Ханшәйінің мынадай әңгімесі бар-ды. Ол қырық жетінші жылы Наран
атты жалпақ құмды дүрліктірген оқиға. Елде, қайдан шыққаны беймәлім
біреу пайда боп, аңқау жұрт қатты үрейленеді. Банды! Соғыс тұсында
қашып-пысып, сөздің төркініне қарағанда, қайырымды харекетке қайтып
көше алмай кеткен жан құсайды. Банды бір түні Ханшәйінің үйіне соғады.
Содан қорыққанын айтқанда жұбайы әлі күнге қалтырайтын. Неге екені
белгісіз, дәл қазір еркектің есіне сол әңгіме және, кенет, нақ сол жылы
болған әлгі бір қараңғы түннің оқиғасы қабат оралады. Ішін, жүрек
қолқасын түгел аралап, ып-ыстық бірдеңе өтті. Осы кезде үйге енген екі
қызының бетіне жалбарына әрі үрейлене қарады. Әрқайсысының жүзіне
жеке-жеке тесілді. Көздері, мұрындары қалай? Осыларға ұқсас біреуді
далада көрсе тани ала ма? Бір түрлі...
Жаңағы ішкі сарайын күйдірген сезім, от сонсоң дереу миына шапқанға
ұқсады, содан манадан бергі толқу, күйік пен күдіктің қызуы басылып,
қалыпқа келе бастады. Қолындағы хатты диван үстіне сылқ тастады. Жары
жатқан бөлмеге жас толы жанарымен бір жалт етті де сөлбірейіп, есікке
беттеді. Жүрегіне талайдан қадалған шөңге жаңа бір үмітке айналды,
кескін, тұлғасында үлкен бір ұяттың, өшпес қылмыстың салмағы бардай
езіліп, ауыр аттады. Екі бірдей жанды талайдан бері босқа азаптап
келгеніне өкінді ме, әлде сол өкініші мынадай жайға ұласқан соң есі шығып
кетті ме, кім біледі, әйтеуір, сағат жарым уақыт өткенде көзін ашып, тілге
келген шешесіне екі қыз жарыса хабарлап жатты:
– Машина тұр, папа жоқ!