керісінше ойлайды. Сөйтіп, Мәруәлар пішендікке көшкелі бері бағым да күйлі,
бақташы да тыныш, кермеғарсыз керім келісім орнаған. Бір күні Талжібек таңдана
сұрау қойды:
– Жеңеше, сіз қойды ылғи ыққа өргізетініңіз не? Зорлап айдайсыз. Жүрем деген
жағына қоя бермейсіз бе? Бәрібір емес пе?
– Қайдан бәрбір болсын, көз жақсым,– келін осымен құтылғысы келеді, бірақ анау
қадалып қыр соңынан қалмайды:
– Неге өйтесіз, айтсаңызшы енді?
– Мал болғасын ішінде арық-тұрақ, ақсақ-тоқсағы болмай тұрмайды. Шөп қанша
қалың дегенмен тұяқтың аты-тұяқ, шаңдатпай жүрмейді. Шаңның астындағы шөпті
жегізу өзі нашар малға зиян, обал ғой? Ыққа айдағанда алдыңғылардың тұяғынан
көтерілген тозаң алға, ілгері ұшады, арттағы арықтар пысқырып, түшкіріп
жатпайды...
– Қойыңызшы, сол ғана ма?– Жас қызға мұның бәрі миға қонбайтын жай лағу сөз,
бос есеп көрінеді.
– Ойбо-ой, қарағым, ол аз ба. Және өрістен қайтқанда оңай болады: қой желге
қарсы жеңіл жүреді. Шашаусыз...
– Арық-тұрақтар қайтеді? Олар бәрібір шаңның астында қалмай ма?
– Өрісте жақсы жайсаң, құдыққа жүргенде жерге еңкейіп жарымайды. Күн де ысып
кетеді, ыссыда қанша қомағай болса да... қай мал да шөп үзіп жарымайды ғой!
– Ық жақтың оты таусылып қалмай ма? Онда қайтесіз?– Келін опырық кісіше
аузын басып сылқылдап тұрып күледі:
– Әй, балалық-ай! Ық жақтың шөбі таусылғасын қайтесің дейді. Қайтем? Бәрібір,
онда да ыққа қарай жаям. Талжібек сонда да түсінбейді:
– Сонда қалай? – қыз шынымен таңырқайды.
– Баламысың деген-ау, жел бір бағытта көп болса, екі-үш күн тұрар, одан кейін
басқа бағытқа шықпай ма?
Жас жанның аңқаулығын көргенде өзінің естиярлығына сүйсінетін сияқты.
Қоңырқай, бүйрек бетіне болар-болмас қызыл шабады. Кішкене қара көздері
дымқылданып, жанары жайнай қалады. Оң жақ бетіндегі, айналасына әжім сәулесі
үйріле бастаған, шұқыры бір көрініп, бір жоғалады. Қайратты, бірақ ерік-жігерсіз
адамдарға тән топал, доғал иегі дір-дір етеді. Қалың еріндері қошқыл тартады... Бүкіл
ауылдың кәрі-жасының бәрі оны келін атайды. Атын ешкім айтпайды. Білмейтін де
секілді. Білетіндердің өздері оны әлдекімдермен шатыстырып ап, ұмыт еткендей.
Атасы Әжімгерейден бастап өзінен туған үш баланың ең кішісі – Жамалға шейін келін
деп шақырады, келін деп ұрсады, келін деп кемсітеді.
Келін-келін болмас бұрын біреудің Мұғзима атты жалғыз қызы-тын. Әкесі, Бессары
беріш, атақты Бөкей бидің Айбын деген баласы, кедей инабатты кісі-тін. Әжімгерей
бұған құда түскен кезде бүкіл құм өңіріндегі халді, малды адамдардың бірі болатын.
Ағайын-туғандары кедей көранада отырған Айбынның қызын айттыруды, әрине, қол
көрген жоқ. Басқа қыз құрып қалғандай, іздеп, таңдап барып, өкшесі жарық-жарық
қара домалақ, кеспірсіз кедейді қалыңдық ету – үлкендерден гөрі де жастар жағына
ұнамады. Ол құдалық та ел аузында талай саққа жүгіріп, талай құбылды, ақыры,
ұмыт боп та үлгерді. Одан бері де табаны күректей он бес жыл өтті. Келін-келін
атанғанда он алты жаста болатын. Әжімгерейдің ұлы Садықжанмен түйдей құрдас-
ты... Келін екі аяғын үзеңгіден шығарып алды. Атының ауыздығы алулы-тын, гүрс-
гүрс сүйрік тартады... Екеуі де шикі, жас-ты. Қазіргідей көз алдында: қияқтан түйіп
салған, жер иісі аңқыған көранада шешесі, бір-екі ауыл әйелдерімен бірге мұның өзі
қалды. Бұл «ешқайда бармаймын, кетпеймінші, кетпеймін» деп ағыл-тегіл жылады.
Шешесі Кәмилә марқұм балпылдап жылайды, күңкілдеп сөйлейді: «киін, қарағым,
киін, бағың ашылсын» дейді. Бұл әйелдердің кигізгенін қайта шешіп әуре. Бір жеңін
кигізіп жатса, екіншісін шешіп жатты. Дәл қазіргідей құлағында: әйелдердің бірі (со
бір қара сұр келіншектің аты кім еді?) Жұлқынып отырған қалыңдықтың көзіне үңіліп
«бол, жүзіқара, киін тез, анадай бай табылып тұрғанда тиіп ал, қаншық» деп тістене
сыбырлады. Сонда-ақ жүрегі мұздап қоя берген. Сонда-ақ бұрынғы «айналайын»
«қарағымның» орнына «жүзіқара», «қаншық» деген екі жексұрын сөз келген секілді
сезінген. Қомды түйеге қалай отырғаны есінде жоқ. Шешесінің алдына мініпті. Кәмилә
марқұм: «сабыр ет, қарағым, Құдай бұйрығы, қайтейін енді» деп мұны жұбатады да,
өзі дыбыссыз, булығып кеп егіледі, өксиді. Кеудесінің солқ-солқ етіп келе жатқанын
бұл жауырынымен сезеді. Кәмилә жол бойы жылаумен болды. Әрі-беріден соң шешесі
жылап, қызы жұбата бастады:
– Жеңеше, деймін, айналайын ақ жеңеше, жыламашы, олар мені үйлеріне
апарғанмен, күні ертең қашып келем!
– Қой, қарағым,– деп шошиды ана байғұс,– ондайды аузыңа ала көрме, Алла
сақтасын! Бақытты бол, адал сүтімді еміп едің, адал бол! Босағаңды бақ! Әлі-ақ
үйреніп кетесің...
Бұл түнде ұзатылды. Тойы той болып жарымады. Әкесі екі-үш қойының бірін
сойып қонақасы ғана берді. Бөкей әулетіне қарағанның бәрі сыр кедей-ді. Айбын
соның ішіндегі де бір нашары. Бар дәулеті жалғыз сиыр, екі-үш қой. Мал санының
одан арық та, кем де болған кезін Мұғзима ес білгелі көрген емес. Бірақ сол жылы,
қайдан пайда болғаны белгісіз, бұзаулы сиыр екеу болды, есік алдына қазық қағылып,
қоян түстес кішкене бөрте құлын б