Оны жүре ойламақ боп бірден коридордың арғы басына беттеген, есік
тұтқасынан ұстай беріп, қолын тарта қойды. Аналарды ұзатып сап, есікті
жабу керек қой? Мектептегі екі қызы есіне тағы оралды. Мұнша неге
кешікті? Тағы да кезекшілік пе? Үй адамынан тағы біреудің болғанын нақ
осы сәттегідей қажетсінген емес-ті. Ылғи тыныштықты, әйелі мен екеуінің
оңашалығын қалайтын. Қыздарының кішкене күнде-ріндегі тентектіктері
жадында жоқ, бертін келе сөйлеп, күлгендерін, сыныптарымен телефон
арқылы әзілдескендерін ауырлап бітті. Осы қазір у-ду боп бір тобы кіріп
келсе ғой! Жаны жай тауып, тынысы жеңілдеп сала берер еді-ау. Еркек
өстіп ойлады. Өйткені, тап мына минуттағы өзінен, өзінің көкірек түкпірі,
сондағы қараулықтан қашып тығылатын жер іздеді. Солай жанталасқан
сайын адасады, шырмалады, таппайды. Тағы да ой, тағы да күдік.
Күдіктеніп болмады ма, жетпей ме енді? Жо-оқ, әлі терілмеген, тұрмыс
естелігі қоқысының арасында шашылған тары дәніндей бірдеңе қалған
тәрізді. Қанша намыстанғанмен соны мынау үйдің азаматы атты айдарсыз
кәрі қораз көң, қиды аударыстыра, тағы да шымқып жөнеледі. Сонымен...
Мұның екеуі де қағазды көп жазатын. Бұл ойын бірден машинкаға
түсіреді, онысы газетке жарияланады. Ал әйелінің не шимайлайтынын әлі
күнге білмейді. Ол не істейді? Мәжіліс хатын құрастыра ма? Өз басы кеңсе
қағазын үйге әкетіп қызмет етушілерді жек көреді. Кілең кекеп, шенеп
отырады. Ондай адам бірен-саран – не көкми, қабілетсіз, не қып-қызыл
белсенді. Аралық баға тиіспейді. Әйел осы екеудің қайсысы? Біріншіге
жатқыза алмайды. Екіншісі, нағыз ессіз белсенді болуы керек. Таразысына
тарта келгенде екеуі де емес тәрізді. О, мына секундте оның біріншіге сай
келгенін қандай тілер еді! Әттең, әділет көтермейді. Анау есті, жұмысына
алғыр адам. Және ол жыныс өкілдерінің көбіне-ақ тән қасиет шығар,
айналаға жұғымды, кез келгенмен тіл таба қояды.
Түпкі бөлменің есігі әлі ашық-ты. Құлағына: «тишина и покой» деген
рецепт-сөздер анық шалынды. Тағы бірдеңелер айтылып жатты.
Ешқайсысына мән беріп жарымады, естіді де ұмыта салды. Өз ойымен өзі,
дүкен ашылуынан ерте кеп, амалсыз есік тосқан алушыдай әлсін-әлсін
сағатына қарайды, онымен ештеңеге көзі тоқтамайды, коридордағы киім
ілгіш, аяқ сүрткіш сынды нәрсе-мүліктердің бәрі бір өзінің жота-сында
тұрғандай маңына шытына, ауырлай көз тастады. Сонсоң тағы да есіне,
жадына үңілді. Бұдан... дәл қанша екені ойында қалмапты, әйтеуір бір
жылы әйелінің қол сөмкесін ашқаны бар-ды. Үйленгелі қалтасына ақша
ұстамайтын. Ішпейді, карта, бильярд құсаған құмар ойындарына
құлықсыз, содан да жанында ақша жүрсе берекесі ұшады, заңды иесіне
өткізіп құтылғанша асығатын. Бір күні түскі тамаққа деп тиын сұрады.
Әйел шәй ішіп отырған, қарсыдағы столды иегімен нұсқады: «Өзің ала
сал». Сонда көрген конверті әлі көз алдында. Хаттың ең ғажабы, қайда,
кімге арналғаны белгісіз, тек кері мекен-жайын ғана байқап үлгерді – әйел
шап берді. Сонысынан өзі қызарып кетті, келесі секундте екеуі де
әлденеден ыңғай-сызданып, бір-бірінен жүздерін тайдырып әкетісті. Анау
бұрылып кете беріп қана тіл қатты: «Менің сенен бөтен жақын тұрмақ,
таныс еркегім де болған емес, қорықпай-ақ қой». Табандап отырып шынын
айтқызатын-ақ жері емес пе еді? Бұдан қолайлы жағдайды қайдан табады?
Бұл өйтпеді, қайта өзінің орынсыз бірдеңе ойлап қала жаздағанынан
ұялып, қуыстанып тынды. Қайтып әңгіме қозғайтындай сылтау тумады.
Енді ойласа, өстіп-өстіп талай күмәнді жайларды өткізіп апты. Ғұмыры
солай өткізеді де жүреді. Дер кезінде бас салуға қашанда кедергі
табылады. Не мән бермейді, не ұяты бөгейді. Уақытында назары ауған
қылықтардың өзі не тым ұсақ, не заңды, дәлелді көрінеді. Артынан есіне
түсіргенде ғана көп жағдай күдік, дүдәмал көрінеді. Содан осылай, өзі
өзінен күпті боп күн кешеді. Алыс бір үн шалынады.
«Түгенше қартайғанша қатынына сенбейді екен». Масқара! Тағы да
намыс, тағы да ми-соқта былжырақ мінез. «Қатын қырық асып құтырады».
Бұ да әлдекімнің ауызынан шыққан дыбыс. Қашан шықты? Қазір ме,
баяғыда ма – белгісіз. Мына дүниеде белгілі не болады деп ойлады.
Көкірегінің бұлтты, осындай, күпті сәттерінде жүрегін одан сайын
тырнап, жаралай түсетін ащы тырнақ – со бір жәй ойына тағы оралады.
Өкініш те – дұшпан, ылғи әлсіз тұсыңды табады емес пе, жанын қаяу
шалса-ақ, баяғы, ондаған жыл-дардың қабатында қалған, өз ойынша,
арына түскен кішкене қара дақ қалқып шыға келеді. Серігі, сол ауылдың
атқа мінген біреуі, қайрап-жанып қиянатқа салды. Әлі ұмытпайды, бұл
тартыншақтап-ақ баққан, анау жанын қоймады: «Обал деген немене,
түптеп келсең – сауап. Көз жас па? Ол – су. Ертең басқа біреу бәрібір...
Одан да өзің сияқты азамат... Туһ, өзің еркекпісің, әлде...» Қазір сондағы
еркектігіне қатты қор-ланады. Бар ұятының, кісілігінің жеткен жері: бейбақ
құрбандығының жүзін көруге шыдамады, таң қараңғысында атқа қонды...
Бұл мезгілде «жедел жәрдем» кісілері де түймедей дәрі, түйедей ақыл-
кеңестерін беріп біткен-ді. Екеуі дабырлай бері, есікке бе