естіледі,– ұрса несі бар, ішінен шыққан баласы емес пе? Сені кім тапқанын, кімнен
туғаныңды білесің бе өзің? Сен келіннен туғансың, айналайын,– осы арада қарттың
үні тарғылданып кетеді,– Ол сенің мамаң. Жаман қатын деме! Кісі анасын олай атамас
болар! – Бала бұ сықылды сөзге сенер-сенбесін білмей, кемпір-шалдың бетіне кезек-
кезек жалтақтайды. Біреуі: «Қой, ол қате, сендей жақсы баланы келін қайдан тусын»
деп ара түсетін сияқты. Қарттың айтқанына қарсы келсе – келетін кісі кемпір. Идаят
соған қарайды. Мына секілді масқара сөздің өтірік болуын бар пейілімен тілейді,
дәмеленеді. Сонсоң желі мен ошақтың ортасында сырп-сырп басып жүрген қара
қоңыр әйелге көз салады. Осы үйдің итінен басқасының бәрі ақыл айтып, ұрсып,
жұмсайтын «жаман қатын» Идаятқа, атышулы «бәйгі-балаға» шеше болмақ па?!
Үстіне ілінгенді киіп, қалғанды ішетін келін, қолы күйе мен жарықтан босамайтын
сүмсік шынымен... қой, жәй әңгіме болар! Қара бала бір салқын түйіліп, жасып жүрді
де, кейін ұмытып кетті. Кемпір әбден ашуы басылып, айызы қанғанша сөйлейді. Бір
айтқанын қайта-қайта айтып қажытады. Мұғзима тақи құлағы сарсығасын, сөз
қайтаруға болмайды, өйткені ол келін, оның үстіне жақсы келін емес, жаман келін,
сонысын сезіп амал жоқ, баяғы екі көзіне сиынады. Жұртқа көз жасын көрсету тағы
ұят, жасырынып, тұншығып жылайды. Сөйтіп, өзін-өзі жей береді, жей береді... Кеше
таңертең Қарашаш мұны үйіне жіберді.
– Бара ғой, айналып кетейін, олардың сенен басқа кімі бар, жоқтап отырған болар.
Кір-қоңдарын жуып бер.
Кемпір-шал қалбақтап қалды. Алыстан бөгде біреу келгендей, сылап-сипап отырып
аман-сау алысты. «Шаршап келдің ғой, қарағым, дем алшы» – деп, кемпір шәйді өзі
қайнатты. Балалар да тым-тырыс, әншейіндегідей шапқыламайды, айқайламайды.
Ата-енесі күндегідей бірін-бірі шалмайды, келісіп, ұғысып сөйлейді. Беттері қанша
жылтыраса да, арғы көкірек түкпірлерінде сұрапыл бір салмақ, қасірет жатқан сын-
ды, күрсініп, үһілеп қойғандарын өздері де аңғармайды. Қандай да болмасын бір
жәйсіз әңгіменің айтыларын соқыр түйсік сезе қойды. «Жазған, жаңылған кезім жоқ
еді ғой». Келіннің ойына неге екені белгісіз, алғашында дәл осындай ой келді. Шәйдің
екі-үш шәшкесі үнсіз ішілді. Қарт балалардың әрқайсын жеке-жеке тізесіне жатқызып,
құйрығына қағып отырды, отырды да, бір мезгілде алыстан орағытып сөз бастады.
Бұл бұрын естімеген бір мақал-мәтелдер келтірді. Кемпір жаулығының ұшын көзіне
басып, бұрап отыр. Көз жанарын суырып алатын секілді. Әлде бір асылын шығарып
беруге қия алмаған сараң қолдарша сасқалақтап, қалт-қалт қағады.
– Саған Құдай да, адам да риза, қарағым,– деді қарт төтесінен,– төрімізден көріміз
жуық, өлмелі кемпір-шалмыз. Жалғыз бала анадай болды. Бес жыл күттің. Тәңір
жарылқасын, адал сүт емген жан екенсің. Сен әлі жассың. Ғұмыр бойы бізді күт, көрер
қызығыңнан без, тұл өт деуге бола ма. Қимағанмен қайтейін, теңіңді тап, шырағым,
бізден рұқсат! Мына балаларды қалай етеміз, білмеймін... біле алмай отырмын.
Әжекең сөзін әрі қарай жалғауға әлі жетпей болдырып, түйіліп қалды.
– Құдай-ай, естиін деген сөзім бе еді!
Кемпір кеңсірігін бір босатып тастап, еңк-еңк етті.
– Кетпеймін! Ішқайда кетпеймін! Мені ауырламай-ақ қойыңдар! Өз тамағымды
өзім табам! Тарылмаңдар! Іштеріңнен шықсам өйтпес едіңдер!
Келін өз даусын өзі танымай қалды. Өрескел қатты шықты. Осынау сөздердің де
аузынан қалай ытып кеткені беймәлім. Жан даусымен ышқынып айтты. Біреу далаға
сүйреп лақтыратындай, төсеулі жатқан алашадан қос қолдап бүріп алды. Сонсоң...
боздап қоя берді. Баяғыдан бері ішіне бұқтырған азап, қорлық, өкпе-назын сонымен,
бір-ақ ақтарды. Кемпір-шал қосыла егілді. Көп сөйлемейтін адам – көп ойлайды ғой.
Келін де сондай кісі еді. Ол көбіне: өзіне деген біреудің қарым-қатынасы жайлы
ойлайды. Пәленше неге бүйдеді, түгенше неге сөйдеді, не себеппен солай айтты, о
неғыл дегені... осы төңіректе кеп ойланады. Ой да сөз арқылы қиысады. Дауысы, үні
шықпағаны болмаса мұндай адам өте көп сөйлейді. Сөйлегенде бәрін ішінен айтады.
Мұғзима да кейінгі кезде, әсіресе, Садықжаннан «қара қағаз» келгелі бері сондай ой-
мылжың, іш-мылжың болып кеткен. Оның ішінен айтпайтыны жоқ. Естіген екі ауыз
сөзін бақайшағына шейін шағып, мүшелеп тұрып талдайды. Талдаған сайын әр
жағынан әлденендей бір жасырын мағына, астар табады. Сол мағынаның, екі ұшты
түсініктің бір ұшы, ылғи да өзіне, келінге тиіп жататын сықылды. Кім не айтса да
әйтеуір осыны, Мұғзиманы мұқату, соны кемсіту үшін айтатын тәрізді. Әрбір сөз
мұның жамандығын, момындығын паш етіп, қайдағы жоқ жасырын жарасының аузын
тырнап тиген секілді болады да жүреді. Мұның санасы бәрін де баяу қабылдайтын
құсайды, жұрт айтарын айтып, кемітерін кемітіп кеткен соң ғана бұған жетеді. Қарсы
сөзге ылғи да кеш, ылғи да «жау кеткен соң қылышын боққа шабады». «Қап, мынаны
неге айтпадым оған?» «Былай, десем ғой өліп түседі» деп, артынан өлердей өкінеді.
Ақыры, ойлай-ойлай жүйкесі талады, содан кейін: «Әй, миғұла