Бұлар кеткен соң, Әжімгерей қарттың үйінде шағындау бір шатақ болып өтті.
Сатым мен Идаят аттанғанда кемпір үйде жоқ-ты. Жамап отырған киізін қайыра-
қайыра тастап, құдыққа мал суғара кеткен. Содан орталау құйылған екі шелек суды
көтеріп есік алдына келе бергенде жүгіріп шыққан жалбыр шаш сары қыз:
– Мама, Идаят ақамды Сатым ақам атқа мінгізіп, екеуі былай қарай шауып кетті,–
деп, батыс жаққа қарап саусағын шошайтты.
– Онысы несі, шауып кеткені несі? – Кемпір үйге дабырлай кірді. Шелектерін
қанша салдыратайын деп жерге түйе-түйе қойғанымен, ішінде су толы ыдыстан айыз
қандырарлықтай қатты дыбыс шықпады. Тиісудің реті бір келді-ау әйтеуір деген
кісіше, артына төніп барып бақ етті:
– Бала қайда?
– Баланы Сатым сұрап әкетті.
Кемпір «неге», «не үшін?» деген сұрақтарды ғұмыры қоймайтын. Бұ жолы да
сөйтті. Оған «Сатым сұрап әкетті» деген жалғыз сөйлем жетеді. Басқасының керегі
жоқ. Сол сол-ақ екен, былағайға салып ала жоғалды.
– Жалғыздан қалған жалғызды кісіге беріп не бітіріп отырсың?! Атқа мінгізіп,
құйттай бала атқа отыра ала ма. Түнде жатқанда ашылып қалса қайтесің? Кім тұрып
жабады оны? Өзің бірге кетпей. Отырып алып... Басқаға да емес, баласы жоқ, бала
қадірін білмейтін Сатымға есі дұрыс адам сене ме?– Әжімгерей өзінің де кейбір
күдіктері тіріліп бара жатқанын байқап:
– Кемпір-ау, түсінсеңші енді, – дей беріп еді, кемпір құлақ аспады.
– Немді түсінем ойбай, немді!– деп айқайлады.– Қара інгенге мін де, қазір артынан
бар, бармасаң өзім барам!
– Күн кешкіріп қалды ғой, ертеңге шыда. Таң ата көлікке мінейін! Кемпір Идаяттың
ат десе алып ұшатын «жаман әдетін» қартынан көреді. Көрсе көргендей: қара баланың
жасы үшке толар-толмаста-ақ Әжекең атқа мінгізіп, өзі басын жетектеп қыдыртатын.
Ердің қасынан мықтап ұстап алып, сық-сық күліп, тебініп, талпынғанын қызықтады.
Кейін бала қазықта байлаулы тұрған атқа маза бермейтін болды. Ері бар ат көрсе
болды, тырмысып, мініп алады. Және аяңға, бүлкілге қанағаттанбайды. Шыға
шабады. Кемпір ойбайын салады да жүреді. Оған қарап жатқан бала жоқ. Өйткені,
қарт қолдап отырады. Атқа жүргеніне қуанып: «ой садағаң кетейін!» деп
қауқылдайды. Балаға бұдан артық не керек! Ол соған бөркі қазандай болып, делие
береді. Өзіне арнап кішкене қалмақ ер әперді. Таралғысы бір тұтам, титтей жез
үзеңгісі бар. Онысы ет-шоландағы үлкен сандықта кілтте жатқан. Кілт кемпірдің
қалтасында. Әжімгерей: «Өз ерін бала ертең салар, бүгінше кете беріңдер»,– дегенде
кемпірінің келіспейтінін білген-ді. Сатымның көзінше бажылдап бітер деп, оларды
әдейі кемпірі жоқта аттандырған. Енді сонысына өзі сүйсінерін де, өкінерін де білмей
дал болып отыр. Өкінейін десе әбден ойланып-толғанып, ризашылығымен жіберді.
Асығыс, қапы істелген іс емес. Сүйсінейін десе, кемпірінің уәйімі жөні бар уәйім
сияқты. Ақыры, кемпірі басылайын дегесін барып:
– Сен Садықжанды да сөйтетінсің. Ол да кетті ғой. Бағынан көрсін. Ата-анасын кім
қанжығасына байлап жүр? Бет алды қори берме,– деді.
...Ертеңіне Идаят жирен айғырды жайдақ мініп келді. Түнімен бір-біріне ештеңе
айтпаса да, баланы әрқайсысы өзінше уәйімдеп, кірпік ілмей шыққан-ды, кемпір-шал
ит үргенде есіктен жарыса аттады. Сатым құла биесін қаңтарып жатыр. Бұларды көріп
арсалаңдап, Идаят жайдақ аттан секіріп түскенде, құйрығына басқан жеңіл қыл-терлік
бірге түсті. Жирен айғыр жанына жалп еткен терліктен үркеді екен деп, екі кәрінің
зәрелері ұшқан, екеуі бір мезгілде: «Ойбай!» деп қалды. Жирен: «е, осы ма» дегендей
терлікке менсінбей бір қарады, алдындағы қайың соқаға тұмсығын үйкеп тұра берді.
Қорашыл құйрығының шашағы ағараңдап шауып кеп қара баланың бет-аузын жалап-
жалап қойды да, қыстаудың төбесіне шығып кетті. Кемпір баласына қарттан бұрын
жетті. «Садағаң кетейін, зекетің болайын!» деп барып, бетінің жаңа ғана қызыл ит
жалап өткен жерінен шөп еткізіп сүйіп алды.
Идаяттың бірінші рет кісі үйіне қонуы-тын.
– Қалай, жирен айғыр жақсы ма?
– Жақсы. Тек... тақымым ауырды.
– Жайдақ мінгеннен болар?– Бала басын шайқайды:
– Жоқ, одан емес: жирен өте жуан, бұтыма сыймайды:
Сатым күліп жіберді.
– Үндеме. Он шақты күнде сыйятын болады.
– Қалай сыйяды?
– Бұтың... тақымың өседі.– Қартқа қарап көзін қысып қойды. Бала мен ит қуанса
дарақы ғой, «өседі» дегенге шөтке шаш қара арсалаңдап келе жатты да, Сатымның
көкесіне көзін қысқанын байқап қап:
– Иә, өтірік,– деп бұртия қойды. Жаранған аттың жіңішкеріп, тоқ кезіндегідей
тақымды кермейтінін, әрине, білген жоқ. Сатым сөз арасында:
– Азамат болды деген осы,– деп қара балаға қарады. «Көзіме бір көрінсе, енді
қайтып үйден шығармаспын». Өстіп кіжінген кемпір «азамат болдыны» естігенде
қуанғанынан қалтаңдап кетті. Кілт іздеп, үйдің ішін астан-кестең етті. Таба
алмайтынына әбден көзі жеткесін қарт ғаламат бір ақыл айтты:
– Қалтаңды қара!
Желеткесінің үстінде екені, оның қалтасының бары кемпірдің есінен шығып кеткен-
ді, кілтін тапқасын қартына тиісті:
– Анаң қарашы, банадан бері