болуға тиіс? Жәй, кіргісі келді – кіреді, білгісі
келді – біледі де қояды. Ол үшін өкпелеген кісінің өті жарылсын. Өстіп
ойлап, ішке қарай аттай бергені сол-ды, оттегі көпшікшелерін құшақтап,
дәрігерлер кірді. Оларды бастап ішкі бөлмеге өткенде де ойында көк
дәптер тұрды. Көзі бірден манағы жерге түскен, көре алмады. Аурудың о
жақ, бұ жағын назарымен тінтіп жүріп, ақыры тапты. Жастықтың астында,
тұйық шеті ғана көгереді. Тағы да қолын созбады. Әйеліне бір түрлі
сақтана көз тастады. Ауруынан, ажарынан қорықты. Анау ақ жастықта
жатқан қара бас үшін әлдекімнің алдында өзін жауапты сезінді. Кереуеттің
шетіне таман шұбатыла құлаған жуан, сыңар бұрым буылтық-буылтық,
бақа, кесіртке, батпа секілді мақұлықтарды тізіп жұтқан жыланға ұсады.
Жарының боп-боз ерініне жанарын сәл тоқтатып, дереу теріс айналды,
бұрынғыдай уайым да, аяушылық та еткен жоқ.

ІІ

«Еңбекшіл жас» газетінің төртінші бетінде жаңа рубрика ашылды. Онда
түрлі фамилиялар, есімдер, мекен-жайлар жария етілетін. Біреу қырық
жыл бұрын балалар үйіне өткен іні-қарындасын, біреу көршісінің үйінде
тәрбиеленген баланы, енді біреу жақын-жұрағат, алыс жерге ұзатылып,
кейін қатынас үзген таныс қызына шейін сұраса, екіншісі бір еріккендер
күні кеше алған хаттың конвертін жоғалтып та редакцияны мазалап жатты.
Рубриканың аты –«Іздеу са-ламыз!» Осыған шекесіне «Табылды»,
«Сүйінші!» деген қондырмасы бар жауаптар басылады. Сөйтіп, бұл
рубрика ұзамай көпшілік сеніміне ие болды. Былай қарағанда, жастар-дың
сүйікті газетінің бұл қызметі – байырғы белсенділік сықылды көрінгенімен,
азаматтық, қоғамдық мәні үлкен-ді. Біреу кеш, біреу ерте – әркім өз жоғын
қауырт іздей бастады. Елдің әбден тоғайып, молаюмен бірге ескі, жаңа
жарақат атаулының да жазыла келген кезі-тін. Көпшіліктің «пәлен жердегі
туысыңыз жоқ, өліп кетіпті» секілді жаманаттың өзін көтере алатын белі
бар еді, сондықтан хабардың қандай түріне де дайын халде батыл,
қорықпай ізденген. Сондай жоқшы-лардың бірі, қазір төсек тартып қалған
осы үйдің әйелі. Қорқасоқтап, батпай іздеген де сол. Хатты кеңсесінің
мекен-жайын ғана көрсетіп, жасырын атпен жөнелтті. Онысы газетке
басылды. Бірақ «Сүйінші» болмады. Екі жыл бойы демін жұтып,
тұншығып күтті.
Сенбі сайын көңілі қатты қобалжиды. Сенбі әйелге үміт, дәме күні боп
алған. Өткен көктемде редакцияға тағы хат жазды. Одан да ештеңе
шықпады. Көкірегі әлденеге жұбана-тын, сенетін тәрізді. Неге сенеді, неге
жұбанады? Хаттың өзін жаңсақ есіммен жөнелтсе... Табылған күнде де
тани қояр ма? Бір уақытта өзі безген, қуана құтылған жаны емес пе?
Кешіре сала ма? Мынаған не айтпақ? Жылдар отасқанда жүзін жел боп
шарпымаған адам. Әлдеқашанғы бір шаранаға бола... Соны ұмыта салса
қайтеді? Өзін өзі ақылдың, болмыстың логика-сына бағындырып,
иландырып-ақ баққан, жүрек өз ырқына бұрды, көнбеді. Ұмытуға,
көндігуге күш салған сайын іздей, алаңдай түсті. Одан сайын ерінің
жақсылығына, кешіріміне үміт артты. Ал бәрін бүлдірген өзі, өзінің
әйелшілігі-тін.
Ол шаңырақтағы соңғы өлім – апасы қайтыс болғанша елмен хабар
үзбеді. Астыртын хат алысып тұрды. Қызмет бабын сылтау ғып ана жылы
барып та келді. Сонда бала жайын шет жағалап айтып көрген-ді, анау
ауызын аштырмады. Бұл біреуіне – апасына ғана сыбырлап еді, бәрінің
қабағы түсті. Онда да алып кету сөз етілген емес, тек көрісіп, білісіп
жүруді ғана өтінген, соған рұқсат сұраған, ұғыныспады. Сонау жылы
қашып әрең арылған масқараны қайта талап еткенін аналар басқаға
жорып, қанша күстаналады! Ақыры ұрсып, сөгіп аттандырды. Онан кейін
ауызыма алмаспын деген, шыдай алмай бір хатта суретін сұрап қойды. О
жолғысына да алғыс алғаны белгілі. Сонымен, амал не, баланың есеюін
тосқан. Соңғы жылдарғы жанталаса іздеуі, елден сұрастыруы да еш
нәтиже бермеген-ді. Бақса, іздегенінің аты-жөні басқа екен. Сөйтіп, енді бұ
да бәрін өзінен көреді. Иә, бәрін қиындатқан өзі, өзінің өтірігі. Күйеуіне
қосылғалы ауызына өткені жайлы бір шын сөз түспеді. Жақын-жұрағат
тұрмақ, жалғыз апасы мен жездесін жасырды. Ондағысы сол шындықтың
әйтеуір бір кезде білініп қалуынан қорыққан. Ал дәл қазір бәрібір
сықылданды.

ІІІ

Осынша азап шегетіндей не жазығы бар?! Тышқан мұрынын қанатқан
жан емес. Біреудің ала жібін аттаған жоқ, айналып өтті. Әттең сонау бір
жылы... Ол жастықтың кінәсі еді ғой. Мына басқаға жомарт, кең пейіл
уақыт бұған соны да кешпегені ме?!
О кездің жүрісі-ақ көп-ті. Бойдақ, жас шағы; аңқау жұрттың өкіл, өкіл
деп қомпитқанына мәз боп, қысы-жазы қаңғырды да жүрді. Қайсыбірі есте
қалсын, со сапарының әйтеуір облысы жадында. Айсыз түн болатын.
Бұлар біраз адасты. Иә, қап-қара түн. Жапан даладағы жалғыз үй...
Қалғаны қатерінде сақталмады, тек бір бейбақтың қыңсылап жылаған
аянышты үні мен жылпос серігінің мырс-мырс күлгені ғана құлағынан
қалмайды.
Бір түрлі жиіркеніп кетті. Дәрігерді бастап әкеп кіргізген соң ауызғы
үйге қайтып шықты. Ауру да болса әйелінің әлдекім білек-тамырын басып
тұрғанын қаламады. Әрі сол бөлмеден көңіліне түскен зор бір қаяу, кір
сезінді. Тезірек безгі