самолет суға қонған секілденді. Баспалдақтан түсе бере, жүз қадамдай қашықта,
әлдекімді күтіп тұрған бір әйелдің сөзін, тосаң боп түссе де құлағы шалып қалды:
– Ала өкпе кегір, шаңдатпай жүрсе шаншу тие ме екен бұл итке!– Самолетке
сіңір-сүйек қара жұдырығын түйіп ап, безеп-безеп қойды. Мұның көзіне жас
үйірілген: «айналайын ауыл-ай, бірден таныдым ғой сені!» Бірақ...
Табаны жерге тиісімен батыс арқадағы қоңыр қабақтарға көз жібергенде
тосырайып-тосырайып тұратын бүйірлі, тоқ киіз үйлерді іздеп еді. Көлеңкесінде
өрмегі, есік алдында қазандық, аяқ-табағы ыбырситын. Ондай ештеңе көре алмады.
Ол тұста бір-біріне міңгесе салынған балшық үйлер, қамыс қоралар шоғырланады.
Әр үйдің маңдайында бір-бір сырық. Сырық басы шым-шытырық сым. Бар-жоғы
үш-ақ жылда қалай өзгерген?
Ең үлкен жаңалық, жақсы жаңалық – елдің күйлілігі. Қай үйге барсаң да ас-су,
дүние-мүлік жетіп жатты. Балалар кәмпитпен ойнайды. Әйелдердің әңгімесі жүзік,
сақина, сырға. Жалпы, жұрттың қаншалықты ауқатты екенін қатын-балаға қарап,
солардың тірліктері, сөздерінен-ақ байқауға болады-ау деп шешті. Оның үстіне
тоғайған кісі кінәмшіл келеді, Ал, ақыл айтуға бар ма? Желдей еседі. Манадан
жақтары тыным тапқан жоқ. Таңертеңгі шәйда:
– Балаң келіп, көзайым болып отырсың ба, әй кемпір, құтты босын!– десіп, үш
кемпір кірген. Сонсоң тағы үшеуі келді. Сонсоң тағы...
Бұл самолеттен түскен күннің ертеңіне-тін. Келесі күні Ғұмар үйі шақырып
әкетті. Үш күннен кейін облысқа кеп, астаналық поезға отырды.
3
Ауылда өткізген төрт-бес күннің ішінде бұл он шақты үйдің есігін ашты. Бәрі
де жарқырай, қуана қарсы алады. Қимай, қоңырайып қоштасты. Көбі өкпе айтып,
кінә артып қалды: от ала келді ме, неге асығады? Өз ойынша асыққан жоқ, қалада
күтіп тұрған шаруа да шамалы-тын. Неге екені белгісіз, кеткісі келді де тұрды. Тез
кеткісі келді. Анасына кері қайтатынын, артында істейтін қыруар іс бар екенін екі
сағат айтып, әрең түсіндірді. Кемпір, барлық кәрі кісі секілді, ұнатпаған сөзін
естімей қоятын, бұ жолы құлағы тіпті бітті. «А-ааа? Не дейді? А-ааа?» деп,
кимешегін құла-ғының сыртына ысырып қойып, отырып алды. Содан екі жақты бір
күйзеліс, қиналыс басталды. Ақыры, қара бала қатты жүдеп, жасып аттанған-ды.
Үлкен кісінің мықтап қартайғанын, ағайын-туыстың кісілік, қайырымына ғана сеніп
тастап бара жатқанын ойлағанда бүкіл іші-бауыры езілгендей болды.
Поезд жүріп кеткен соң осының бәрін көз алдынан қайыра өткізді. Кәрінің
қимыл-қозғалысы, сөзі, түгелімен, адам аяйтындай қауқарсыз. Сапырғаны – уәйім,
баяғы өлім жайы. Сүйегіне кім кіретініне шейін мәлімдеп айтып, үш-төрт атлас
көйлегін қаттап, бақанға салып қойыпты. Екі мақпал бешпетін екі масаханаға орап,
сандыққа тыққан. Кебіс-мәсі үр жаңа. Бұ киімдердің бәрі өзі өлгенде жуындырып,
шайындырған адамдарға бөлініп берілуге тиіс. Киімнің ендігі иесі солар. Бір мәрте:
– Үлкен кісі-ау, дұрыс киіміңді кисейші, ұят емес пе,– деп көрген. Кемпір
ыршып түсті:
– Тек қарғам, атама, Алла сақтасын. А-аа?– Ол бұ фәнимен әлдеқашан
қоштасып, о дүниеге өткен кісі сықылды, бүкіл тірлік қарекетінен осыны байқады.
Аяды, қайғырды, әрі таң болды: адам бүйтіп өз еркімен, тірілей өле ме екен?!
Әжекең жамбас сарғайтып тесек тартпады. О дүние ойында жоқ-ты. Мұның
оныншыны бітірген жылы еді. Бірде қарт төсегінен аурып тұрды. Шәй үстінде өзі-
өзінің жағын, мойынын ұстап көріп, басын шайқады. Сақалының ұшын қайырып
тістеп қайғы айтты:
– Асылы менің татар дәмім таусылған шығар. Үй ішінде бұ сөзге ешкім
мән бермеді. Кемпір:
– Жә, жә, қара қасқа, қашанғы әдетің ғой сенің,– дей салып, шаруасына
кіріскен-ді. Іңірде қарт уақыт етті. Сәл нәрсеге көңілі көншімесе марқұм мазаң боп
еді: «көзім жұмылған күні көрер ме ем сендерді», қит етсе осылай сөйлейтін. Ал,
кемпір сол, шалы қайтқан күннен бастап өлімге дайындалды. Бала әлдеқайдағы бір
қалаға жұмысқа кетті. Қыздарды күйеу әкетті. Әжімгерей шаңырағы астында
кемпір мен келін ғана күн кешіп жатты. Бір жылдан соң жеті қанат үлкен үй
сатылды, Текемет, алаша, бау, түс киіз... бәр-бәрі аламыш-аламыш боп, әлдекімнің
қолында шұбырып кете барды. Желі басы да баспақ-торпаққа қарап, баз аяғы бірер
жылда шаруа дөңгеленіп шыға келді. Себебі кемпір өлетін кісі, бала – бақ іздеп
жүр. Келін ғұмыры ештеңені меншік қып, менікі деп ұстап көрген жан емес. Дүниеге
иелік ету үшін әуелі сол дүниеге бой үйрету, иіс сіңіру керек қой! Ағайын ше?
Ағайынмен сыйласқан жақсы...
– Эй, ты, постел нужен или нет?– Вагон қызметшісі, бетінің пудрасы
сынып-сынып тұрған жирен-шабдар келіншек дігір салады. Қолтығына қысқан қат-
қат жамылғы-төсеніштерді толғап-толғап қап: – ты, что, глухой что ли?– деп
тепсініп-тепсініп қояды. Поезд бір қалыпты жүріп келеді. Терезеден телеграф
бағандары желіп өтіп жатыр. Идаят орынын жөндеп салып, бәтіңкесін шешті.
Сонсоң әр жеріне қара бастырма салған қалың, көк-жолақ матрацқа малдас құра
отырды...
Әжекең көзі жұмылған соң бұларды қайтып «көрген» жоқ. Үй-ішінің