а да емес Темірәлінің, ел басқарып
жүрген, өзі ішінен жөні дұрыс азамат санайтын адамының мына қылығы миына
симады. Өтірік дейін десе, Сандыбай өтірік айтпайды. Әсіресе, жағымсыз, осы
сықылды ерсі естілетін жайларды аздап құбылтып, өңдейтіні болмаса, ешуақытта
жанынан шығармайды. Және мынау өте жауапты өсек, шатақ әңгіме.
– Неге сабапты?
– Оны ішкім анық білмейді,– деді Сандыбай.
– Иә, оны білмейміз,– деді Сисенбай.
– Сен кімнен естідің?
– Өзіміздің «Қызыл әскер» колхозының адамдарынан. Кеше таңертең Мәруә келін
шомнидың доғдырынан барып ыспырабкі алыпты. Қамшы сол жақ иығының үстінен
жауырынының ортасына шейін тіліп кетіпті. Қайратты адам ғой, қатты соқса керек...
– Иә, аямапты.
– ...Денесіне түскен таңба бірер жылсыз жоғалмайды десіп жүр. Жұрттың бәрі
келін жағында. Әскер семьясы, қысқа аяқты адам, обал емес пе? – Сандыбай сөзін:
«Ұят жоқ екен өзінде» деп, күйініп аяқтады.
– Иә, ұят жоқ. Бәлем өзіне де әкіт жасап қатырдық. Сібір айдалады, басы түрмеде
шіриді дейді жұрт. Әжеке, әкітке мына жаман інің де қол таңбасын басты. Бұ жігіт
ұзаққа бара алмас!– деді Сисенбай. «Мына жаман інің де» дегенді ерекше
мақтанышпен, бас бармағын қайқайтып алып, көкірегін түртіп, күпілдеп айтты.
Әжімгерей аң-таң.
– Апырай мынау... апырай бұл...
Қарт мына оқиғаға не баға берерін, не деп түсінерін білмей, тосылып отырып
қалды. Ел көрмеген, қатын-бала асырамаған көргенсіздің өзі бұлай істемес. Басқасын
былай қойғанда, есі дұрыс адам қатын сабай ма? Өз қатының болса... е, оны сабай
берсін! Үкіметке білдірмей сыдыртып алса кімнің не атасының құны бар!– деп
ойлады. Қалай болғанда да Темірәлі сықылды азаматты жамандыққа бүтіндей қиғысы
келмей, ақтайтын, араша түсетін бір амал бар шығар деген ниетпен Сандыбайдан:
– Сонда... неге сабапты?–деп, қайталап сұрады.
– Оны білмейміз. Мейманасы асқан да әбден. Әскер семьясын осынша басынғаны!–
Сисенбай күйіп, кіжініп сөйледі. Түлен түртіп жүр ғой. Халықтың дәулеті қоя ма
есіртпей. Есірді деген осы. Екінді мен ақшамның арасында біреудің қатынын сабап.
Өзіме қатын болмадың дейтін шығар. Қатын деген ортақ...
– Өзің не сандалып отырсың!– Әжімгерей ананың сөзін бөліп кетті,– неге
сабағанын білмеймін дейсің, сүйтіп отырып әктіге қол қоясың, не деп қол қойдың?
Неге түсініп қойдың? Әктінің сөзін жазған кім? Ішінде не айтылыпты?
– Қол қой деді, қойдым. Сабағаны пәкті ғой!
– Қол қой деген кім?
– Сағынай.
– Жазған да сол ма?
– Сол.
– Саған жазғанын оқып берді ме?
– Жоқ! Әйтеуір сабағаны пәкті!
– Сен қайдан білдің, бәлкім, сабамаған болар.
– Жоқ, сабапты. Доғдырдың қағазы бар.
– Доғдырдың қағазы болса сол жетпей ме, әкті кімге керек? Жо-оқ, мұнда бір
шикілік болды,– деді Әжекең.
– Мейлі біздің неміз кетеді,– деді Сисенбай.
– Сен өзің бір қасиетсіз қарт екенсің!
– Кіһі-кіһі-кіһі!
– Ата сақалың аузыңа біткенше ақ-қараны айырмай ..
– Кіһі-кіһі-кіһі!
Әжімгерей сөзін аяқтамай тастады. Аяқтайтын да ештеңе жоқ сияқтанды.
Сисенбайға ұрысқаннан нәтиже шықпайтынын түсіне қойды... Бұрын басқарма
жайындағы сөздер ерінді құлаққа тақап қана айтатын күбір-сыбыр, жәй күңкіл тәрізді
еді. Келе-келе сол сыбыр күшейіп, жұрттың бәрі еститін көтеріңкі, ашық үнге айналып
бара жатыр. Оны жамандау үшін ешкім енді ерінін құлағыңызға жанап әуре
болмайтындай. Бұрын күңкіл-шүңкіл сөздердің бәрі ылғи бір дауыссыз дыбыстан
құралған «ыш-пыш» «пыш-пыш» болып естілетін-ді. Қазір мүлде олай емес,
дыбыстар үнді, екпінді. Темірәлі жәйлі естігеніңді әнге қосып айтсаң да айып
болмайтын сықылды. Бұрын «басқарманың үйі дастарқанға ақ бауырсақ шашады
екен», «басқарма соғымға ту сиырдың жарты етін алыпты» секілді өсек-аяңды, бір
жақтан қатты жүгіріп келген кісідей ысылдап, ентігіп әрең айтатын. Қазір дабырайтып
тұрып-ақ: «басқарма шоқал санатып жатқан көрінеді» деп қойып қалады. Енді міне:
«саба-ап ке-етіпті!» Мұны қалай айқайлап айтсаң да болады. Тек даусың жетсін!
«Са-ба-ап ке-ет-іпті!»
Қандай әдемі сөз! Қанша созсаң да үзілмейді. Тіпті, Ашақ шошағының қақ басына
шығып ап, айқай салғың келеді:
– Ә-ә-ә-әй-й, са-ба-ап ке-ті-іп-ті-і!...
– Ас пісіп қалған болар, үйге барайық.
Үшеуі іркес-тіркес үйге кірді. Күн жылыда от жаққан шеген қыстаудың іші күйіп
тұр. Ас әлі дайын болмапты. Бұлар кіре сала бір-бір жастықты шынтаққа ап, жата-
жата кетісті. Әжімгерейді әңгімеге тартпақ боп қонақтар әрнені бір айтып, түртпектеп,
жаңа тақырып іздеп көріп еді, оларынан іштеңе шықпады. Қарт салғырт тыңдап,
салқын жауап береді. Үй иесінің қабақ кірбіңін екі қонақтың әрқайсысы өзінше
қабылдады, әр қайсысы өзінше себеп тапты.
Сандыбай Сисенбайға қарағанда іш қалтарысы бар, түкпір-түбі көлеңкелеу жан-
ды. Мұндай адамның көбінесе бүкіл жұлын-жүйкесінен бастап, қара тырнағына шейін
түгел есептеп тұрады. Дүниенің бәріне сол есептің көзімен қарайды, сол есептің
көзімен баға береді. Темірәлі жәйлі әңгімеден кейін Әжекең жүзінде пайда болған
өзгерісті де, сол есеп деп таныды. «Басқарманың аты басқарма. Оған кімнің күні
түспейді? – деп ойлады Сан