былай жағаға, Жиенәліге жеткенше жер ауыр, құмайт. Темірәлі тізгінін тежеп, темекі
тартты. Қара темекінің ұшқындары бармақтай-бармақтай боп ышқына, күреңіте
ұшады. Сол ұшқындар жолға емес, жүргіншінің миына түскендей, әлдене жүйкелері
тұтанып, қоздай бастайды, Езу тартқызатын жанға жәйлі, тәтті ойлар, қанша зорланса
да оянбай, оралмай қояды. Ылғи бір жүйкені жегідей жейтін, жиіркенішті, құрт-сезім
өне бойын қулап бара жатады. Құрт дені сау жерге түсе ме, қайдағы бір жараны, ірің-
сіріңді қуып жорғалайды, жымыраң-жымыраң етеді. «Сол-аай,–деп ойлады
басқарма,– со-ла-аай!» Газетке мақала шыққан күні... бұған батты әрине. Қатты батты.
Ең жаман батқаны шындығында-тын. Жазылған жайлар түгелімен дерлік рас. Не дау
бар? Үкіметке жүз мыңдап зиян келіп жатса бір адамның көңіліне кім қарайды? Бәрі
жөн, бәрі мақұл. Бір кісінің тағдыры... аудандық газет үшін іштеңе емес. Қолында
пәктісі болса қайтеді, жазбағанда? Бірақ Сағынайдікі не? Оған не жоқ? Темірәліні ыза
қылған осы. Қошалаққа газет жеткенше екі-үш күнге дейін, Сағынай қашқалақтап
жүрді. Мал аралауы, ел кезуі көбейіп кетті. Және қайдағы бір түкпірге, елі сирек
жерге кетеді. Өзі басқарып жүрген сиыр фермасы былай қалды. Кез-келген малшыны,
пішеншіні аралап жүріп алды. Әрине, олай етуге хақысы да бар-ды, осы колхоздағы
он шақты коммунистің басы – бастауыш партия ұйымының секретары сол, өткен
күздегі бір жиналыста Темірәлінің өз ұсынысымен сайланған.– Іскер адам, жұртпен
тіл табады, коммунистер арасында беделді». Анау олай-пұлай шапқылап, әрнені бір
сылтау ғып жүргенін Темірәлі әдейі тайқығаны, қашқаны деп түсінді. Онысына тіпті
ыза болды. Бір күні таңертең ертемен келді де:
– Шақыр әлгі Сағынай деген итті! – деп ақырды.
– Қазір келеді!
Бұл ет пісірімдей күтті. Кеңсесінің ішінде теңселіп жүріп алды. Бір кезде Сағынай
келді. Ақ жібек көйлек, ақ картоз киіпті.
– Ассалаумағалайкүм, Тем-ақа, жай шақырдыңыз ба?– Басқарма сәлемді алған
жоқ, өзі күйіп отырған адамды ананың сонша жәйбарақат, сонша ұятсыз келісі одан
әрі күйдіріп, өртеп жіберді:
– Ит атаңа нәлет! Не затыңа керіліп жатырсың! – деп, алқынып қалды, сонсоң сәл
демін басып,– не өзің қыртып жүргенің! – Темірәлі шатынап, ананы көзімен-ақ жеп
тастайтындай төне түсті. Сағынай асықпай жан қалтасынан қаттап бүктеген ақ
орамалды алды, жүзінде сүртетін ештеңе болмаса да, мойнын, иегін сипады. Сонсоң:
– Аа-аа, сіз әнеугіге өкпелеп қалған екенсіз ғой,– деп сәл жымиып қойды,–
болады, ондай... өмір деген-күрес қой, өзіңіз білесіз...
– А-а? Не дейді, әй! Кет ит! Жоғалт қараңды! Көзіме көрінбе!– Сағынай болар-
болмас ишара ғып, басын иді де, бұрылып жүре берді.
– Не деген ит адам, Құдай, мынау!
Темірәлінің аузына өңге сөз түспей қалды. Барлық ашуын жиіркенішін жинап,
жаңағы інісі – Сағынайжаны тұрған жерге бір түкірді:
– Тфу!
Сонысынан өзі жиреніп, теріс айналып кетті. Бар болғаны осы. Одан қайтып күні
бүгінге шейін Сағынайды көруден аман. Есеп-мәліметтің бәрін есіпшісінен алды.
«Өмір деген – күрес!» Рас болу керек,– деп ойлады. Тем-ақаң аспанға қарады: Ұшы-
қиырсыз мол дүние жайнап жатыр. Ештеңемен ісі жоқ, маңқиған бір ұлылық!
Жұлдыздар шаңытып шатынамайды, тыныш, бейбіт қана жарқырайды. Күнәсіз
тыныштық. Бұл тұста ел өте сирек. Ауық-ауық естілетін шегірткенің шырылы,
арасынан қосаяқ жүгіріп өткенде сылдыр ете қалатын қияқтың үнінен өңге сыбыс
білінбейді. Жел теңізден, жалғыз-жарым маса бар. Шаққанынан шағынғаны жаман,
мазаң, ыңыр-сыған Құдайдың атқан мақұлығы. Тыныштықта оның даусы да
әжептәуір күшті естіледі. Біреуі басқарманың басын айналып ыңылдап әлі жүр. Қай
жеріне қонсам екен деп, орын таңдап жүргендей. Ат пысқырып, ішін тартты. Маса бет-
ауыздан, құлақтан ұзап кетер емес. Үнін өшірейін десе – қонбайды. «Ей, тшу» екі-үш
шақырымдай жерге желе шоқырақтап барды. Жылқышы кезінен қалған әдеті: мініс
атын тоқ ұстамайтын, ылғи да жартылай жарау мінетін-ді. Астындағы торы айғыр да
сондай еді. Түн салқынында осынша ынтығып қалғанына қарап: «жол тым ауыр екен»
деп түйді. Қараңғы маңайдан биіктеу жер іздеп келеді. Жолдың екі жағында төбелері
үрпиіп-үрпиіп шөпті шоқалдар бірінен соң бірі қалып жатыр. Жол қара бұдыр, қалың
арасымен өтіп барады. Құйқылжып, құтырына туған қызғылт жұлдыз күншығыс
көкжиектен арқан бойы биікте. «Жеті қарақшы» батыс арқада, төмен тұр. Жол бір
аппақ, ақ аяңға түсті. Ат тұяғы астында топырағы тысыр-тысыр етеді, Түзы бетіне
шыққан, сусыз, тақыр-сор. Сордан шыға бергенде оң қолынан дөңес жер көрінді.
Көкжиек деңгейінен биіктігіне қарап байқады. Жолдан шығып солай жүрді. Жолдан
таяқ тастам шыққанда-ақ аттың тұсарлығына шейін құмға кіріп кетті: шағыл, түсе ғап
атын қаңтарып, аяғын тұсады, көпшігі ып-ыстық екен, салқын құмға алып ұрды,
жылқы тері сасиды. Ұзын шылбырдың ұшын оң білегіне орап-орап шалқасынан,
көпшікті желкесіне қойып жата кетті. Аспан жап-жақын, ұша түрегелсең маңдайыңды
соғып алатын секілдісің. «Уһ, жан-ай!». Жаңа кірпігіне ұйып келе жатқан ұйқы зым-
қайым. Ұйқы орнына ой келді. Тағы да ой. Тағы да