің әкеңнің
тоңғағын жуғанмын! Ал, осы ма естиін дегенің! Айтам-ау, бұларға не сын бар.
Өздерімен ыстақан соғыстыратын ұлым жоқ. Мен қақпасты қайтсын! Көңіліңе
алма, күнім, шешең осындай, күйік қаққан кісі. Баяғы өзіңмен бірге оқыған Сатужан
суға кетіп содан... әлі айтам-ау.– Сойдақ сары бір күрсініп ап, кимешегінің
шалғайын қайырып әкеп көзін уқалайды...
Көбінің есімдері есіне әрең оралады. Біреу өкпелі, біреу қайғылы. Осыдан
оншақты жыл бұрын колхоздың құдығын қазып, пішенін шауып жүрген шақпақ,
қайратты кісілер. Бүгін шетінен ашушаң, кіді. Әр кемпір өзіне лайық қырсық мінез
ойлап тапқан дерсің. Қит етсе әрқайсысы-ақ, «мен мұндай, мен ондай» деп, өзін өзі
түсіндіріп шыға келеді. Тыңдап отырсаң бәрінің сөзі орынды. Біреу қайтыс болған
баласын айтып жас төгеді, біреу баяғы соғыстан қайтпаған жақын-жуығын сөз ғып
күңіренеді. Енді бірі келінінің шәйді қысқа көйлек киіп құятыны хақында уәйім
сапырып, мұң шағады. Бұл қай-қайсысын да еріп, езіліп тыңдайды. Не пайда...
– Түсім күндізгі деп айтайын, Алла сақтасын, осы баланың атасы... көкесі
жарықтық, әулие ғой о кісілер, АстағыпірАлла, үстінде ақ шапаны, қолында ақ
таяғы, кіріп келді. Маған қарап, әй, Алла-ай, сақтай гөр, күледі. Не деп еді сонда?
Ақылы құрғыр ауыш қой, ауыш. Е-ее, айтпақшы, иә, Мағия-ау, дейді – кемпір
осы арада түсін суытып, мұны көзінің астымен баға, шанша қарайды,– Мағия-ау
дейді жарықтық, Мағия-ау, әлгі біздің жалғыз бар ғой? Сол Науырызда
шешелеріне көріспепті. Қайда жүр өзі? Үйден жаяу кетіп еді. Барған жерінде бір
жақсы ат сатып алыпты деп естідім. Пұлды қайдан тапты екен?– деп сұрайды, Алла
сақтай гөр, әлгі жарықтық. Тие берсін!– Бір кемпір:
– Ұрпағы ғой, дәметіп жүрген де шамасы, атам марқұм. Аты – алатын
келіні болар,– дей берген, екіншісі кесіп тастады:
– Тәйт әрі, қатын түске ат боп енбейді, жаңылмай отыр түге!
– Содан әлгі жарықтық, топырағың торқа болғыр, сүйретіле шығып,
баласына ренжіді ме қайдам, салбырап, сақтай гөр, иманды болғыр десейші, осы
мына құрдас мәйітіне шығатын жолға түсті. Даусы, астағыпірАлла, әлі құлағымда.
– Сіздің үйден іштеңе ішкен жоқ па?
– Жәй желеп-жебегені де.
– Әй, қайдан жәй босын. О кісілер жайдан жәй түске енбейді. Үміті
ақталмағасын...– кемпір сөзінің аяғын әдейі жұтты дерсің. Солай етсе әсерлірек
шығатынын ұққан сияқты. Осы арқылы жұрттың бәрін аузына қаратып алған
соң, жыламсырай отырып:
– Қарғам-ай, қайдан білейін! Қайдан білеміз біз. Өз шаруаң өзіңе белгілі
шығар. Дегенмен саған, Әжекеңнің жалғызына Көриев пен Аштарханның оқуы да
жетер ме еді, кім біледі. Түбінде түгеншенің, бұ жақта о кісінің атын естімеген керең
бар ма, жалғыз баласы туған шешесін тастап, әләуләй қуып кетіпті деген атқа
қалмасаң. О кісі, иманды болғыр десейші, тектен тек іздемеген болар. Алматы ма,
салматы ма – жердің түбі құсайды ғой. Біз қайдан білейік!
Бұл аспан жолымен келген. Жатырқау, таңырқау сол сәттен-ақ басталып еді,
Самолет бұрын Рембаздың күншығыс жағындағы айналасын адыраспанды, бұйра-
бытқыл үрпектер қоршаған жазыққа қонатын. Кеше айқыш-ұйқыш тартылған көк
таспа сулардың арасындағы пұшпақтай қара жерге шүйілді. Бұрынғы айдынның
орыны. Өткеларалық құрлықтың тарлығы, ш