бір сәт күдіктене көз тастайды. Өз түйсігінің орынсыз, күйкі екенін тағы
мойындайды; бұлақ бәз қалпы, тазалықтан, пәктіктен сыңғыр қағады. Қайта, адам
баласының ішкі-сыртындағы жұқпа, лас бірдеңелерді шәйіп, шайқап тазартып әуре
секілді. Назары қайтадан ағаштарға, көгалға, Коммунист проспектінің жоғары
жағынан мен мұндалаған айбынды аңқ сақал – Алатауға ауады. Талғар шыңының
қас, қабағы – мұз-қар, ызғар шашады. Маңдайын жиыра бір шытынса – қалың мұз
күтірлей сынып, төмен құлайтын сықылды. Идаятқа ұсаған тірлік иесін жаңғақша
шағуға сол мұздың жалғыз жаңқасы-ақ жетеді. Неткен құдірет! Оң қолда Найзақара
оқшау шаншылады. Композитордың жұлын-жүйкесі шымырлап кетті; көкірек
түкпірінде талайдан жасырып, бұқтырып ұстаған кішкене, тәтті үмітінің өзі
ұлылықпен салыстырғанда тым ерсі, астам сезінді. Мынаның қасында пәнде кім?
Адам рухы, ой арманы бәрінен ұлы, бәрінен биік. Әй, қайдам! Жанарыңа бір жалт
етіп шалынбайтын, көңілде бар. көзде жоқ затқа мұндай ала-өкпе сөздің керегі не?!
Осы сәт Садықжановқа «ақыл», «арман», «асқақ», «атақ» деген сөздердің бәрі бос,
өзінің күйкі, қиқым табиғатын бүркей түсу мақсатында адам баласының ойлап
тапқан айласына ұсады. Арманды қойшы, адам ақылды да асқақ санайды. Ақыл
қайдан асқақ болады?! Қулық, сұмдық, өсек, ғайбат, шағыстыру алыстыру... бәрі
ақылдың ісі. Бәрі қарақан бастың қамы, одан әрі тәптіштей берсең, қарынның
құлқыны. Кұлқын – пайда, пайда – құлқын. Өзіне кіріс келтірмейтін, соған қызмет
жасамайтын рух қана – асқақ. Ақылдың қолынан ондай келуші ме еді! Жігіт
көкірек қиялының қыңыр тартып бара жатқанын байқап, ойын басқаға бөлді. Енді
бір мезетте осының бәрін ішінен ғана ойлағанына, мұны ешкімнің естімегеніне
қуанды. Адам не ойласа – сол дереу сөзге айналып, жұртқа түгел жария болса
ғой! Жасырып, тығып ұстайтын үнсіз тілдің, іштің бары қандай қиын!
Пиғылыңның бәрі анадайдан көрініп жүрсе – жаман ойға кімнің батылы жетеді!
«Алла-та-ғала Адам-атаны саздан жасап шығарыпты. Ежелгі қаскүнем Ібіліс
Адамның қарынын түртіп көріп, масайрап қоя беріпті: «іші қуыс, алдауға болады
екен». Адамзат дүниесіндегі қырсық атаулы сол «іштің қуыстығынан» деп түйді.
Ібіліс біліп, дұрыс үміттенген.
Ағаш басынан ұшқан ақ мамық шашына, бет-жүзіне жабысады. Бірер адам
қағып өтіп барып кешірім сұрады. Бір-екеуін бұ да сүйтті, бірақ кешірім сұраған
жоқ. Аналар таңданған кейіппен бір-бір қарады да жөндеріне кетті. Дәл сендей
ойшыл қайда-аа деген кісіше өзінен өзі ауырлай, шырайсыз, реңсіз пішінде
консерваторияға қарсы, Виноградов көшесіндегі тұйық алаңға түскен. Санасына
Кемел үні оралды. Кешегі сөзі – құлағында әлі тұр. Манадан біресе қиял әлеміне,
біресе болмысқа ауысып, екі ұдай теңселіп, бірде-бірінен тұрақ таппай келе жатқан-
ды, тағы да досының, Кемелдің үні әлгінде ғана болымсыз таныған тірлігінің
әсемдігіне, басқаша болмайтынына ойын бекітіп біржола шегелеп салды. Сонда
ғана табан астынан қара жер сезінді. Бұлақ – бұлақ, тас – тас, жапырақ – жапырақ
күйінде, ешқандай теңеу-эпитетсіз, әр нәрсе өз орнына қайта тұрды. Досының сөзі
кешегідей жай ақыл, кеңес емес, енді барынша қатал, айыптау болып естіледі. «Сен
адамдармен тіл табыса алмайсың». Тіл табысу деген не, ол неге қажет? «Қоғамның
мүшесі емессің бе?» Болсам қайтем? «Азамат құсап өмір сүрмейсің бе?» Немене,
мен кім құсап барам? «Өлгің келіп бара ма?» Жоқ! «Әйтпесе, тірі адамға тән
тірлігіңді ет, дүниеден үміткер кісінің әрекетін қыл!» «Сонда не істейін, көрінгенге
жағынып жалбақтайын ба?» Керек жерінде оны да істе, өзіңе болмаса өнеріңе
қажет. «Керек жерінде жағын, жалбақта, жасан, түрлен, өтірік күл, өтірік жыла,
мақта, датта, мұқат, қорқыт, тек өзіңе де қорқу керек екенін ұмытпа! Өй, бүйткен
өмірің құрысын! Ауылға кетем». «Кетсең жүре бер, онда да ел, жұрт, тірлік бар».
Осының бәрін бұл маңдайдан соққандай дөрекі, артық ақылдымсу, артық
айтқыштық санаған. «Өзіңе болмаса өнеріңе қажет!» Ұққан, түйгені әлі де шала, әлі
де шикі-тін. Өзінің білігіне, ақыл-парасатына сенімі аз көрінген сайын Кемелге
иланатын. Кемел не айтар екен? Бұған ол қалай қарайды? Өнер жолындағы төрт-
бес жылы осымен өткен-ді. Кемел бас, бұл мойын сияқты еді. Байқап қараса
ештеңе үйреніп, алып жарымапты. Әндерін таратқан сол. Радио, телевидение, газет,
журнал, «Грамзапись» студиясына да жолды Кемел тапты. Сонда өзі не
тындырған? Ән жазды, анда-санда бірдеңесін өткізіп қойғандай бұртаңдап досына
өкпеледі. Түсінбегендігінен, сүйтті. Күні кешеге шейін өкпе, кінә артар сылтау
іздеп сабылды. Мемлекеттік сынаққа бара алмай, келесі жылға қалғанын қайғы
тұтып, қанша салбырады! Енді ойласа, соның бәрін Кемелдің жанына батыру үшін
істеген тәрізді. Бұл ән жазады – Кемел жүгіреді, бұл сабақ тапсырмайды – Кемел
жүгіреді, бұл бір мұғаліммен түсінісе алмайды – тағы да Кемел. Неткен жомарт
жан! Тіпті, мұны бес жыл бойы асыраған да соның өзі. Ақымақ деп күйінгенде
даусы шығып кетті, жанынан өтіп бара жатқан біреу жалт қараған-ды, бұл назарын
төмен сала қойды. Сол ақы