айтпауын. Көріп отырып үндемейді. Сонда мені
сынап күлу үшін. Мен болып алар-ау сенің жаныңды Құдай! Уһ, ұршығы құрығыр
үзіліп барады.
– Ақсаңдай басып барып, Идаяттың ер-тұрманын әкеліп берді. Сонсоң бәрі далаға
шықты.
Сатым жирен айғырға ер салды. Әжімгерейдің көзі шалып қалды: Жиреннің от
орнындай тұяғын ақ тұқайдан алысырақ етіп кесіпті. Қашаудың орыны ағарып,
айқырып тұр. Шашасын да, Сатым өз сақалындай ғып, дөңгеленте қырқыпты. Ұзын,
қою жал-құйрығын сүзіп, жұқартқан. Айғырдың сан еттері білем-білем. Сауыры,
тостағандай боп томпақ көрінетін тар сауыр емес, кең, құлама. Артынан қарағанда
айғырдан гөрі мама биелерге көбірек ұқсайды. Екі артқы аяғы сәл талтақтау, тілерсегі
түкті, жуан. Әжекең айналып алдына шығып қарады. Басы тым үлкен, ауыр сықылды
көрінді. Өзі сұлық тұр. Көзін бір жұмып, бір ашады. Танаулардың ашылуы мен
жабылуының арасы өте сирек. Демек, демін анда-санда бір алады. Тұмсығының үстіне
жабысқан екі-үш түйір сұлыбастың дәнін қарт сипап тастады. Екі құлағы екі шекесіне
таман, алшақ бітіпті, түбін ұстап көріп еді, уысына әрең сыйды. Қолын төмен
жылжытып жағына әкелді. Жағы, бұқаның жағы сықылды, қалың етті, түгі бұйра-
бұйра... Әрі ойлап, бері ойлап, Әжімгерей жирен айғыр мен жүйрік деген екі ұғымның
бір-біріне қаншалықты қатысы бар екенін таба алмады.
– Сатым, шырағым, біздің пеш ескіріп, түтін тартпайтын болып жүр.
Сатым оны қайт дейсіз маған дегендей, аңырады.
– Тас соғу үшін Ашақтың қоңырынан саз тасу керек. Жирен айғырды маған
берші, саз артайын, күшті екен.– Анау үндеген жоқ. Теріс айналып жиреннің о жер, бұ
жерін шұқылап, күйбеңдей берді. Идаятты атқа көтеріп мінгізді, тізгінін қолына берді.
Өзі құла биенің айылын төсіне таман сырғытып тартты, шылбырынан жетектеп басын
арқаға қаратты. Әжекең қолтығынан алып аттандырды. Екі аттылы аяңдап Ашаққа
шығатын жолға түсті. Анандай жерге барғанда Әжімгерей арттарынан:
– Әй, Сатым, май тойында жаяу жарыс бола ма? –деп дауыстады. Сатым ат-
матымен бұрылып тұра қалды:
– Болады.
– Болса мен де жарысым. Алған бәйгемді жирен айғырға берем!
Ат бегі қыңқ-қыңқ күлді. Күлкісін Әжекең естіген жоқ. Қалың өскен сақал-мұрттың
арасынан ақсиған тістерін көрді. Жанында тұрған кемпіріне көзі түсіп кетті: аузы
жыбыр-жыбыр етіп бірдеңе айтып, бетін сипайды:
– Жолын оңғара гөр, жасаған!
Бұл сөздерді ішінен Әжімгерей де айтқан. Қара бала үйдей айғырдың үстінде
қомды түйеге мінген кісі құсап, екі аяғының басы аттың екі қабырғасынан ербиіп
көрініп, мәз болып кетіп бара жатыр...
Ат жаратушылар, уәде бойынша Әжекең аулына кешке, қонаға бірақ қайтты. Құла
бие сауырының үстіне дейін ақ сор боп езіле терлепті. Жиреннің қолтығы, ері
құлағының түбі, шабы ғана жіпсіген. Сатым аттан түсіп жатып қазықтың басында
күтіп тұрған қартқа шаққандай боп:
– Мынау ит жібімей қойды,–деді.
– Кішкене салмақ болатын өзің неге мінбедің?
– Болмайды. Бәйге аты шабатын кісінің салмағына дағдыланғаны мақұл! Менің
салмағыма машықтанса кейін шаппай қалуы кәдік.
– Сенің ат бегілігің қызық екен, бұ құрғырды... жылқы деген жылқы емес пе?
Сатым аттарды жеңілдеді де, қартқа жауап берудің орнына «уһ» деді. УҺ!
Қамшымен қонышын бір салып, үйге қарай аяңдады. Жұқа, хром етігінің сыртынан
киген қоңыр кенеп қоныш-қабының ішкі жағы тұзға малып алғандай, сортақ-сортақ.
Идаяттың етігіне ештеңе жұқпапты. Өзі есіктен кірді де, «Аллайай» деп, шалқасынан
жата кетті. Бір тостаған айранды кемпір-шал екі жақтап отырып әрең ішкізді. Сонсоң
салулы жастыққа басы тиер-тиместе қор етіп ұйықтап қалды. Кемпір:
– Қарағым-ай, сілесі қатқан ғой, қайтсын! – деді.
– Сатым, шыныңды айтшы, сен осы жиреннен шынымен үміт етесің бе, әлде
колхоздың бұйрығын орындап жүрсің бе? Ат бегі иығын көтеріп:
– Неғып байқамайсыз... неғып байқамайсыз,– деп таңданды.
– Қалай? Шынымен осы жүйрік пе?
– О-о, әлбетте, әлбетте: Атамаңыз бұны! Бұл...– Сақал-Сатым жирен айғырды
мақтайтын лайықты сөз таппады білем, басын шайқап, таңдайын қақты... Осы
қолхозда «ат бегі» атанған төрт-бес адам бар-ды. Соның бірі Сатым. Мұның ат
таңдағаны да, жаратқаны да бір түрлі, өзгелерге ұқсамайды. «Жаңа өмір» бәйгеге ат
қосқалы талай жылқының өнерін осы ашты. Бұрын ешкімге белгісіз, қайдағы бір
қалың тобырдың ортасынан, үйірінен ғұмыры жүйрік шықпаған айғырдың ұрпағын
ұстатып алады да, үн жоқ, түн жоқ, жарата береді. Апарып салып келіп қалса, озып
шығады. Жылқышылар жылқы қууға мінбейтін бір байғұс, кенеттен, жүйрік атанып
жарқырап шыға келеді. Сосын келесі ат жаратарда басқа бапшылдар: «мен жаратам,
мен баптаймын» деп таласса бұл сол өзі ашқан жүйрікті бере салады. Сөйтіп, жаңадан
іздейді, жаңадан табады. Жүйрік таңдағаны да қызық. Кемінде он-он бес күн
жылқышыларды аралап жүріп алады. Түкке тұрмайтын бірдеңелерді сұрап, жұрттың
басын қатырады. Алда-жалда бір жылқыға көңілі құлай қалса, оның құлын күнінен
бастап осы күнге шейінгі «өмірбаянын» тәптіштеп, бүкіл тарихын қазып бітеді. Кейде
тіпті, қай биенің құлыны, енесінің мінез-құлқы қандай, үріккенде қай жағынан