асты сытырлай майысып, зәресін алады. Енді аттаса масқара, мазақ, қорлықтың
құрдымына құлайтын тәрізді. Бұған мынау былай, анауын, алай деп жатқан ешкім
жоқ. Бірақ бүгін болмаса ертең, бәрібір, қандай да болмасын бір сұмдық сөз
айтылатындай. Сөз жоқ айтылады! Мұндай адамдар өзге біреуді қорламауы,
таптамауы мүмкін емес! Дәл сол қор туған, мазаққа жаралған адам мұның өзі! Басқа
лайықты жан көрінбейді. Жас келін өзін-өзі төмен түсініп, өзінен-өзі, өстіп, қуыстанып
жүріп, өзі хақында өзі ойлаған деңгейге қалай түсіп кеткенін аңғармай қалды.
Кешікпей дәл сол өзі ойлағандай болды да шықты: бұзау еміп қойса – келін, қойды
қасқыр тартса – келін, құдық құласа – келін, табаға салған нан күйіп кетсе – келін...
бәрі келін. Кінәнің бәрін бір соның басынан іздейтін боп алды. Себебі... себебі ол
жаман адам. Оның үстіне жасы жиырмадан асқанша бала көтермей қойды. Ауыл-
үйдің пыш-пышы бірте-бірте молайып, өсек атты үлкен өртке айналып бара жатты.
Кемпір қит етсе:
– Уһ, Құдай-ай, бір жас иіс иіскемей алғаны ма Құдайдың, – деп, екі күннің бірінде
зарлайтын ауру тапты. Қарт бұрын:
– Оттама, Құдай берсе уақыт көп, – деп сақалын сипап жастық ағашына жантайып
алатын. Кейін келе ол да үндемейтін болды. Күте-күте қажыса керек. Бұл түскенде екі
бірдей қайын сіңлі бар-ды. Біреуі екі жылдан кейін ұзатылды... Олар да мұның
құлағын құрыш етті.
– Садықжан, деймін мына қатыныңа айтшы, өйтсін...
– Садықжан, деймін қатыныңа айтшы, бүйтсін...
Садықжан тыңдамайды, домбырасын шертіп жатып алады. Не атын ерттеп мініп,
аңға кетеді. Ешқайсысын жақтамайды, қақпайды да. Бұл оңашада өздерінің
бөлмесіне кіріп алып, тұншығып жылайды. Бар бітіретіні сол... Бір күні кемпір
ұзатқан қызының үйіне қыдырып кетті. Әлі есінде: со күні кешке әкесі Айбын келді.
Соңғы бір жылда келіп тұрғаны. Қызы жылап көрісті.
– Қарағым-ай, жалғызым-ай, – қарттың сақал-шашының ағы қоюланып, қашанғы
қоңыр елтірі бөркі милықтап түсіп кетіпті,– етегіңе оралатын ішкімің жоқ па әлі?–
Сонда мұның жүрегі шым ете қалды. Демек, келген жері ғана тілемейді екен ғой
баланы?.. Екі құда, қашанғысынша жарқырай, жамырай қауышады. Бұл қыздарды
ертіп ет шоланға барады. Қыздардың бірі ақыл қосады.
– Ірі қараның жамбасын тұтас салуға болмайды, ұят болады дейді мамам.
– Айда-жылда бір келген Әйкекеме жамбасты бүтін салмай... Ертеңіне бір қаға
берісте Айбын қызын шақырып ап, басын шайқайды:
– Мұғзимажан-ай, шешең не үйреткен саған, Әжекеңнен ұялғаннан жерге кіре
жаздадым ғой, арбитып сиырдың жамбасын бүтін салған нең?! Көмдің-ау, қарағым!
Құм қазағының ұстаған-мұстаған деп бас қатыратын әдеті бар; бір кісі болса –
көріп алар еді, бүкіл ел өзінің қадір-қасиетін асық жілік, жамбаспен өлшесе, қайда
қашып құтыларсың! Тіпті, асқан етін жемей, дастарқаннан аттап кеткендер де болды:
– Біз де бір атаның ұлымыз, мойын омыртқа салғаны – қай қорлығы! –...Келін өзін
ылғи да жалғыз бақытсыз сезінеді. Табиғатынан жылы жүрек біреуге шағынғысы,
біреуді еркелеткісі келді де жүрді. Ондай жақын адамды қайдан табады? Күйеуінен
ұялады, бата алмайды. Қайын сіңлілеріне бірдеңе айтса – күлкі қылады, мазақтайды.
Ақыры, ғажап бір дос тауып алды. Ондай досты бүкіл жарық дүниеден кездестіру
мүмкін емес. Сертке берік, сөзге адал, сыр шашпайды. Бетіңе жел боп тимейді,
кемшілігіңе күлмейді, жетістігіңді күндемейді, ғаламдағы кіршіксіз, сәби жан иесі. Ол
осы үйдің кәдімгі қарала сиырының қарала бұзауы. Онымен алғаш танысуы, достасуы
да қызық болды. Енесі кәрі, шөбі, күтімі де шамалы болған соң қарала бұзау
алғашында сүтке жарымай жүрді. Әрине, желіндегінің бәрін емсе тояр еді, оған қызыл
кемпір көнбейді. Қызыл кемпірдің бір қасиеті: малдың желініне сүт қалдырмайды.
Қазан-аяқ айран, ірімшік боп ыбырсып жатсын бәрібір, тандырлап тұрып сауады.
Қарала бұзау, басқалардан бөлек, ерекше ашқарақ болды. Аштығы да бірден көзге
ұрады: іші тазының ішіндей қабысып, қашан болсын мөңіреп, тіміскілеп кеп жүргені.
Мұғзима қарала бұзауды көргенде жаны шығып кете жаздайды. Бірде дастарқанда
қалған нан мен қанттың қиқымын алып шығып, аузына тосты. Бұзау әуелі: мынауың
немене өзі дегендей, иіскеп, талпақ жалап-жұқтап жеп қойды. Сол сол-ақ екен, ешбір
кітапта жазылмаған, ешкімнің көзі көрмеген қиыспас, айнымас бір достық басталды да
кетті. Үй кісілері келіннің бұзаумен достығын қызықтап, күліседі.
Қыздар мазаққа айналдырды:
– Қарала бұзау мөңіреп жүр... жылап қалды-ау балаң...
– Мамасы, барсайшы, еметін уағы болған шығар.
– Сорпаны көбірек іш, бұзауға сүт болсын!
Үлкендер жағы кейін реніш айта бастады. Қуантай қарт бір күні:
– Қайтесің, шырағым, со бұзауы құрғырды. Ата-енеңнің көңіліне келер. Бала
таппайтын әйелдерге хайуан үйір деген сөз бар... Ырымға жаман ғой,– деп салды.
Келін содан кейін қарала бұзауды талай рет тұмсықтан ұрды, таяқпен қорқытты. Бірақ
анау қайтпады: айналып-айналып мөңіреп, қайтып кеп қолын жалайды. Әлде не
қасіретін шағып, жылайтын секілді. Көз жасын төгіп жіберетіндей, ұзын кір