нің кешкі діріліндей бір діріл бар. Еміс-еміс боз
жусанның исі келеді. Қыстау-шошақтың бергі қабағында кеше таңертең жүріп еткен
екі аттылының ізі әлі жатыр. Күн астында газ орамалға ұқсас жұп-жұқа ақ сағым
толқиды. Ашақтың бергі алдындағы жантақ-үрпектің басында жайылып жүрген
жалғыз қарақайыс түйе тым ербиіп, ебедейсіз көрінеді. Бітеу қораның төбесінде
жүрелеп жатқан Қорашыл көктемнің әлжуаз қара шыбынын әлсін-әлсін қарш-қарш
қағады. Сонау көкте күнге шағылысып, шиыра лақтырылған жиырма тиын құсап боз
торғай шырылдайды. Ауланың құбыла алдына шығарып үйген сабан ағарып, оңып
кетіпті. Зілмәңке маңынан қи мен көң исі бұрқырайды. Есік алдында көлдей-көлдей
ірге-аяқты жайып тастап жамап отырған кемпірдің кимешегінің төбесінде жылт-жылт
етіп, екі-үш тебен ине түйреулі тұр. Өзі бір аяғын көсіліп, бір аяғын астына басып
алыпты. Күнге қарап сығырайып, тебеннің көзіне шуда-жіпті өткізе алмай әуре.
Мезгіл-мезгіл жіптің ұшын аузына салып, түкіріп тастайды. Айналасында үйелеген
түйедей ғып, теңкиіп-теңкиіп буып тастаған туырлық, үзіктер. Кемпір иненің көзінен
бір сабақ жіп емес, оқ өткізетін кісідей, сығалайды кеп. Ұшы тарамдалып, түтіліп
қалған шуда-жіп өтпейді.
– Адыра қал, адыра қалғыр!– Әй, Идаят, Сәлима, Жамиға, Жамал. Туһ атың
өшкір, Ақылима!– деп айқайлайды. Біреуін шақырам деп, осы өңірде бар қыздың
атын атап шықты,– қайдасыңдар, бықпырт келгірлер!
Қолында шүберекке орап, белін буған топайы бар кішкене сары қыз жүгіріп келді,
шашы жалп етіп, ірге-аяқтың үстіне отыра кетті.
– О не мама?
– Көзі құрғыр көрмейді, сабақта мынаны! Қайда кетесіңдер осы?!–деп қуырды.
Анау ине көзінен жып еткізіп шуда жіпті өткізе қойды.
– Өй, көзіңнен айналайын, шырадай болған, әкеші бетіңді!
Кемпір немересінің бетінен сүймек болып айналасына қарап еді, таба алмай қалды.
– Қап!–деді.– Қап!–Таңертең теріп қайтқан бір қап жапа тезекті төгуді ұмытып
кетіпті: анадай жерде буылтық-буылтық боп тұр. Кенет... дөңге төгілген күл-қоқырда
секең-секең етіп жүрген төрт-бес сауысқан үркіп ұшты. Шықылық-шықылық етеді. Ит
үрді. Терезе алдындағы шоқалақ тікеннің тасасынан екі аттылы кісі төбелері қылт-
қылт көрініп, ат қазыққа қарай өтті. Кемпір ине-жібін тастай сап, орнынан тұрды.
Сатым мен Идаят бұл уақытта келмейтін. Жеңіс жақын дегенді естігеннен бері аттылы
көрінсе тұра жүгіретін әдет пайда болған. Келгендер аттарын байлап, бері жүрді.
Біреуі ұзын, ірі де, біреуі шынашақтай. Ұзын бір аттағанда анау екі аттайды.
Кемпірдің көзі сол, екіншісіне түсті. Анаған қарағанда тым асығыс, суыт жүрген кісі
сияқтанды. Сірә, хабар айта келген осы болар деп түйді. Екеуі бірден, жарыса сәлем
берді. Кемпір сәлемді алды да, әлі де анық тани алмай, екеуіне кезек жалтақтап,
«сүйіншіні» қайсысы бұрын айтар екен деп тұрып қалды. Аналардың ойында ондай
ештеңе жоқ екенін аңғарғасын, беттеріне, киіздің жыртығына қарағандай үңіліп, танып
алды: Сандыбай мен Сисенбай. Екеуін бастап апарып есіктен кіргізіп жіберді. Өзі
киізіне қайта отырды. Қарт үйде-тін. Іле екі қонағын ертіп тысқа шықты. Кемпір кетеді
екен деп қалып:
– Неге отырмадыңдар?– деді Ана екеу естімеген болды. Сисенбай тыңқ еткізіп
тамағын кенеп ап, қартқа қарады:
– Бір қызыл сиыр жоғалтып, соны іздеп шығып едім, көрмедіңіз бе? – Әжекең
кемпірін нұсқап:
– Мынадан басқа қызыл сиыр көрмедім,– деді.
– Ха-ха-ха!
– Кіһі-кіһі-кіһі!
– Ха-ха-ха!
– Кіһі-кіһі!
– Сізге сәлем берейік деп,– деді Сандыбай мұрнын сүртіп.
– Әңгімелесейік, сырласайық деп,– деді Сисенбай, ернін жалап. Жаңа ғана «қызыл
сиыр іздеп жүрмін» дегенін ұмытып кетті. Үшеуі тең-тең боп буулы жатқан киіздердің
біріне барып отырды. Сандыбай шоланның төбесінде желбаулары шұбатылып жатқан
үлкен қара шаңыраққа қарап: «пай-пай-пай» деп қойды. Сисенбай басқа ештеңе
таппаған соң кемпір жамап отырған ірге-аяққа қадалып: «пай-пай-пай!»– деді.
Әжекең мырс етті.
– Жігіттер, шай қойдырайын ба?
– Шай ішпейміз,– деді Сандыбай.
– Шай ішпейміз,– деді Сисенбей.
– Онда ас салдырайын!– Қонақтар қарсыласқан жоқ.
– Кемпір, қазанға ас сал!
Кемпір ірге-аяқтың бір басын «ой, адыра қалғыр» – деп, сілки қайырып тастады,
үйге кіріп жайпақ ағаш табақ пен пышақ алып, ет шоланға беттеді. Шолан төбесіндегі
шаңырақтың күлдіреуішіне қонған ала сауысқан шықың-шықың етті.
– Жағың қарыссын!– деді кемпір.
– Ақ шақыр!–деп жымиды Сандыбай.
– Ақ шақыр!– деп күлді Сисенбай.
Сандыбай қалтасынан темекі дорбасын, бір уыс ұйпалақтанып, әр жері тесіліп
қалған газетін алып шықты. Шетінен жыртып ап, темекі орай бастады. Аузын сылп-
сылп еткізіп, жыртқан газетінің екі шетін жалап-жалап алды. Сонсоң:
– Не жаңалық бар, Әжеке? Темірәліні естідіңіз бе? – деді.
– Жоқ! Темірәлің не тағы?
Қарт Сандыбайдың тағы бірдеңені көңірсітіп келе жатқанын алдын ала сезіп,
тыжырынып қалды.
– Сейсіметтің үйіндегі Мәруә келінді сабап кетіпті.
– Иә, дойырмен сабап кетіпті,– деді Сисенбай.
Әжімгерей қонағының аузынан өзгені күтсе де, дәл мынадай хабарды күткен жоқ
еді. Әрі шошынып, әрі таң қалып отыр. Басқ