айтпаушы еді-ау ерің! Не де болса қолма-қол істейтін...
– Мен бірде мата сұрап бардым. Бетіме қарап отырды да, еңбеккүннің есебіне, он
метр қалыңдығы тулақтай ала шытты жазды да берді...
– Мен өткен жазда Аштарқанға мал саттырам деп, сәбеттен қағаз сұрай кеңсеге
бардым. Секретарь бала шолтаңдап қағаз бермейді. Салым суға кетіп сыртқа шықсам,
анадай жерде торы айғырмен Тем-ақаң кетіп барады. Айқайды салып, бөркімді
бұлғадым. Жолынан бұрылып қайтып келді. Жағдайды айттым. Секретарь балаға не
деп еді сонда? Әйтеуір қатырды: малыма қағаз алып берді.
– Мен бірде азғантай пішенімді тасып алайын деп түйе сұрадым...
– Қайын, Тем-ақам-ай! Айыстай азаматым-ай! Екі көзің төйт болып отисың-ау
қази,– Сейсімет жылап жіберді.
Оразғали қалың елді қақ жарып отырып, Алтай тауының құбыла жақ тұмсығына
қарай жолсыз, тура тартты. Қыр елі ер-тұрманымен ат жетектегеннен қорқып, аузы
күйген ел болатын. Соғыс басталғалы бері Канішкеннен талай ат жетектеліп қайтқан.
Азаматын әскерге шығарып сап, атын алып қайтады. Ондай аттарды қаралы, тұл
санауға үйреніп бара жатқан. Почташы қарт Қанішкеннен шыққалы жол үстінде талай
адамға кездесті. Ішінде танитындары, не арнап түскен үй жандары болмаса,
ешқайсымен тілге келген жоқ-ты. Бүгін түс қайта, әсіресе, көп ұшырасты, пішен шауып
жүрген жалғыз-жарым орақшы, қойда жүрген қойшы, не өзі құсаған жүргінші
болсын, бәр-бәрі бұған бір түрлі аянышпен, үнсіз, мүсіркей қарайды. Ешкім тұра ғап
тілдесуге батпайтын сықылды. Бәрі анадай жерден шошына, үрке бақылайды.
Пішенші шөбін, жүргінші жолын тастап, тоқтап, тұра қалып көз салады, Бәрі де
ауыздары аңқиып, сілейіп-сілейіп қала береді. Орекең ат жетектеп емес, өлік артып
келе жатқан сын-ды. Күн екіндіге таянғанда почташы шу-шулеп, итініп-сұғынып
отырып Сағынайдікіне әрең жетті. Сағынай шәй ішіп отыр екен: салқын, жақтырмай
қабылдады. Орекеңнің бұл үйге түнеугі, үш көнберт әкеткеннен кейін келіп тұрғаны.
– Ммм, аман-сау боларсыз. Қайдан жүрсіз? Жай ма?
Осы сөздерді үй иесі тастабақтағы шәйіне қарап отырып айтты. Бұған көз қиығын
да салған жоқ. Қарт шығып кетерін, не отырарын білмей шәй үстіне келгеніне
ыңғайсызданып қап:
– Сағынайжан, ғафу ет, мен әлгі... ана Қанішкен жақтан келем. Тем-ақаңның
жағдайын айтайын деп...
– Білем оны,– деді анау, сөздің артын тосқысы келмей,– білем бәрін де. Ер-
тұрманын үйіне апарып түсіріңіз де, атты осында әкеліңіз.– Тағы бірдеме айтар ма
екен деп қарт тосып қап еді, Сағынай әйеліне бұрылды:
– Шәйің суып кетті. Демдеп жіберші,– аузында ерімей қалған қант түйірін қытыр-
қытыр шайнап отыра берді. Оразғали үйден жабырқап, жасып шықты. Сағынайға
соққанда қарттың өзінше ішкі есебі болатын: Темірәлі тірі болғанмен әбаққа қамалды
деген... қай бір жетіскен хабар? Бірге жүрген азамат қой, казитке жазса несі бар,
кемшілігін айтқан шығар, өкпеге қиғанмен өңгеге қимайтын ағайын, Темірәлінің
әйеліне ертіп барайын, жұбатсын, басу айтсын деген. Сөйтіп, сеніп келген азаматының
мына отырысына түсіне алмай дал болды. Ер-тұрманды апарып тастап, атты қайтып
әкел дегені... «бұл енді ұят-ақ» деп ойлады қарт. Бірақ ...Күн ұясына кіріп барады.
Сордың арғы бетінде: «Әк былай, әй, әй, әлекпе келгір, қазанға түсе ме, қайтеді?» –
деп дауыстайды. Әйел даусы. Совет кеңсесіне жүрер жолдағы кішкене қызылтақтың
үстінен біреу қой айдайды. Ысқырады, аракідік: «айт, Саққұлақ, кә, кә» деп қояды.
Оған маңайдағы барлық ит у-шу боп үреді. Тем-ақаң үйіне жақындай бергенде торы
айғыр шұрқырап кісінеп жіберді. Айғырша арқырамай, азбанданбай, құлынша қуана,
еркелей кісінеді.
– Жарықтық-ай, қайтсын-ау, есі бар мал ғой.
Үйден ақ көйлекті әйел жүгіре шығады. Ерінің жай-жапсарынан хабарлы болса
керек, келе торы айғырдың мойнынан құшақтай алып.
– Жануар-ай... жануарым-ай, талай жылғы серігі ең ғой, иеңді қайда тастап кеттің?
Хайуан да болсаң қастығың жоқ еді ғой,– деп еңіреп қоя берді. Торы айғырға емес,
өзіне айтылып жатқандай, бұл сөзді қарт қайыса қабылдады. Әйел атты қазыққа
апарып байлады. Көпшігін, терлік-тоқымын алып, жел-қомды, ерді желпіп-желпіп
қойып, айылды қайта тартты. Оразғали ләм-мим жоқ, мөлиіп тұр. «Ер-тұрманын
үйіне апарып түсіріңіз де атты осында әкеліңіз». Бұл өтінішке ұсамайды. Бұйрық.
Бұйрық болғанда жұрттың көңіл-күйіне, жәй-жапсарына қарамайтын көзсіз, күпір
бұйрық. Қарт қалай айтарын, не деп бастарын біле алмады. Күн қауысып кетті. Әйел
самаурынға су құйып, от салды.
– Келін, қарағым, мен жүрейін. Шайға азаптанбай-ақ қой. Күн кеш боп қалды.
Иә, сөйт, қарағым, сөйтейік!
– Шай ішсеңізші енді... қазір қайнайды ғой.
– Жоқ, қарағым, үйге барып шешеңді жіберейін. Екеуің әңгімелесіп отырып
ішіңдер. Мен жүрейін, қарағым.– Әйел үндеген жоқ. Самаурынын сала берді. Орекең
үйіне қайтты.
Ат қазығында қалды. Бұл қарттың Совет үкіметі келгелі бергі орындамаған бірінші
бұйрығы еді. Кетіп бара жатып:
– Сөйт, қарағым, атыңды жақсылап суыт, таң асыр,– деп айқайлады.
1971, 1973
Науырыздың бірі күні (14 март) құм елі қол алысып, көріседі