түсінбейтін тілмен бұралақтата аударылған шет ел кинолары, әсіресе
басбұзарлар тұрмысынан алынған тарсыл-гүрсілі көп, қым-қиғаш оқиғалы
экранды іздеп көрді, елігіп алды. Сүйікті кейіпкері – Лимонадный Джо, өзі
«водочный Джо» болуға бел буды. Қалтасына алғаш пышақ салуы да
содан – құрбы-құрдастарын жасқау, үркіту пиғылынан туған-ды.
Біріншіде ойнап сілтеп, бір жолдасының киімін тесті, сонсоң тағы бірінің
терісін жырды, қан шығарды, оны да қанағат тұтпады. Дос, дәмдес атаулы
өзін – Қасымбекті жеткілікті сыйламай-тын сияқты сезінді. Сонан өз
озбырлығын ылғи да аз, әлсіз тапты, әлі де «жетпей» жатты. Әрі
табиғатынан дене қуатының пәстігі, сөйтіп, биік, қарулы тұстастарына
қаралай өштігі себін тигізді. Ақыры жұрт білетін тұқымында тышқан
өлтірген «ері» жоқ Қасымбек кәдуілгі қанқұйлы, қара жүректің өзі болып
шыға келді. Енді не қалды? Алда не тосып тұр? Кабинетке жақындаған
сайын адымы қысқара берді. Тұңғыш рет тізесінің дірілдегенін байқады.
Неткен ауыр минут мынау! Шамасы кібіртіктеп қалса керек, айдаушы
арқасынан алақан сыртымен демеп жіберді. Онысы анау-мынау итергенге,
тіпті ұрғанға бергісіз тиді. «Қақпаңдар, әй, Қасымжанды!». Әу баста бұ
сөздер неге айтылды, неге айтты? Алда мына секілді шытырман, қатал
өмір тұрғанда ақылы бар кісі бұлай сөйле-месе керек еді! Не ойлады, не
білді? Әмме ауылды ауызына табынтқан қария байқап сөйлесе етті?!
«Қақпаңдар, әй!» Кімнің қолын қағып, кімге бұйырып үлгерем деді екен?!
Осы сәтте ғұмыр бойы, тумаса да ел, пана санап келген жардай атасының
тұлғасы әлгіндей сұрақтар тасқынының тегеуіріне шыдамай, көне
қорғанша опырыла құлап түскен тәрізденді. Құлағынан үні кетпеген
желеп-жебеуші, кенет алыс, жат тартты. Соңғы он жылда мұның
тағдырына сөзбен де қатыс-паған баяғы мол туыс, жұрағат бірге өшті,
өгей де болса ата-анасының енді біржола жоқ, шынымен өлгендігін де
мойын-даған жолы осы. Бітті, бәрі бітті... Келесі секөнтте ең үлкен қастық
ойлаған адам сол, атасы құсады. Көз алды әлем-тапырақ боп, өзі өткерген
қысқа ғұмырдың алуан түрлі үзіктеріне жүзіп кетті. Бір заматта бәрін
қайта көрді, қайыра кешті. Сынып тақтасының қарсысы, оқушылар,
комсомол, кәсіподақ жиналыстары, ескерту, сөгіс, айып, ақша, қарғыс,
жылау-сықтау, бас шайқау, ақсаңдаған ауыз, жұлынып сөйлеген жұрт,
ақтау, қаралау... ең аяғы: тіс арасынан сыздықтаған ызбарлы сөз «О,
жауыз-ызз!»
Енді бір қас қағымда осынау сезім мұнарының аржағындағы бұлдыр
бейнелер арасынан екі бірдей шаралы көз шалынды, мұңды, жасты көз.
Бейшара шешесінің жанары. Қос бірдей көл іспетті, тұңғиықтана
жарқырайды. Адымын тағы бір аттағанда бұл өзінің сол көлге бірден
сүңгіп, жоқ болғанын түйсінді. Сол-ақ екен, құлаш өре жөнелетін кісіше
жанталаса, оң иығын оқыс бұрып кеп қалған, желкесіне ауыр бірдеңе түсті.
Келесі сәтте ол еденді сүзе, етбетінен жығылды. Еңгезердей ефрейтор
ентігін әрең басып:
– Жолдас капитан, преступник пытался. Сосын ептеп былай, нұқып
кіргіздім,– деп бастығына қарады.
Үшінші тарау
Күдік
І
Жүрегінің талмасы кенет ұстады. Себеп? Ойлап-ойлап байыбына бара
алмады. Осыдан отыз минут бұрын бәз қалпы секілді еді. Қолтығына
қашанғысынша, бума қағаз қысып келді. Кіре байырғы сұрағын қойды:
«түсте тамақ іштің бе?» Әкелген папкелерін төргі бөлмеге алып өтетін де
дағдылы мінезі. Ештеңесін ешқашан ауызғы үйге тастамайды. Қай уақытта
болсын, буынып-түйініп, қымтанады да жүреді. Көбіне кеңсе мүліктері – іс
қағаздары, түрлі тағдырлы құжаттар. Әлдекімнің не қылмыс еткені, қай
тармақпен қанша жыл алғаны кімге қажет? Мейлі, әр адамның өз мұңы –
өзіне, қолымен істеді екен, мойынымен көтерсін! Соны мұның көзінен
сонша тасалайтыны-ақ түсініксіз. Әлде балалардан қауіптене ме? Жо-оқ,
қисынсыз, олар өздерінің оқулықтарын да сирек ашады. Енді кім? Енді
кімнен қорқады? Әй, әйел деген жұрт жоқтан өзгені құпия етпесе жүре
алмайды-ау. Өмірлік жарына, ондаған жыл бірге тұрған серігіне сенбейді.
Әлі күнге бөлектенеді. Басқаға ше? Бәлкім, барын жасырмайтын бөтен
біреуі... кім біледі, кімнің ішін кім ақтарып жатыр. Іші тұрмақ, столының
тартпасына қол салғызбайды. Ана жолы ауызы ашық конвертіне ұмтылам
деп ренжітіп алды. Жаңа ұмсына жаздап, тежеле қойды: көзіне көзі түсіп
кетті. Жанары толы үрей мен жалыныш екен. «Жаным, тимеші, ала
көрмеші!» деген сияқтанды. Жұмбақ. Сонша неге үрейленеді? Қазір кірпігі
ғана қимылдайды. Жүрегінің талмасы. Үйреншікті жағдай. Бірақ осы
жолғысы тіпті бір түрлі. Бұрын есіктен кіргенде-ақ сезе қоятын. Бүгін
байқамады. Бұл – бір сұрақ. Екінші, не де болса үйге келген соң болды.
Бар пәле содан, тек содан келуге тиіс. Осылай барлап кеп, бір күнгі тірлікті
есіне алды. Ертемен тамақ дайындады. Қабағы ашық, жарқын жүрді.
Шәйді шикі қаймақ қатып құйды. Әйелінің жан-күйін жасаған асына, ыдыс-
аяғының ажарына қарап та айыруға үйренген әккі жұбай есіктен сергек,
көңілді аттады. Машинасын сүртіп, түртіп он минуттай аялдады. Сонсоң
жарын жанына отырғызып ап, кеңсесіне жеткізді. Ол сыртқы баспалдақтан
көтеріле беріп