іздегеніңді таппадың бар ғой,– деді Қалиға тістене төніп,– алқымыңды езіп берем,
сосын, ертең Қарасқа өзім барып бәрін айтам! Тый мыналарыңды деймін! Зорлық
деймін!
Қарас – аупарткомның бірінші хатшысы Қарасев Иван Федорович, балықшыдан
көтерілген адам. Әділ, қатал, заңсыздық еткендерді оңдырмайды, еңбекшілерге,
әсіресе, әскер семьясына жақсы қарайды екен дегенді естіген. Қарттың аузына Қарас
есімі түскенде Қали алғашқыдай емес, басылайын деді. Сонда да беріскісі келмей:
– Жоқ, сіз аудан өкілін мазақ етуге қандай хақыңыз бар? – деп мойнын созып-
созып қойды.
– Ата, көңліңізге алмаңыз! Жұрттың сөзі... арнайы тапсырма берілгесін... орындау
міндетіміз ғой,– деді Ұмсын есікке беттеп,– әйтпесе дұшпандығымыз жоқ, ренжімеңіз.
– Ендеше, кетіңдер бәрің, түгел кетіңдер! Санақшылар шыға-шыға жөнелісті. Қали
табалдырықтан аттай бере артына қайырылып:
– Көрерміз әлі!– деді де тебіне басып ат қазыққа беттеді. Әжекең соңынан:
– Мен ертең Қарасқа барамм,– деп дауыстады.
13
Темірәлі ат басын Қазанғап тауынан асып түсе бір-ақ тартқан. Алдындағы
жылқының майлы қартасындай қыртыс-қыртыс сары ала далаға сабырсыздана көз
жіберді. Қанша шапса да таусылар емес. Шағыл, шағылдың ар жағы – үрпек, бытқыл,
одан әрі тағы шағыл.Түлкінің құйрығындай бұлаң ұрып қулана жосып жол жатыр.
Былқылдаған өлі, бықпырт құм. Аттың шашасына дейін жұтып қояды. Тұяқ үні
қатқылдағыдай құлақты шақпайды, келі түйіп жатқандай, тұншыға дүңкілдейді. Тем-
ақаң кепкісінің күн қағарын көзіне таман басыңқырап киді. Күн екіндіге таяп қалған-
ды. Жүргіншінің тура көзіне ұрады. Желіп келе жатып қалтасынан манағы әйелі
берген бір кірешкі қара темекіні шығарып, аузын ашты. Күн астында көзге көрінер-
көрінбес, жіп-жіңішке мизам жіптері жылтылдайды. Пісіп, толып тұрған сарыбұйра
алқап екпінсіз желге еркелей судырап, еріне ырғалады. Қара қаңбақтың көзі шығып,
майқаңбақ дән салып қапты. Күн төмендеген сайын шөп басындағы мизам қалықтай
түседі. Құдды осы бір сар-кідір алқапқа ине сеуіп тастағандай жылт-жылт етеді.
Әлдеқайдан адыраспен мен сасық қурайдың исі келеді... Күн ұясына құлай бере
Айдаланың күншығыс жағына кеше ғана көшіп конған пішеншілер қосына келді.
Тоқтының пұшпағындай кішкене ақ қабақта иіріліп отырған топ орақшының жанына
кеп, атынан түсті. Бір шал шекесінен қарап:
– Мынау кім, кәртесін көзіне киген?–деп сығалады.
– Ойбай-ау мынау Тем-ақаң ғой?!
– Қап, отырған үстімізге келді-ау.
– Нағып байқамай қалдық?
– Қайдан шықты өзі?
– Тұрыңдар, әй, түге, омалып қалдыңдар ма?
– Нағыз салқын түскен кезде...
– Ұят болды-ау, қап!
Осының бәрі бір мезгілде айтылды. Күбір-күбір етісіп құйрықтарының құмын
қағуға да шамалары келмей, тұра-тұра орақтарына жармасты. Темірәлі атынан түсе
сала жалғыз отырып қалған шалға жақындай берді.
– Жігіттер, тоқтаңдар! – Бәрі басқарманың келгенін жаңа байқаған боп, жамырай
амандасты:
– Ассаламағаләйкүм, Тем-ақа!
– Саллаумағалайкүм!
– Орағымызды шыңдап, перекүр жасап отыр ек...
– Апырай, екінді мен ақшамның арасында...
– Орақтың шыңы қайтқанша кешкі салқынмен біраз сілтеп тастайық деп...
– Шаруашылықты аралап жүр екенсіз ғой, дұ-ры-ысс...
– Е-ее, Темірәліжан екенсің ғой, мал-жан аман ба, шырақ? Қарт буындары күтір-
күтір етіп орнынан көтерілді.
– Отыра беріңіз, ақсақал!
Басқарма қарттың жанына қамшысын сүйрете кеп ақ суылдаққа шынтағын тірей
қисайды. Пішеншілер қаумалап, отыруға бата алмай іркіліп тұр. Біреулері
басқарманың көзінше әйтеуір қарап тұрмас үшін орақтарының о жер, бұ жерін
шұқылап, қабақтарын шытысады. Бәрі бір сәтке үнсіз қалды.
– Жағдай қалай? Не мұқтаждарың бар?
Звено бастығы қартаң қара әйел қозғалақтап:
– Мұқтаж көп қой. Ұн таусылды. Шай жоқ, Сарсу қайнатып ішкенімізге біраз
болды. Әйтеуір ақ, қымыз мол. Бір өңкей қымыз да кісіні көк ішек етіп жібереді екен.
Шайнама болмаған соң...
– Өнімнен күн ара бір битон айран алатын едік. Оны да қойды.
– Неге қойды?
– Көлік жоқ, түйенің бәрі шөмелей тартып жүр.
– Бір-бір көйлегіміз де күн мен терден сылынып түсті...
– Нормы қалай? Орындала ма?
– Нормы орындалады. Шөп қойылды, пісті, қара шөп араласты. Екі сілтесең
шөмелей түседі. Тек – деді әйел батылданып,– тек қарын шұрқырап жүріп қылған
қайрат не қиратады? Жағдай шамалы, Тем-ақа.
Тем-ақаң үндеген жоқ. Қалтасынан қағаз, қарындаш алды. Сия-қарындаштың
ұшын тілімен жалап-жалап қойып, бүктесінен қырқылған сарғыш қағазға қарға-
тұяқтап жаза бастады: «Дүкенші»... Қыр астындағы ауыл жақта бұзау мөңіреп, құлын
кісінейді. Шаңқ-шаңқ әйел даусы шығады: «Әй, дүзі қара, ұста деймін ана бұзауды!
Еміп қояды... Бассайшы аяғыңды»...– Қыр басындағылар елең-елең етіседі:
– Шаңтимес қой мынау.
– Әй, қасқа-ай, қарғай алады-ау,– деп сүйсіне күледі біреу. Басқарма қағазды
қонышына салып жазып отыр: «Дүкенші, мына Қатиманың зібәнәсіне 40 к. ұн, 500 г
шай босат. Темірәлі 26.7.45 ж»: Тағы бір жапырақ қағаз алып, басына баттитып:
«Өнімші» деп жазды. «Өнімші, Қатиманың зібәнәсінә