Темірәлі. 26.7.45 ж.». Жаңағы әйел дауысы тағы шықты.
...«Қақтап еміп қойыпты. Алда, қара қатын-ай, алда, қаншық-ай, сен-ақ түбіме
жеттің-ау. Бағың күйсін сенің, дүзі қара. Мм,а-аа-а» деп тістенеді. Бірдеңе шарт-шарт
етеді. Шар етіп жылаған үн келеді. Бала қыздың үні. Әйел одан әрі шаңқылдайды:
«Өй, қара тоқал! Бетің тіліңгір бедеу қаншық!» Темірәлі жаңағы екі жапырақ қағазды
Қатиманың қолына ұстатты:
– Осыны ала тұрыңдар! Мата жоқ. Келсе үлестіреміз. Маяны тегіс жерге салыңдар.
Астынан сырық өткізіп тексереміз... Сау болыңдар!– Асығып-үсігіп атына қонды.
Шаңтимес қарғыстың қара боранын ұйтқытып жатыр: «Көзің ойылғыр көк түйнек?
Бұрымың білекте кеткір! Емізді де қойды қақтатып!» Біреу шақыр-шұқыр еткізіп
қазан қырады. «Әк, ей, өк!» деп жекірген тағы бір әйелдің даусы естіледі. Кешкі ауа
дірілдей жаңғырығып, қарғыс аралас қырғыш пен қазанның үнін шым-шытырық
тарғыл-шұбар ғып әлдеқайда әкетіп жатыр... Тем-ақаң тоғыз құдықтың түбіндегі
Төлеу қыстауына қас қарая жетті. Төлеу Тоғыз құдықтың күнбатыс жақ жығылар
түбіндегі қазан шұңқырда ортасын пешпен бөлген екі бөлмелі үйінде келінімен екеуі
тұрады. Баласы әрмияға кеткенде іште қалған қыз қазір төрт жаста. Төлеуде түйе
мойнындай иір-иір бірінен-біріне өтетін бес-алты қора болады. Сонша қораға қамап
жатқан малын ешкім көрген емес. Алты қанат үйдің орнындай екі үлкен құдық, қашан
көрсең астау-қауғасы сай, ауланың іргесінде. Совет санағында бір бұзаулы сиыр, екі
лақты ешкісі бар. Тұрмысы жұпыны, келінімен екеуінің киіп жүрген киімін көрсең
сұратпай-ақ қайыр-садақа бергің келеді. Келіні жап-жас, бетінен қаны тамып тұрған
кісі. Қолында еңбекке жарамсыз деген доғыдырдың қағазы жүреді. Үйіне біреу кірсе
Төлеу ыңқылдап қоя береді. Келіні жалма-жан қағазын жайып көрсетеді. Келген адам
ауырлап, аяп аттанады. Өздері осы колхоздағы ең мүсәпір, нашар адамдар
қатарында. Темірәлі алғашында құдығы мен қорасын көріп, тас-талқан болған.
– Неғылған ауру! Неғылған мүсміндік! Мынадай қора мен құдық ұстаған кісі
еңбекке жарамаушы ма еді!
Үйіне кіріп, өздерімен сөйлесіп шыққаннан кейін райынан қайтып қалады. Қайта:
«өлмелі шал, ауру келін... әскер семьясы... көмектесу керек» деп қояды. Советтен
шыққан санақшылар да сөйтеді. Төлеудің отырғанда да қолынан тастамайтын тал
таяғы, қысы-жазы жалаңаш етіне киетін түйе жүн, етек-жеңі жырым-жырым шекпені,
қай уақытта келсең де тырқ-тырқ қайнап, дайын тұратын жұдырықтай қара шәйнегі,
шәй құйып беретін үш-төрт сынық шәшкесі өзгермейді. Оған қоса иегінде ирек-ирек
үш тал сақалы, мұрнының асты тап-тақыр, екі езуіне өскен, сақалы түстес, қалыңдығы
да сол шамалас мұрты болады. Бұдан басқа байлығын көрген кісі жоқ.
Темірәлі алагеуімде қордаланып, қарауытып тұрған биік шеген қоралар мен аласа,
жапырақ қыстаудың арасына кеп тоқтады. Жым-жырт. Мұржада байғыз отыр. Мысық
көздерін аударып-төңкеріп, басын олай бір, бұлай бір қисайтып қарайды, үрікпейді,
ұшпайды. Анда-санда бір шақырады. Бергі, үй жақтағы қораның аузынан бірін-бірі
қуып екі қарала мысық шықты. Есік алдында футболдың ала добындай ұмар-жұмар
боп, баж-бұж таласты да, қайта кіріп кетті. Қыстаудың батыс жағынан бораған құм
басып қалу қаупы бар екен. Арқа еті шымырлай тітіренді.
– Әйт-тт, жолыққандай кім бар-ау.
Байғыз ұшып кетті. Күл түстес аспаннан денесі көрінбесе де қанатының сусылы
естіліп барады. Қыр кісісінің өстіп даладан дауыстап шақыратын әдеті. Қырр-сырр
етіп ескі тақтай есік ашылды. Ар жағынан үңірейіп біреу шықты.
– Бұ қайсың, шырағым? Танымай отырмын. Үһі, Алла-ай...
– Төлеке, мен Темірәлі ғой. Дайын шай бар ма үйде?
– Е-ее, Теміржан, түс қарағым, шай қайнап тұр.– Қарт сарнап қоя берді.– Үһі,
Құдай-ай, сүйек-сүйегімді қуалап жеп бара атқан бірдеңе бар. Қирап, үгіліп кеткелі
жүрмін, Теміржан-ау, ендігі келгенде Төлеу атаңның жаназасына келесің бе деп
қорқам-ау мен... келін болса мынау. Сырқаулы болды. Жалғыз бала... Сүйегі қайда
қалды екен қарғамның, Алла-ай, сүйек-сүйегім-ай, үгіліп барады.
Төлеудің зарын тыңдай отырып, Тем-ақаң үш-төрт шыны шай ішті. Өзі жұмыс
бабымен талай күннен бері тыныға алмаған-ды. Төлеу қарттың үйінде аздап мызғып
ап, түнімен жүрмек болған, ыстық шай ішкесін бойы сергіп қалған сықылдан-ды. Әрі,
неге екені белгісіз, осы үйден тезірек кеткісі келді.
– Теміржан, отыр, атаңның қолынан дәм татып кет. Бәлкім ол менің саған татырған
ақырғы дәмім...
– Жоқ, отағасы, жүрем, сау болыңыз.– Темірәлі атына мініп, жолға түсті. Жаңағы
сөзді Төлеудің аузынан бұрын да естіген. Енді қайтып Төлеу жәйлі ойламауға
тырысты. Түн салқын. Қамыс шоқыға дейін аяң-бүлкілмен келді. Осыдан Аққожаға
жеткенше жол жеңіл, қатқыл-ды, әрі жалғыз кісіге ой үйір келеді ғой, қайдағы бір ұсақ
ой, күдік көлеңкелері қараңдап мазасын кетірді: тақымын қысып қап, текіректей
жөнелді. Қараңғыда, айдалада жеке-жалқы шапқан қандай рақат! Жолдың екі
жиегіндегі жыңғылды шоқалдар қараң-қараң етіп қалып жатыр. Ұзамай сорға түсті.
Сордан шыға бергенде Дыңғызылдан келетін үлкен қасқа жол кеп қосылды